Ұрпақ тәрбиесінің өрісті жолы
Елбасы елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынды. Бұл халқымызға жарқын жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Қоғамдық сананы көтеруге бағытталып отырған идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім. Бұның үшінші жаңғыртудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық. Президент бұл мақсатты толық орындау үшін «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп нақты міндет қойды.
Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше межелерді айқындап берді. Тарих белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғыртудың алғышартына айналдыра білу міндет. Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» екенін атап көрсетті.
Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі – сананың ашықтығы. Жаһандану үрдісіндегі басты талап – әлемдік тілдерді меңгеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық дүниеге толыққанды араласуымызға жол ашады.
Елбасы рухани жаңғыру кезеңінде таяу жылдары атқарылу тиіс негізгі міндеттерді де нақты анықтап беріп отыр. Соның бірі латын әліпбиіне көшу. Бұл орайда, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, білім беру жүйесінде дүние жүзінде баламасы жоқ бағдарлама іске асырылатын болады. Әлемдегі таңдаулы әр түрлі тілдердегі 100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Бұл елімізді әлемдік деңгейге алып шығады.
Рухани жаңғыруды жүзеге асыруда әлемде ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру міндеті қойылып отыр. Мәдениетті жасайтын халық болғандықтан, осы идеяның аясында замандастарымыздың жетістіктерін көрсетуге бағытталған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге қол жеткізуге үлес қосқан тұлғаларымызды танытуды көздейтін жоба болмақ. Сонымен қатар өткен тарихымыз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын қайта жаңғыртып, ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының озық ойлы қабілетімен айқындалады.
Қазақ елінің кешегісін бүгініне, бүгінін болашаққа жалғауды мұра етер рухани жаңғыру хақындағы Елбасы ұстанымы сөз жоқ ұлт көсегесін көгерту мен ұрпақ санасын тәрбиелеудің өркенді, өрісті жолы.
Сәнімкүл АЙЖІГІТОВА