Аудан әкім Өркендеу және Бірлік ауылдық округтерінің халқымен кездесті
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов дарияның арғыбетіндегі Өркендеу және Бірлік ауылдық округтерінің халқымен кездесіп, ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.Аудан басшысы екі ауылдыңда тұрғындарымен өткен кездесулер барысында жыл көлемінде ауданда аймақ басшысының қолдауымен және елге жанашыр азаматтардың еңбегімен жүзеге асқан бірқатар жобалар жайында сөз қозғап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Кездесулер барысында ауыл тұрғындары екі ауылдыңда электр желілілерін қайта жаңғырту, жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы, Жанкент ауылындағы №104 мектептің сыртын қаптау мен балабақша ауласына брусчатка төсеу және жайылымдық жерлерден мал суғару үшін су ұңғымасын қазу сынды мәселелерді ортаға салды.
Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ кейбір мәселелер бойынша алдағы уақытта заңдылыққа сәйкес зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыс жасалатындығын жеткізді. Ал, ауылдық округтердің электр желілілерін қайта жаңғырту бойынша арнайы жоба әзірленгенін, тиісті қаржы бөлінген жағдайда жұмыстар басталатынын жеткізді.
Айта кеткен жөн, аудан басшысы халықпен кездесулер барысында ауылдық округтердегі мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандармен танысып, мекемелердің және ауылдардың санитарлық тазалығы, абаттандырылуына қатысты ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.














