Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Телефоны бар қазақстандықтарды қапаландыратын жаңалық жарияланды

Телефоны бар қазақстандықтарды қапаландыратын жаңалық жарияланды

Алдағы өзгерістер отбасылық бюджеттердің бәріне жойқын соққы бергелі тұр.
Фото: canva
Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап, операторлар мобильді байланыс тарифтерін өсіреді.
Абоненттердің алғашқылары алдағы өзгерістер туралы тиісті SMS-хабарландыру алуда. Бұл жұртшылықты "шок" қылды.
"Тарифтік жоспарлардың құны жылда өседі. 2024 жылғы желтоқсанда мобильді оператордың үйдегі интернеті үшін 8 590 теңге төлейтінмін. Бір жыл өткенде, бұл баға – 18 189 теңгеге жетті. Айырмашылығы – 10 мың теңгеге жуық! Неге мен сапасы күрт жақсармаған интернет үшін осынша шығындалуым керек?" – деп жазды Threads әлеужелісін пайданаланушы әйел.
Ол халықтан қандай оператордың тарифтік жоспары арзандау екенін, кімге ауысуға болатынын сұрастырды. Алайда берілген жауаптарға қарағанда өзге интернет провайдерлерінің жағдайы да мәз емес екені әшкереленді.
Сонымен бірге, Қостанай қаласы тұрғындарының хабарлауынша, оларға топтама құны қазіргі 11-12 мыңнан енді 13 779 теңгеге дейін өсетіні жарияланыпты.
Тағы бір азаматтар отбасылық тариф үшін айына 15 мың теңге төлеуге мәжбүр екенін, бірақ әсіресе, үлкен қалалардың шетінде, аудан орталықтарында интернет пен байланыстың сапасы сын көтермейтінін мәлімдеді.
Пайдаланушылар мобильді интернеттің кейде мүлдем жоғалып кететініне шағымданды. 3 990 теңге төлейтін абоненттер енді бағаның 4 700 теңгеге дейін көтерілетініне, "қымбат болып кететініне" қамығады.
Жетекші Kcell/activ операторында бұрын айлық тарифі 2590 теңге тұратын "Алға 1" сияқты арзандау тарифтері болатын. Енді оның бәрі "архивтік" мәртебесіне көшіріліп, тоқтатылды. Оператордың ресми сайтында көрсетілгендей, қазіргі ең арзаны "Жақсылық Start" топтамасы – айына 4990 теңге талап етеді. Игілігі көп тарифін алсаңыз – айына 10 990 теңгеден төлеп тұруыңыз керек.  
Операторлар не дейді?
Beeline тариф көтеруге амалсыз, мәжбүрлі түрде барып отырғанын жеткізді. Іргелі-капиталдық және операциялық шығыстар өсуде, жаңа Салық кодексі аясында салық жүктемесі де артқалы тұр.
Компанияның бағалауынша, қосылған құн салығының (ҚҚС) қазіргі 12-ден келесі жылғы қаңтарда бірден 16%-ға дейін өсуі оператордың шығысын шамамен 35 миллиард теңгеге ұлғайтып жібереді.
Beeline Қазақстан бас директоры Евгений Настрадин кейінгі жылдары трафиктің еселеп өскеніне, сонымен бірге талап етілетін инвестиция көлемі де артқанына назар аудартты.
"2020 жылы капиталдық салымдар шамамен 50 миллиард теңгені құрапты. Ал, 2024 жылы бұл көрсеткіш – 85 миллиардқа жетті. 2025 жылы одан да көп. Деректер неғұрлым көп тұтынылса және дерек беру жылдамдығы жоғарылаған сайын, желіні дамыту үшін талап етілетін қаражат та соғұрлым өсе береді", – деді Настрадин.
Tele2/Altel операторы ресми сайтында бағалардың қайта қаралғанын мәлімдеді. Ол мұны инфрақұрылымын жаңғыртумен және шығыстарының өсуімен дәйектеді. Компания тарифтерге қатысты өзгерістер жайында егжей-тегжейлі ақпаратты әрбір абонентіне SMS арқылы жіберуге уәде етті.
"2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап абонтөлем мен тариф қызметтерінің көлемі өзгереді. Компания тарифтік жоспарлар бағасын өзгертеді. Желімізді дамытып, жаңартуға, қызмет көрсету шығындарының өсуіне, сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты бағаны өзгертуге мәжбүрміз! Абонтөлемнің өзгеруі байланыс сапасын жақсарту мен қызмет тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ кейбір тарифтік жоспарда қосымша ресурстар мен QINO қызметін ұсынамыз. QINO арқылы 2026 жылғы 31 қаңтарға дейін 80 арна мен Megogo, PlanB мен Tvigle онлайн-кинотеатрларына тегін қосылуға болады", – деп хабарлады Tele2.
Бұл желі Қазақстандағы елді мекендердің 96%-ын қамтитын көрінеді. Компания "тарифтік жоспарлар құрамын бұрынғыдан да тиімді етуге, көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға барын салуға" сөз берді. Жалпы, барлық оператордың әңгімесі – осы, ұқсас келеді. Олар уәдесінде тұра ала ма, әзірге белгісіз.
Операторлар абоненттеріне құрамы өзгерген, мысалы, қосымша трафик, қызметтер қосылған, тиісінше, бағасы өскен жаңа пакеттерге көшу туралы жеке хабарламалар жолдауда немесе қоңырау шалып, табанды түрде ұсынуда.
Егер шарттары ұнамаса, басқа операторға көшуіңізге болады. Бұл ретте нөміріңізді (MNP) сақтап қала аласыз. Операторды ауыстырсаңыз, нөміріңізді де өзгертуге мәжбүрлейтін "мобильді құлдық" жойылған.
Сарапшылар провайдерді ауыстырмас бұрын өзіңіз тұрғылықты тұратын аудандағы оның байланысының сапасын тексеріп алуға кеңес береді. Мысалы, қаланың не ауданның нақты бір бөлігінде нақты бір оператордың ғана жылдамдығы жоғары болуы, 4G/5G деңгейін қамти алуы мүмкін.
Сондай-ақ, fair-use, пакеттің таусылуына байланысты жылдамдықты төмендету және басқа жасырын шектеулерінің бар-жоқтығын алдын ала біліп алыңыз.
Байланыс операторларының осының алдында тарифтерін жаппай көтергеніне бірнеше ай ғана болды. Қазіргі алға тартқан дәйектемелерін операторлар сол кезде де айтқан болатын.
Содан бері ол проблемалар шешімін таппапты: операторлар  трафиктің өсуіне байланысты инфрақұрылымға, желіге жүктеменің көп түсіп жатқаны, ұлттық валюта құнының құбылуы, импорттық жабдықтардың қымбаттауы, инфляцияның жоғары болуы сияқты дәлел-дәйектемелеріне енді жаңа Салық кодексінің қабылдануын қосып отыр.
Салаға жауапты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі операторлардың баға көтеруіне тосқауыл қоя алмайтындарын ашық мәлімдеді.
ЖИ және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Муннің түсіндіруінше, 2017 жылдан бері Қазақстанда байланыс қызметтерінің тарифтері мемлекет тарапынан реттелмейді. Тиісінше, ведомство интернет пен мобильді байланыс қызметтері тарифтерінің жаппай жоғарылауын шектеуге қауқарсыз.
"Бұған басқа мекемелер жауап береді. Білуімізше, антимонополиялық орган, яғни, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі операторларға хабарлама бағыттап, олардан тарифтерінің неден құралғанын ашып көрсетуді сұрады. Олар тарифтерін арттыру үшін қоғамдық тыңдау өткізіп, қымбаттатудың қажеттілігін негіздеуге, қағидалар бойынша тиісті рәсімдерін жүргізуге тиіс еді. Олай жасалған жоқ. Соған қарамастан, біздің министрлікте тарифтерді көтеруге шектеу қоятындай құзыры жоқ",  – деді Дмитрий Мун.
03 желтоқсан 2025 ж. 28 0

Доллар бағасы күрт арзандады

02 желтоқсан 2025 ж. 242

Аудан ажары арта түспек

02 желтоқсан 2025 ж. 133

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031