Елімізде электр тарифтерінің бағасы 7 жыл бойы өзгермеуі мүмкін: Энергетика министрлігі түсініктеме берді
Фото: unsplashҚазақстанда электр энергиясының шекті тарифтері алдағы 7 жыл бойы өзгермеуі мүмкін. Осыған байланысты Энергетика министрлігі 2025 жылдың 3 желтоқсанында 2026–2032 жылдарға арналған тарифтерді бекіту тәртібіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2 желтоқсанда министрдің "Электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту туралы" бұйрығының жобасы әзірленіп, онда:
"2026–2032 жылдарға арналған шекті тарифтер 2025 жылғы деңгейде бекітіледі", – деп көрсетілген еді.
Министрлік мұны түсіндіре отырып, "Электроэнергетика туралы" заңға сәйкес тарифтерді жеті жылдық кезеңге бекіту – міндетті рәсім екенін және ол 2025 жылдың соңына дейін орындалуы керектігін атап өтті.
"Бұйрық жобасындағы көрсеткіштер макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаға сәйкес жасалды. Бағаларды өсіруге мораторий енгізілгендіктен, министрліктің келесі жылдарға жоспарлы тариф өсімін нормативтік актіге енгізуге құқығы жоқ. Сондықтан құжат қазіргі бағаларды бекітеді", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен бірге министрлік заңнамада шекті тарифтерді түзету механизмі қарастырылғанын еске салды. Бұл процесс энергия өндіруші ұйымдардың бастамасымен, тек объективті нарықтық факторлар өзгерген жағдайда ғана жүзеге асады.
"Осы себепті жобаны кейбір БАҚ-та 'тарифтерді жеті жылға қатыру' деп түсіндіру дұрыс емес. Бұйрық қазіргі құқықтық жағдайды ғана бекітеді, ал мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық өзгерістерді есепке алу мүмкіндігі сақталады", – деп нақтылады ведомство.
Министрлік энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында тарифтерді қазіргі деңгейде ұстап тұрғанын мәлімдеді.












