Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыс жасағандар құрықталады

Қылмыс жасағандар құрықталады

Қоғамдағы құқықбұзушылықтардың алдын алу қашанда күн тәртібінен түскен емес. Азаматтар арасында жол ережесін сақтамау, адам өміріне қасақана зиян келтіру немесе сол сияқты басқа да теріс әрекеттердің жапай етек алуы аудан тұрғындарын алаңдататыны анық. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұру бүгінде жаңаша қарқын алған. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде бейсенбі күні аудан әкімдігінде комиссия отырысы өтті.

Жиынға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Мұрат Нәлхожаұлы ағымдағы жылдың 8 айында ауданда тіркелген қылмыс саны біршама азайғанын, алайда жол-көлік оқиғасы 21-ден 39-ға дейін өсім алғанын айтты. Осы орайда атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар жайында баяндама оқыған аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбитбек Арынов жүйелі жұмыс істелетінін жеткізді.

– Аталған мерзімде аудандағы құқықбұзушылық деңгейі 37,7 процентке төмендеп, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар 7-ге қысқарды. Ал ауырлығы орташа және ауыр емес қылмыс деңгейі 0,8 процентке төмендеді. Бұдан бөлек алаяқтық, мал ұрлығы, қасақана зиян келтіру, бұзақылық, есірткі мен қарақшылық, зорлау ісі мен масаң күйде жасалған қылмыстық әрекеттер азайған. Дегенмен қасақана адам өлтіру ісінен қаза болған адам саны, тонау, жасөспірімдермен, топпен жасалған қылмыстар, бопсалау оқиғалары өсім алып отыр. Аталған қылмыстардың алдын алу және олардың салдарымен күрес жұмыстары полиция тарапынан қатаң қадағалауға алынды, – деді ол.

Сонымен қатар бөлім бастығы өткен жылы полицияға 159 арыз-шағым тіркеліп, учаскелік полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті. Жол- ережелерін бұзған 2851 оқиға анықталып, 1148 адамға 8 миллионнан астам айыппұл салынған. Тағы 2000-ға шамалас азаматтан 7 миллионға жуық қаражат айыппұл негізінде өнідіріліп алынған. Бұдан бөлек ауданның бас полицейі көлік тізгінінде ұялы телефон қолдану, жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, жаяу жүргіншіге жол бермеу, құжатсыз және масаң күйде көлік жүргізу, көлік қозғалысына жаяу жүргіншінің кедергі келтіруі сияқты құқықбұзушылықтар көбейіп келе жатқанын жеткізді. Осылардың себебінен биыл дене жарақатын алғандар саны 18,8 процентке өскен. Ал қайтыс болу оқиғасы 3 есеге артқан. Бұндай оқиғалар әсіресе, Шымкент-Самара тас жолында көбірек орын алатын көрінеді.

Осы тұста аудан прокуроры Бақытжан Мырзабаев жиынға қатысушыларды жолда жүру ережелерін бұзғандарға бей-жай қарамауға шақырды. Көлік ішіне бейнетіркеу камерасын орнатып, заңбұзушылықты байқаса оны тиісті сала мамандарына тапсыру туралы бастама көтерді. Аудандағы мекеме қызметкерлері осы іске біркісідей атсалысса, заңбұзушылық оқиғалары азайып, ережені ұстанбағандар тиісті жазасын алатынын айтты. Жиналғандардың көпшілігі бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлде төзбеушілік қағидасын қалыптастыру үшін жасалған ақпараттық шаралар, қоғамдық ұйымдармен атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғалды. Бұл жайында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев баяндады.

– Аталған мақсатта көптеген шаралар мен еңбек ұжымдары арасында үздіксіз түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде халық көп шоғырланатын жерлерде жемқорлықтың зиянды жақтары ашып көрсетілген хабарламалар ілініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ісі ілгерілеуде. Белгіленген кестеге сәйкес тамыз бен қыркүйек айлары аралығында семинар, акциялар, спорттық шаралар мен суреттік байқаулар ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы істер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де кеңінен насихатталуда, – деді ол.

Бұдан соң сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында аудандық полиция бөлімінің бастығы баяндады. Оның айтуынша ағымдағы жылдың 8 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс анықталмаған.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
28 қыркүйек 2019 ж. 866 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 74

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930