Зәуре Сүндетова: Өнердің бар өзегін бойымда тоғыстырғым келеді
Қасиетті Қазалыдан түлеп ұшып, өнер өлкесіне қоныс тепкен талантты жастардың қатары сиреген емес. Өнер майталмандарының соны соқпағына түсіп, ұлы көшке көлігін қосқан өскіндер шартарапта шығармашылықпен айналысып, жұлдыздай жарқырауда. Тәңір топырағына дарын дарытқан киелі мекеннен кейінгі уақытта өсіп келе жатқан жастар осал емес. Солардың бірі – Зәуре Сүндетова. Бар талантты бойына жиған бұрымды қыз қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 4 курс студенті. Сонымен қатар елімізде драмалық бағытта алғаш болып ашылған коммерциялық «А.И» театрының әртісі. Театр әлемінің табалдырығын аттағанына көп уақыт болмаса да танылып үлгерген жерлесімізді әңгімеге тарттық.
– Зәуре, театр саласына қалай келдіңіз? Қиындығы қырық орам мамандықты таңдауға не түрткі болды?
– Өнер жолына келетінімді өтірік айтқаным емес, мектепалды даярлыққа барып жүргенде-ақ ата-анам шешіп қойған. Кейін 11 сынып кезінде тестілеуге дайындалып жүргенде әнші болғым келетінін және бұдан бас тартпайтынымды анық сездім. Бірақ мен Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқуды жалғастыруды армандадым. Қасымдағы жақын адамдар ел астанасында орналасқан «Шабытты» таңдауға кеңес берді. Және мұнда мен тек қана әншілік өнерді емес, әртіс бойындағы табанды қасиетті, барлық өнер түрін қамтитын кәсіби біліктілігімді арттыратыныма кәміл сендім.
Осылайша музыкалық драма мамандығына оқуға түстім. Шындығын айтқанда, түк білмес болып келдім. Емтиханнан өтерде есімді жинап, араласатын студенттердің ақыл-кеңесін тыңдап, еңбектендім.
Сынақ қатты қысыммен өтті. Айгүл Иманбаеваның қабылдауында болдым. Емтихан барысын ол кісі жіті қадағалап, әрбір талапкерді бақылап, бағамдап, 20 адамды іріктеп алды. Қазір 4-курста 16 студент ғана бармыз. Апайымыз әрқайсымызды еркелетіп, бөлек бір төбесіңдер деп қанатының астына алып жүреді.
Биыл мен бітіргелі отырмын. Осы кезге дейін бізді көп нәрсеге машықтандырды. Әсіресе денеге көп күш түседі. Және де сахна қозғалысы, сахна тілі, би, вокал осының бәріне кәсіби мамандар баулыды. Мамандығымыз музыкалық театр әртісі болғанымен кино саласында, медияда, театрда қысылмай қызу ортаға түсіп, жұмыс істейміз.
– «А.И» театрының толыққанды мүшесісіз. Ұжым әртістері кастинг арқылы анықтала ма?
– Оқуға түскенде Айгүл ханым бізге 2016 жылдан бастап еңбек өтілі жүре беретіндігін ескертті. Өйткені бізде көбіне теориядан гөрі тәжірибе жүзінде көп машықтандырады. Бірінші курста бізді ешкім қозғай қоймады. Сабақ таңертеңгі 8:00-ден кешкі 20:00 аралығында жалғасатын. Одан бөлек жатақхана жабылған уақытқа дейін үлгеріп, қосымша дайындық жүргіздік. 3 курстан бастап әрбірімізге кейіпкер сомдау тапсырлып, театрдың бел ортасына ене бастадық. Яғни кастинг арқылы емес таланты жетіп тұрған студент болса үлкен сахнаға жол ашық.
– Қысқа мерзімде қанша қойылымға шығып үлгердіңіз?
– Екінші курстан бастап сынақ жұмыстарын тапсырғанда үзінділер ойнап жүрдік. Сабақ ретінде саналғандықтан ол есептелмейді. Дегенмен үлкен сахнадағы дебютім Сайлау Қамиев режиссерлік еткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі Күнікейдің рөлін сахналадым. Бұған бір ай мерзімді арнадым. Басты кейіпкерді ойнау ауырлау болды. Өйткені ұстазым Айгүл ханыммен бірге өнер көрсету ыңғайсыздық туғызғаны рас. Одан соң «Менің әйелім – өтірікші» қойылымына да қатыстым. Мемлекеттік театр болмағандықтан, қоржынымызда көп туынды жоқ. Сонда да Ақтөбе, Орал, Алматы сияқты қалаларда өнер көрсетіп, жергілікті көрермендермен байланыс жасадық. Ең бірінші кезекте дипломдық жұмыспен айналысып жатырмын. Қағаз жазумен шектелмейтін шаруа екені анық. Соңғы сынаққа бүкіл жанрды қамтуға тырысатын бес-алты спектакль дайындығы жүріп жатыр. Оған қоса «Екі жұлдыз» бағдарламасында бақ сынап жатқан Айгүл ханымға қолдау көрсетіп, түрлі көрініс пен би түрлерін алып шығып жүрміз.
– Өнер орталығында атақты әртістер шеберлік сағатын жиі өткізіп отыра ма?
– Әрине. Атағы аспандап тұрған халық әртістері Гүлжамал Қазақбаева, Нұркен Өтеулі, Қуандық Қызтықбаев, Сайлау Қамиев, Жұлдызбек Жұманбай, Дина Құнанбай, Досхан Жолжақсынов, Роза Рымбаева сынды күллі қазаққа аты мәшһүр өнер айдынының алып тұлғалары келіп, бар білген-көргенін, өмірден түйген тәжірибесін бөлісіп, сабақ өткізеді. Сол аға-әпкелерден түсінбеген тұстарымызды сұрап, кемшілігімізді ұғып, бір нәрсе үйреніп қалуға тырысамыз. Тұңғышбай Жаманқұлов, Болат Әбділманов сияқты тарландармен тілдесіп, батасын да алдық.
– Қазіргі қазақ драматургиясындағы үш есім және кітап оқисыз ба?
– Әдебиеттің театрға тікелей қатысы болғаннан кейін бізге кітапты көп оқуға кеңес береді. Мен өзім кітапты сүйіп оқитын адаммын. Қазақ әдебиетінің классикасын көп қарадым. Оның әрине әртіске берері мол. Себебі әдебиет теория болып есептелсе, театр – қозғалыстағы түрі, бет-бейнесі. Қазақ драматургиясындағы мен үшін ерекше үш есім ол: Роза Мұқанова, Дулат Исабеков және Сыр елінің тумасы Сұлтанәлі Балғабаев. Аталған драматургтердің пьесалары қазір жоғары сұранысқа ие.
– Жастар жылы турасында не айтасыз? Сіздің осы жылға жоспарыңыз?
– 2019 жыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылы болып бекітілгені бәріне аян. Менің түсінігімде бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік баспалдағы. Өнерге қатысты айтар болсақ, ұлттық-рухани тақырыптағы спектакль мен пьесалар сахналануы үшін қомақты қаржы бөлінуде. Қазақстанды аралауға, жастардың өнерін насихаттауда барлық жағдай жасалған.
Маған биылғы жылдың басты жаңалығы – өзім асыға күтіп жүрген түлек болып, диплом алар сәтім. Айгүл ханымның бізге арнаған ұзақ аралықты қамтитын жоспары бар. Ал мен театр, кино, эстрада да биік шыңдарға жетіп, өнердің бар өзегін өз бойымда тоғыстырғым келеді.
– Әлемде барлығына бірдей түсінікті тіл – кино. Осы салада сізді қашан көреміз? Өзіңізге ұнайтын шетелдік театр әртістері туралы айтсаңыз?
– Барлық әртістің арманы толықметражды фильмге түсу екені даусыз. Мен де телехикаяларда өз талантымды ұштағым келеді. Осы күнге дейін қысқаметражды киноларға түстім. Эпизодтық үзінділерде болмаса, әлі басты кейіпкер болу бұйырмады. Бұлтұрғыда жетілдіретін тұстарым өте көп.
Екінші сұраққа келсек, көршілес Ресейдің өзі бізден театр бойынша көш ілгері тұратыны белгілі. Театр мен көрермен тығыз байланыс орнатқан. Әлі ол деңгейге жете қоймадық. Ресейді тілге тиек еткен себебім, маған қатты ұнайтын әртіс ол – Сергей Безруков. Жұртшылық оны әйгілі «Бригада» арқылы таниды. Бірақ ол ең алдымен театр әртісі. Атақты Табаковтың шәкірті екенін біле бермейді. Театр мен киноны қатар алып жүру оңай емес. Бірақ Сергей орыс әлемінде екі сала бойынша ойып тұрып алар орны бар майталман маман.
– Соңғы сұрақ, театр халыққа не береді?
– Отандық көрерменге қазір ұсынылған негізгі шығармалар комедия жанры екенін барша жұрт біледі. Зілсіз әзіл мен әжуа күлкіден бөлек көрермен ой түйіп кететін шығармалар қойылуы керек. Театр да тәрбие құралына жатады. Адам қай спектакльге барса да бір сәт болмысынан шығып, сырт көз кейпінде өзіне көз салса әртістің көздеген мақсатына жеткені.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ