Табандылықтың арқасында осы күнге жеттім
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Туған жерге тағзым» жобасы аясында бекарыстанбилік Болат Сансызбаев ауылына 100 орындық балабақша салуды бастап кеткен болатын. Ғимарат мереке қарсаңында балаларға тарту етілмек. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, жерлестерінің мақтанышына айналған кәсіпкер Болат Емжайұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Біз білетін Болат Емжайұлының өмір жолы қалай өрбіді?
– Мен Бекарыстан би ауылында дүниеге келдім. Сонда өстім, оқыдым. Әкем Емжай мұғалім болды, өмірден ерте озды. Анам Ұмытшақ акушер-гинеколог болып қызмет етіп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Қазір арамызда жоқ. Әке-шешеден алты ағайындымыз. Екі қыз, төрт ұл өстік. Бір ағам марқұм болып кетті. 1982 жылы Ү.Түктібаев атындағы мектепті бітірген соң Қазалы қалалық кәсіптік-техникалық училищеге оқуға тапсырдым. Тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығын алып шықтым. 1985 жылдың күзінде Совет Армиясы қатарына қабылдандым. Екі жыл Ресейдің Хакасия деген жерінде теміржол әскерінде қызмет еттім. Әскерден келген соң Қазалы локоматив депосында бір жылдай уақыт жұмыс істедім. Бір күні депо басшылығы маған Алматы теміржол институтына жолдама берді. Институтты тәмамдаған жылы отбасын құрдым. 1994 жылы Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Жолдасым Лида Серікбайқызы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде математика пәнінен сабақ береді. Қызым Құралай тұрмыста, ұлым Ислам Қазақстан-Британ техникалық университетінде 4 курс студенті.
– Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? Өкініп, әттеген-ай деген сәттеріңіз болды ма?
– Ақтөбеге келген сәттен кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Орталық базарда сауда істедім. Сатып алып, сатумен айналыстым. Ол уақыт теңгенің енді шыққан кезі. Менің мамандығымда айлық жалақы 2-3 мың теңге болатын. Мен саудада жүріп, екі-үш күнде осы соманы табатынмын. Заман талабына сай әрекет етуге тура келді. Мамандығыма қайта оралуды да ойға алған кездерім болды. Бірер жыл сауда жасаған соң кәсіпке деген бейімділігімді байқап, одан әрі бақ сынадым.
Кез келген салада қиындық кездеседі. Шығынға ұшыраған кездер де бастан өтті. Бірде бар, бірде жоқ дегендей. Дегенмен, кәсіпкерлікке келгеніме еш өкінбеппін. Қайта тұрып, талпынатынмын. Отбасымның қолдауын сезініп, күш алатынмын. Кездескен кедергілерге сынбай, сабырмен жеңе білдік деп ойлаймын. Қай салада да қызығы мен шыжығы болады. Тек төзім мен алға мақсат қоя білу керек. Табандылықтың арқасында осы күнге жеткеніме шүкір деймін.
– Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында игілікті іс бастадыңыз, оған не түрткі болды?
– 2018 жылы туған жерге бардым. Сол кездегі ауыл әкімі: «Ауылда балабақша жоқ. Балабақша салып берсеңіз қалай болады?» деген ойын айтты. Ойлана келе, неге болмасқа деп келісімімді бердім. Негізі 2020 жылы салынуы тиіс болатын. Елдегі жағдайды білесіздер. Онымен қоса өзімнің де денсаулығым сыр беріп, науқастанып қалдым. Солай кейінге ысырылды. Биыл сәтін салды. Осы жылдың 1 мамырында қазығын қағып, ірге тасын қаладық. Қазір құрылыс аяқталуға жақын. Мердігер мекеме «Ахат+ГС» ЖШС жұмыстың 80 процентін тәмамдаған. Ішкі әрлеу жұмыстары атқарылып, ауласы абаттандырылып жатыр. Балалар жататын орындар мен ыдыс-аяқтар толық алынған. Бұйырса, мереке қарсаңында ашпақ ниеттеміз.
– Ауыл десе, алдымен көз алдыңызға не елестейді?
– Біз бала кезде көшенің шаңын шығарып ойнаушы едік. Ойынның қызығына түсіп, қас қарайған сәтте әзер тарқаймыз. Адам өмірінің керемет кезеңдерінің бірі ғой. Өкініштісі, ауылға қазір жиі барамын деп айта алмаймын. Оған күйбең тірлікпен жүріп, мұрша келмей жатады. Қуаныш, қайғыға барынша баруға тырысамын. Ауылды, құрдастарымды сағынған сәттерде, әсіресе, жаз айында жолға шығамын. Балалық шағың, қатар-құрбыңмен өскен жерің ыстық ғой, шіркін. Олармен шүйіркелесіп, әңгіме айтқанға, әзілдескенге не жетсін?!
– Сіздің есіміңізді атағанда ауылдастарыңыз атымтайлығыңызды қоса айтады...
– Біреуге үй алып бердім деп айта алмаймын. Бұл өтірік болады. Қолымнан келгенше көмекке зәру, қолдауға мұқтаж жандарға қол ұшын созуға ұмтыламын. Салынып жатқан мешіттерге, жоқ-жітікке қарайласқанды дұрыс көремін. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын киім, оқу құралдармен қамтамасыз етуге жиі атсалысамын. «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» дейді ғой. «Мен беріп едім» деп атын атап, түсін түстеп жариялауды жөн санамаймын.
– Сізді шыңдаған сындарлы сәттер барынын хабардармыз. Өз аузыңыздан естісек...
– Иә, бұл мен үшін және отбасым үшін үлкен сынақ болды. Өткен жылы шілденің ортасында өкпенің рагына шалдығып, төсекке таңылдым. Биыл наурыз айында Мәскеуде ем алдым. Әуелі Алла, дәрігерлердің біліктілігінің арқасында сауықтым. Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Атақ, мансап, байлық барлығы бір сәттік дүние. Қолдан келсе, көмекке келу керек. Дүниені жинай беріп, оның шегіне жетпейсің. Аллаға шүкір, пендеге рахмет айта білу керек.
– Мереке қарсаңында газет оқырмандарына, жерлестеріңізге айтар тілегіңіз болса...
– Алдымен қандай жетістікке жетсек, барлығы егемендіктің, азаттықтың арқасы деп білемін. Өзім кәсіп бастаған жылдармен салыстырғанда әлдеқайда ілгерілеушілік бар. Бейбіт елімізде тек жақсылық болсын. Ашық аспан астында ауызбіршілікпен, сыйластықпен өмір сүрейік. Оқырмандарыңызды тек жағымды жаңалықтармен қуанта беріңіздер.
– Болат аға, сұхбат бергеніңізге рахмет. Ел өркендеуі жолында атқарып жатқан істеріңіз берекелі болсын.
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА