Аудандық партия филиалының кезектен тыс конференциясы өтті
Бүгін «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Конференция жұмысына 27 бастауыш партия ұйымынан сайланған 60 делегат қатысты. Оның ішінде 15 делегат Zoom платформасы арқылы онлайн форматта қосылды. Іс-шараға партия филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш төрағалық етті.Конференция күн тәртібіне үш мәселе қаралды. Бірінші «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына делегаттар сайлау туралы аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев аудандық филиалдан ұсынылатын делегаттардың тізімін таныстырды. Конференцияға қатысушылар ұсынылған тізімді бірауыздан қолдап, бекітті.

Мұнан соң «Ғ.Мұратбаев» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қуаныш Көмекбай бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру мәселелері туралы баяндама жасады. Ең алдымен жыл басынан бергі ұйымының атқарған жұмысына тоқталып, партиялық жобалардың жүзеге асуы, халықпен кері байланыс орнату және әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде айтты. Сондай-ақ, ол бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіру мақсатында белсенді мүшелерді ынталандыру жүйесін енгізу, партияішілік коммуникацияны цифрландыру және үздік тәжірибе алмасу алаңын құру жөнінде ұсыныстар білдірді.

Өз кезегінде Ғазиз Әлмәмбетұлы барлық бастауыш партия ұйымдарына партия мүшелерінің белсенділігін арттыру, жарнапұл түсіміне назар аудару және әлеуметтік желілерде ұйым жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Үшінші мәселе «AMANAT» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаттарының 2025 жылдың есепті кезеңіндегі атқарған жұмыстары туралы болды. Бұл мәселе бойынша аудандық мәслихат депутаты, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Нұрғиса Жалғасбаев баяндама жасап, депутаттардың сайлауалды міндеттемелерін орындау, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жөнінде баяндады. Делегаттар фракция жұмысына оң баға берді.
Конференция соңында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
#AMANAT














