Рухани құндылықтарымызды сақтау – басты аманат
Мәдени мұрамыз болып саналатын ескерткіштер уақыт өткен сайын табиғат, адам, қоршаған орта факторларының әсерінен тозады, ескіреді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүгінгі күні тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта жаңғырту жолында өзінің сүбелі үлесін қосып отыр.
Ескерткіштердің маңыздылығы мен құндылығын жоғалтпай, қайта қалпына келтіретін ғылым саласы «реставрация» деп аталады. Елімізде осы саламен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны айналысады. Осы сәтте тарихи-мәдени ескерткіштерге күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп отырған аталмыш кәсіпорынның бас директоры Жандос Әубәкірді сөзге тартып, мекеме жұмысымен қалың көпшілікті хабардар етуге ниеттіміз.
– Жандос Мағазбекұлы, әңгімемізді Қазақстандағы реставрация жайлы, өзіңіз басқарып отырған мекеменің айналысатын міндеттері туралы ақпарат беруден бастап, өрбітсек. Себебі былайғы жұрттың біразы бұл мекеменің қызметінен хабарсыз екені рас...
– Расында да, былтыр осы қызметке тағайындалған кезде, руханият саласынан тысқары жерде еңбек ететін кейбір таныстарымның: «Қандай реставрациялық жұмыс жасайсыңдар, мекеменің ерекшелігі неде?» деп сұрағанынан кәсіпорнымыздың тыныс-тіршілігінен көпшіліктің бейхабар екенін байқадым. Әлемге әйгілі ХІХ ғасырдың соңында салынған, құрастырушысы Густав Эйфельдің атымен аталған мұнарасы бар, мәдениет және тарих ескерткіштеріне бай ел француздар «реставрация» сөзіне «құнды жағдайға келтіру, бағасын қалыпқа келтіру» деп анықтама берген екен. Қазақстанның барлық өңірлерінде ғана емес, жақын және алыс шетелдерде де руханиятымызға қатысты тарихи ескерткіштер мен мәдениет ошақтарын қайта жаңғырту ісімен шұғылданып келе жатқан «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының тарихы 1972 жылдан басталады. Жұмысымыздың негізгі бағыттары: тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін жөндеу, қайта қалпына келтіру, консервация бойынша жұмыстар жасау, регенерациялау және мұражайландыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштердің жинағын дайындау, Қазақстан Республикасы және шетелдерде монументалды ескерткіштер орнату болып табылады. Кәсіпорын қызметінің басты мақсаты да – ғылыми негізде мәдени мұраны сақтау және дамыту. Ең алғаш жұмысын трест ретінде бастаған кәсіпорынның бүгінгі таңда Қазақстанның Тараз, Түркістан, Қызылорда, Орал қалаларында бөлімшелері және Алматы қаласында ғылыми-зерттеу және жобалау институты бар.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасында тереңірек қозғалған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» мәселесінің бір қыры «Қазқайтажаңарту» мекемесіне де келіп тіреледі. Бұл бағыттағы жұмыстарыңызды қалай үйлестіресіздер?
– Бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, Алтай мен Атыраудың арасында, Алатау мен Ұлытаудың, Қаратау мен Шыңғыстаудың, Есіл мен Ертістің бойында аманатқа қалдырған ұлан-байтақ жеріміз тарих және мәдениет, сәулет ескерткіштеріне бай. Осы бағзының көзіндей асыл құндылықтарымызды қорғап, болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу біздің асыл борышымыз. Қаншама ғасырлық тарихты бойына жинақтаған, археологиялық зерттеулер арқылы құпия сыры ашыла бастаған көне қалалар құрылысын бүгінгі буынға мейлінше сынын да бұзбай жаңғырта отырып, ерекшеліктерін де сақтап көрсету кәсіпорынның алға қойған басты міндеттерінің бірі. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кәсіпорын 150-ге тарта ескерткішті қайта жаңартудан өткізді. Бүгінде қызметін министрліктің стратегиялық жоспары шеңберінде жалғастырып келе жатқан осы ізгі істердің жалғасын табуы, үрдісі үзілмегендігі көненің көзі мен ғалымның сөзі өлмейтіндігінің нағыз айғақ-дәлелі болса керек. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне арналған жұмыстар тек елімізде ғана емес, Египет, Сирия және Моңғолияда да жүргізілген. Сонымен қатар қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының көрші Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласында орналасқан ескерткіші де қайта жаңғыртылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүгінгі таңда еліміздегі тарих ескерткіштері мен мәдени ошақтарын қайта жаңғыртуға айрықша ықпал етіп отыр.
– Мекеменің негізгі міндеті – ескерткіштерді қайта жаңғырту. Ол тек реставрациямен ғана айналыса ма? Осы бір жұмысты атқаратын мамандар біліктілігіне толықтай сенім артуға бола ма?
- Қандай да бір нысанды қайта жаңғырту кезінде құймалы бұйымдарды, тастан қашалған, ағаштан жасалған, керамикалық, зергерлік бұйымдарды, жиһаздарды және тағы басқа көптеген дүниелерді қайта жаңғырту қажеттігі туындайды. Қазіргі таңда осы аталған жұмыстарды іске асыруға пайдаланатын Алматы қаласында өзіміздің шеберхана цехымыз және пластик есік-терезе дайындайтын құрылғымыз бар. Осыған қоса, Түркістан қаласында қыш құятын цехымыз бар. Тарихтан білетініміздей, заманында Дүзен кесенесін тұрғызу үшін алғаш құйылған кірпіш нашар шығып, кірпіш құю және оны күйдіру тәсілдерін кесене салушы арнайы Түркістан қаласына барып үйреніп келген. Бұл ХІХ ғасырдың аяқ шенінде болған оқиға. Одан бері Түркістанда кірпіш құю, күйдіру ісі дамымаса, кері кеткен жоқ. Сол Түркістан қаласында орналасқан цехтан Қазақстанның барлық қалаларындағы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарға кірпіш дайындалады. Ал нысанға қайта жаңғырту жұмысын жүргізу үшін жоба авторы барлық мәліметтерді жинап, жіктеп, саралап, ой елегінен өткізеді. Ескерткіштің салыну тарихы, тозуына әсер еткен факторлар барлығы да есепке алынады.
– «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының жалпы бұрынғы кеңестік елдердегі осы тектес мекемелермен салыстырғандағы орны қандай?
– Елімізде 25 000-нан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны жағынан ТМД елдері арасында алғашқы бестікке енеміз. Сол шептен қалмау үшін, ескерткіштердің тарих шаңында, не болмаса тасада қалмауы үшін бүгінгі күні 25 тарих және мәдениет ескерткіштеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді бастағалы отырмыз. Былтыр 25 тарих және мәдениет ескеркіштеріне жоспарланған реставрация жұмыстары жасалған болатын. Осы ескеркіштердің қатарында аты қазақ жұртшылығына ғана емес, әлемге мәшһүр Арыстан баб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Абай Құнанбайұлының мемориалдық кешені де бар. Нақтылап айтатын болсақ, 2017 жылы Алматы қаласында орналасқан «Мәдениеттерді жақындастыру» орталығында, Орталық музейде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Орталық Қазақстандағы Дүзен кесенесінде, Маңғыстаудағы Сисем ата қорымында, Көне Бейнеу қорымы және Бекет ата мешітінде, Оңтүстіктегі Отырар, Түркістан, Сауран, Күлтөбе қалашықтарында, Аппақ ишан сәулет кешенінде, Ноғай ишан мешітінде, Қостанайдағы Екідін нысандарында, Қызылордадағы Қазалы Ғанибай үйінде, солтүстікте Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінде, Жамбыл облысында Ақыртас сәулет-археологиялық кешенінде, Шоқай Датқа кесенесінде, Қарахан мен Айша бибі кесенелерінде, Тараз, Ақтөбе қалашықтарында, Атырауда Сарайшық қалашығында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
– Тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта жаңғырту кезінде қандай ғылыми, тарихи деректерге сүйенесіздер?
- Мәдени ескерткіштерді, ғимараттарды, тарихи жәдігерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу барысында міндетті түрде архивтердегі ғылыми құжаттарды зерттеп, осы салада қызмет атқарып жүрген зерттеушілер мен ғалымдармен біріге отырып жұмыс істейміз. Әр жұмысты жоспарлау барысында жоба жасаушыларымыз еліміздегі және шет елдерден табылған деректерге, мағлұматтарға сүйенеді. Сәулетшілер мен құрылысшыларымыз ғылыми негізде жасалынып ұсынылған жоба негізін қатаң түрде басшылыққа алады. Консервация жұмыстарын жүргізу барысы да жүйелі кезеңдермен өрбіп, іске асады. Зиялы қауым өкілдерінің пікірлері, ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерді де назардан тыс қалдырмаймыз. Тарихи маңызы бар нысандар мен ескерткіштерді қайта қалпына келтіру барысында қажетті заңдылықтар мен белгіленген талаптар қатаң сақталады.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
egemen.kz