Айбынды ерлер ардақталды
Елдің ішкі тәртібін қырағы күзеткен полицейлер арқасында мемлекетіміз бейбіт күнде тыныштық пен еркіндіктің қадірін терең сезініп келеді. Зор патриоттық сезіммен бойдағы күш-жігерін Отан қорғауға бағыттап, ел сенімін абыроймен арқалап келе жатқан кәсіп иелерінің мерекесі — Полиция күні
ауданымызда да аталып өтті.
ауданымызда да аталып өтті.
Кенттік клубта өткен салтанатты шара шымылдығы ҚР Мемлекеттік Гимнімен ашылды.
Ажал құрығы жанына таяса да өз өмірлерінен ел мүддесі мен ұлттық асыл мұратты жоғары қойып, қызмет бабында қаза тапқан ержүрек полейцейлерді әріптестері құрметпен еске алды.
Құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын атаулы күнде аудан әкімінің құттықтауын аудан әкімінің міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Әлімжан Жарылқағанов жеткізді.
Құттықтауда тыныштық бен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай еместігі айтылып, елімізде құқық қорғау саласын дамыту, тиімділігін арттыру бағытында атқарылып отырған ауқымды жұмыстар тілге тиек етілді.
Әлімжан Мұратбайұлы қауіп-қатермен бетпе-бет келсе де өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып жүрген тәртіп сақшыларын облыс әкімі, аудан әкімінің Алғысымен марапаттады.
Мерекеге мерейлі жеткен ұжымды толымды табысымен құттықтаған Қазалы ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Кәдірхан Қуандықов өз міндетін атқаруда ерекше көзге түскен бір топ тәртіп сақшыларына ҚР ІІ министрінің медалін тапсырды.
«Ішкі істер органында 20 жыл мінсіз қызметі үшін» І дәрежелі медалін учаскелік полиция инспекторы Елжас Байкөбеков алды. «Ішкі істер органында 15 жыл мінсіз қызметі үшін» ІІ дәрежелі медалін көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Берденова, кезекші бөлімшесінің бастығы Мұратбек Желдербаев, тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Бауыржан Тұрман, криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Ұланақ Сейілхан, әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы Олжас Қожахметов омырауына тақты.
Кәсіби мерекеде өмір жолдары кейінгі буынға өнеге болған сала ардагерлері де құрмет төріне көтерілді. Олар өздеріне жасалған ілтипатқа алғысын білдіріп, бөлім жұмысына сәттілік тіледі.
Шара соңында аудандық мәдениет орталығы өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ