Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ер еңбегі ұлықталды

Ер еңбегі ұлықталды

2016 жылы Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейге елімізге еңбек сіңірген инженер-гидротехник, екі мәрте “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Ержігіт Бозғұловтың есімі берілгені белгілі. Сонан бері аталған мектептің ұлағатты ұстаздары мен білімді шәкірттері республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып, көш басынан көрініп келеді.
Белгілі тұлғаның туған күнінде, яғни, 2 ақпанда білім шаңы­рағында Ержігіт Бозғұлов­қа арналған музей ашылды. Музейде Ержігіт Сексенбайұлының өмір жолы толықтай көрі­ніс тапқан десек, артық айтқандық емес. Бұл жерден оның жастық шағы мен еңбек еткен жылдарындағы, отбасы мүшелері және түрлі сапарларға шыққан кездегі суреттерінің барлығы табы­лады. Сондай-ақ тәрбие­леген шәкірттері мен өмір жолындағы жеке суреттеріне де орын берілген. Киген киім­дері, тұтынған заттары, оқыған кітаптары да қойылған. Бұл кейінгі ұрпаққа рухани әрі пат­риоттық тәрбие берері сөз­сіз. Мұндағы көптеген экспонат пен кітаптар, құжаттар мен фотоматериалдар туған-туыстары мен балаларынан жинақталған.
Салтанатты шара “Ел сыйлаған Ераға” атты кеш­ке ұласып, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттық­тау сөз сөйледі.
– Ержігіт Бозғұлов өнегелі еңбек үлгісін көр­сетіп, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты, ол ісін қалың жұрт­шылық әлі күнге ұмыта қойған жоқ деп есептеймін.
Оның Қазалы аудандық «Машина-экскаватор станциясында» бригадир болып басталған еңбек жолы іскерлігінің арқасында кейін «Күріш кеңшар құрылыс бас басқармасына» қарайтын облыс жайылымдарын суландыру жөніндегі құрылыс-мелиорация басқармасының бастығы лауазымына жоғарылатты. Осы уақыттары Қызылқұм, Қарақұм мал жайылымдарын суландыруға, Сыр жағалауындағы күріштік алқаптарын тегістеуге ерекше атсалысты. Осылайша, Сыр өңірі ырысының артып, берекесінің тасуына тікелей ықпал етті. Еңбек ескерусіз қалған жоқ. Оның есімі Одақтық Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің «Құрмет кітабына» жазылды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі ескеріліп, «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
«Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» дейді халқымыз. Сондықтан да, Ержігіт Сексенбайұлының өнегелі өмірі ел есінде мәңгі сақталғаны – оның өлшеусіз еңбегінде деп айтуға толық негіз бар. Бүгін міне, саналы ғұмырын халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға арнаған азаматтың мол мұрасын жинақтап, өскелең ұрпақтың есінде мәңгі қалдырау мақсатындағы музейдің ашылу салтанатына куә болып отырмыз.
Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Кешегімізге көрсетілген құрмет, келешегіміздің баянды болуына жол ашады. Ендеше, есімі мен өнегелі істері – Сыр елімен бірге жасап келе жатқан тау тұлғаның тарихқа толы музейі құтты болсын, – деді аудан басшысы.
Бұдан соң Ерекеңнің жұбайы Назира Бозғұлова, шәкірттерінің бірі “Қазгермұнай” АҚ-ның вице-президенті Айтбай Көшербаев, қарындасы Гүлбаршын Сексенбайқызы мен баласы Марат Ержігітұлы сахна төрінде өз естеліктерімен бөлісті.
“Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өшпейтұғын артында із қалдырған” дегендей бұл кеште белгілі маманның қызметтік болмысы, адамгершілік қасиеті туралы пікір айтушылар көп болды. Олардың қатарында видеосәлем жолдағандар да бар. Алғашқы болып Ерекеңнің шекпенінен шығып, кейіннен үлкен өңірдің, атап айтар болсақ, Ресей Федерациясындағы Шешен-Ингушетия елінің министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарына дейін көтерілген Имран Муллаев абзал аға туралы жүрекжарды лебізін жеткізді. Мұнан соң ізбасарларының бірі “Асар-холдинг ЛТД” ЖШС директоры Қожахмет Баймаханов, шәкірті Қызылорда қалалық бейімдеу орталығының директоры Бақыт Нұртазаев та Ерекеңнің ерліктерін тілге тиек етті. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, “РЗА” АҚ президенті, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов та бірге жұмыс істеген шақтағы Ержігіт Сексенбайұлының ақыл-кеңесі арқасында талай биікті бағындырғанын атап өтті.
Біз музейдің ашылу салтанаты үстінде Ержігіт Сексенбайұлымен бірге қызметтес болған еңбек ардагері Сақыбай Нармағамбетовты әңгімеге тартқанымызда:
– Сыр елінде мелиорация жұмыстарының қарқынды орындалуына үлесін қосқан азаматтың бірі – Ержігіт Сексенбайұлының ел мүддесі жолындағы ерен еңбегі ұмытылмайды. Көп жылдар облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХІV съезінің делегаты бола жүріп, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің жеті мәрте алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі» атағын алған Ержігіт Бозғұловқа арнап музей ашқан мектеп ұжымына айтар алғысымыз шексіз, – деді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
05 ақпан 2019 ж. 2 062 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930