Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көше камераларына көңіл бөлеміз

Көше камераларына көңіл бөлеміз

Тәртіп сақшыларынсыз бейбіт, қауіпсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Бейбіт заманда елдің тыныштығын күзетіп, кешегідей індетпен күресте жанын «шүберекке түйіп», алдыңғы шептен табылып келеді. Азаматтардың амандығы үшін жан пида етіп, шейіт кеткен тәртіп сақшысы қаншама. Соның арқасында аудандағы қылмыс деңгейі біршама төмендеп қалды. Есесіне басқа аймақтардағыдай емес, қазалылық тұрғындар полицейлерге оң көзқараспен қарайды. Дегенмен көкейде «олар сенім үдесінен шығып жүр ме?» деген сауал қылаң береді. Соңғы уақытта қылмыс деңгейі қаншалықты қысқарды? Осы және өзге де мәселелер жайында жақында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болат Кабизовтан сұраған едік.
– Болат Қалыбекұлы, жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз. Аудан тұрғындарын бас полицейдің бұрын қандай қызметте болғаны қызықтыратыны анық. Еңбек жолыңыз қайда басталды?
– Ішкі істер саласындағы алғашқы қадамымды 2005 жылы Қармақшы аудандық полиция бөлімінің тергеушісі ретінде бастадым. Онда бір жыл жұмыс істеп, облыс орталығына ауыстым. 2007 жылдан полиция департаментіндегі штаб басқармасының инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары ретінде қызмет еттім. Осы лауазымға келгенше, соңғы үш жылда штаб басқармасының бастығы болдым. Бүгінге дейін жиған тәжірибем аудандағы қылмыс ахуалын жақсартуға септігін тигізеді деген үмітім басым.
– Биыл өткен жылға қарағанда қылмыс саны азайғанын естіп жүрміз. Бұл карантин шектеулерінің әсерінен бе, әлде жұмыстың жүйелі ұйымдастырылуынан ба?
– Індеттің таралуын алдын алуға байланысты мейрамханалар мен адам көп шоғырланатын орындардың жұмысына шектеу салынғаны белгілі. Бұл тәртіптің орындалуын қадағалау да полицейлерге жүктелді. Сондықтан тәртіп сақшыларының еңбегін елемеуге болмас. Жыл басынан бергі 4 айда былтырмен салыстырғанда қылмыстық әрекеттер 38 процентке төмендеді. Оның ішінде жасөспірімдер мен мас күйде қоғамдық орындарда болатын, отбасы-тұрмыстық қатынаста жасалған заңбұзушылықтар біршама кеміді.
– Көріскенде «Мал-жаның аман ба?» деп сәлемдесетін ауылдағы ағайынды мезі еткен мәселенің бірі – мал ұрлығы. Қарақшылықпен семірген қылмыскерлерді құрықтау қалай үйлестірілуде?
– Бұған дейін жұрттың адал еңбекпен тапқан малын бір күнде барымталап кетіп жүргендер құрықталып келеді. Мұның алдын алу, болдырмау үшін «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық шарасын ұдайы ұйымдастырып келеміз. Құжатсыз мал тасымалдау қылмыстың көбеюіне дем беріп отырғандықтан үнемі рейд жасап тұрмаса болмайды. Биыл осы бағытта құжатсыз мал тасымалдаған төрт жүргізушіге айыппұл салынды. Ұрланған төрт-түлікті іздеу табу бағытындағы әрекет өз жемісін беріп, ұрлықтың осы түрін 30 процентке төмендеттік. Бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын естен шығармаймыз. Алайда мал иелері өз бетінше іздеп, уақыт оздырып алады. Мәселен, жыл басынан бері тіркелген 7 малдың төртеуінің ұрланғанын ондаған күннен кейін барып білдік. Оның біреуінің жоғалғанына 5 ай өтіп кеткен. Ал бұл әрекетсіздік қылмыстың ашылуын қиындатары сөзсіз. Сондықтан азаматтар малы жоғалса тез арада хабарлауын сұраймыз.
– Жаздыгүні сырттағы студенттер, жерлестер елге оралатыны белгілі. Осындайда жасөспірімдермен жасалатын қылмыс, топтық төбелес өрши түсетінін білеміз. Бұған дайындықтарыңыз қалай?
– Жасөспірімдер арасында заңбұзушылық төмендеді дегенмен, бұл босаңсуға себеп емес. Жастардың жаман әдетке бой алдыруын болдырмау – полиция бөлімінің негізгі бағытының бірі. Тиісті бөлімдер бірігіп, «Жасөспірім», «Абайлаңыз, балалар», «Балалар түнгі қалада» сияқты тақырыптарда рейдік шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді. Көбіне ата-анасының қарауынсыз көше кезген балаларға қатысты құқықбұзушылық анықталады. Бас-аяғы төрт айдың ішінде 107 жасөспірім беймезгіл уақытта көшеден ұсталды. Бұдан бөлек, кәмелет жасқа толмаған балаларға түнгі уақытта қызмет көрсеткен үш ойын-сауық орталығы мен ішімдік сатқан дүкен иесіне әкімшілік шара көрдік. Тағы екі жасөспірім мен бес бірдей қолайсыз отбасы есепке алынды.
– Аудан орталығы Әйтеке би кентін жол ережелерінің белгілерімен толықтай қамтамасыз етілген десек артық айтқандық болар. Десек те белгіні көре тұра ереже бұзатындар арамызда жоқ емес. Оларды құрықтауда кедергі бар ма?
– Жол ережесін бұзушылар саны басқаларына қарағанда басым екені рас. Есепті мерзімде 3500-ден астам жол ережесін бұзғандар анықталды. Оның 900-ге жуығы жол апатына тікелей әсер ететін дерек екенін айта кетейін. Оның барлығы мемлекет қазынасына 11,5 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бүгінде оның басым бөлігі құтылды. Ал мас күйінде көлік жүргізген 23 азаматтың ісі сотқа жолданып, жазаланды.
Сөзіңізге қосылуға болады, жыл басынан бері жергілікті атқарушы органмен бірлесе біраз мәселені талқыладық. Нәтижесінде аудандық және кент әкімдігіне 8 нұсқама жолдадық. Соның пайдасы болар, жол-көлік оқиғасы 70 процентке азайып, апат салдарынан жарақат алғандар саны кеміді.
– Ауданда еңбек мигранттарының саны қанша? Олар заңбұзушылыққа барып жүрген жоқ па?
– Полиция бөлімінің дерегіне сәйкес ауданда 47 шетелдік азамат тіркелді. Оның басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан. Қазалыдан нәпақа табуға келген 17 шетелдік жұмыс істеуге рұқсат алған. Тағы 14 азамат осында қалу мерзімін ұзартып, бюджетке 600 мыңға жуық салық төлегені белгілі. 8 жатжұрттық көші-қон заңнамасын бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны болмаса, қылмыстық құқықбұзушылық жасамағаны анық.
– Міндеттеріңізді атқару барысында қандай кедергілермен жиі ұшырасасыздар?
– Тұрғындар тарапынан көшедегі бейнебақылау камераларына байланысты шағым жиі түседі. Бірі бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кетсе, екіншісі жаяу жүргіншіні жібермеген болуы мүмкін. Қазір аймақтарға бөлінген қызметтік көліктің жетіспеушілігін жою үшін сұраныс жібердік. Бұл да құқықбұзушыны дереу анықтауға септігін тигізеді. Ал бейнекамералар толыққанды жұмыс істемей тұр. Жергілікті атқарушы орган қазір кемішілікті жою үшін жұмыс істеп жатыр. Барлығы жөндеуден өткен соң бізге жүктелген міндет мүлтіксіз орындалады. Әрине, алдымен халыққа бейнекамералар қосылғаны туралы хабар береміз. Өйткені біздің міндет айыппұл төлету емес, ережеге бағынуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақыру.
– Аудандағы қоғамдық тәртіп пен қылмыстық жағдайлар туралы ашық ақпар бергеніңіз үшін ризашылық білдіремін!

Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
05 маусым 2021 ж. 685 0

Ер есімі – ел есінде

02 қараша 2024 ж. 64

Бала жанының бағбаны

02 қараша 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930