Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жерге деген махаббатым ауданнан алыстатпады

Туған жерге деген махаббатым ауданнан алыстатпады

Қазалы қаласындағы көгерген талдар мен бақтарда, айнадай тегіс асфальт көшелерде, самаладай жарқыраған шамдарда Мырзахмет Толыбайұлының алақанының ізі бар. Өзі туып, өскен қаланы жиырма жылдан астам уақыт басқарған азамат бүгінде қырық бес жылдық бейнеттің зейнетін көріп отыр.
Туған жерге сіңірген еңбегі ескерусіз емес. Ауданның Құрметті азаматы атанды. Бірнеше жыл аудандық, қалалық Кеңестің депутаттығына сайланды. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты. Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы Министрлігінің, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталған азаматпен елге келген кезінде сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Мырзахмет аға, туған жерге қош келдіңіз! Әңгімені қызмет сатыңыздан бастасақ. Мамандығыңыздың техник-механиктігіне қарамай еңбек жолыңызды аудандық су шаруашылығы мекемесінде жүргізуші болып бастапсыз, неге?
– Қашанда туған жердің қадірі бөлек ғой, шіркін! Елге келсем ерекше күй кешемін.
Біздің заманымызда мектеп он жылдық болатын. Мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсемін деп ойлайтынмын. Сөйтіп 8 класта оқып жүргенімде 11 жылдық оқу жөніндегі реформа шықты. Көптеген кластастарым жетіншіден кейін мектептен шығып, жұмыс істеді, кейбірі училищеге оқуға түсті. Мен де 8 класты бітіріп, емтихан тапсырып, Қазалы ауылшаруашылық техникумының механика бөліміне оқуға түстім. Техникумға өз қатарымнан кеш қабылдандым. Ойланып жүріп, мектептегі оқуды да жалғастыра берейін деп кешкі жұмысшы жастар мектебіне де құжаттарымды тапсырдым. Күндіз техникумда, кешке кешкі мектепте оқыдым.
1966 жылы техникумды бітірген соң Қостанай облысына жұмыс істеуге жолдама берді. Бірақ мен ол жаққа бармай елде қалдым. 1965 жылы диплом қорғау кезінде сегіз ай практикада Қазалы аудандық суландыру жүйесі басқармасында өткізген едім. Сол кезде жүргізуші болып тұрып алдым. Арасында мекеме басшысынан сұранып, диплом жұмысын ойдағыдай қорғап шықтым. Осылайша аудандық суландыру жүйесі басқармасында жұмысымды жалғастырып қала бердім. Алайда бар ойым жоғары оқу орнына түсу болды. Су бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезімде инженерлер В.Ералиев, К.Шамин, В. Павлочевтермен бірге мені машинамен ылғи жаз айларында каналдағы суды өлшеуге жіберетін. Ол кісілер өз ісінің шебері еді. Солардан нивелирмен, вертушкамен жұмыс істеуді үйрендім. Суды өлшеуді, нивелировка жасауды толық меңгердім және гидротехника саласының кітаптарын оқып, білімімді жетілдірдім. 1967 жылы инженер болдым.
Ташкенттегі институтта сырттай оқыдым. Жылына екі рет сессияға барып, техникумда оқыған білімім бар, мамандығым бойынша істеп жүрген қызметім сәйкес келіп, 6 жыл оқуға тиіс институтты 5 жылда бітіріп шықтым.
– «Өмір белестерім» деп аталатын кітабыңызда Қазалы қалалық советі атқару комитетінде, қала әкімшілігінде қызмет істеп жүрген кезіңізде ауданнан тыс жерлерге қызметке шақырылғандығыңыз туралы жазасыз. Елден жырақтамауыздың себебі неде?
– Ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз ету мекемесіндегі атқарған жұмысымды дұрыс бағалап, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев мені Қалалық атқару комитетінің кеңес төрағасы етіп сайлады.
Қала халқының өтініш-тілектері маған бұрыннан мәлім болатын. Білек сыбана кірісіп, қызмет еттік. Иә, көп жерге жұмыс бабымен шақыртулар болды. Бәрінен бас тартып, елдің, туып өскен жерді өрге сүйреуге ниетті болдым. Жиырма жыл қаланы басқардым. Белгілі ел азаматтарымен бірге азды-көпті жұмыстар істедік. Туған жерге деген махаббатым мені ауданнан алыстатпады.
– Сіз туралы көзкөргендер жұмыстан тыс уақытта бау-бақша өсірумен айналысқандығыңыз туралы көп айтады. Тіпті аулаңызда экологиялық аймақта өспейтін жеміс-жидектер де болыпты. Жерді баптаудағы құпияңыз бар ма?
– Ташкенттегі институтта сырттай оқыдым дедім ғой. Сессия кезінде барғанымда сондағы достарым үйлеріне шақырып қонақ ететін. Сол кезде олардың ауласын көріп, таң қалатын едім. Жайқалған жеміс-жидектің түр-түрі көз жауын алады. Кейін отбасын құрып, жеке үй салғанымда аулама жеміс-жидектің бар түрін ектім. Қазалыға жерсіне қоймайтын құрманы да өсірдім. Қызмет бабымен ауданға келген облыс әкімінің орынбасары Б.Жаукебаева ауламдағы құрманы көріп қатты таңданғаны әлі есімде.
– Қазір Алматы қаласында тұрасыз. Елмен байланысыңыз қалай?
– Елдегі елең еткен жаңалықтың ешбірінен қалыс қалған емеспін. Алматыда жүрсек те Қазалыдағы аудандық, облыстық деңгейде өтетін шаралардың бәріне біркісідей атсалысамыз. Қайда жүрсең де туған жерге бүйрегің бұрып тұрады. 2014 жылы қазақтың ержүрек батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының туғанына 240 жыл толу мерейтойын республикалық дәрежеде өткізу жоспарланғанда Алматыдағы қазалылықтардың ұйымдастыру кеңесінің мүшесі болдым. «Жанқожа батыр» қорына қаржы түсіруге белсене араласып, 7 миллион теңгеден аса ақша жинап, бүкілхалықтық іске лайықты үлес қостық. Бұдан өзге де іс-шараларға қызу қолдау көрсетіп келеміз.
Ағайын-туыс, дос-жаранның шақыртуымен жылына 6-7 рет Қазалыға келіп тұрамын. Барлық жағдайың болса да елді аңсайсың. Көшеге шығып, кешке дейін жүрсең де бір адам келіп амандаспайды ғой. Ал елде тіптен бөлек. Мұнда келсең қолыңды қалтаңа салмайсың, көрген адамның бәрі амандасып, хал-жағдай сұрасып жатады. Туған жердің ерекшелігі де осында.
– Туған жерге тілегіңіз...
– Жері жомарт, халқы ақжарқын ауданның абыройы асқақтап, берекесі ортаймасын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қарашаңырақ іспеттес Қазалы көркейіп, гүлдене берсін!
– Аға, әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
09 қараша 2019 ж. 1 447 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930