Елге қызмет – мәртебелі міндет
Қазалы қалалық мәдениет үйінде төл мерекеміз Тәуелсіздіктің 26 жылдығына орай «Елге тағзым» атты мерекелік ән кеші өтті.
Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында туған жерге тағзым ете келген қасиетті Қазалының біртуар азаматтары, облыстық білім және ғылым қызметкерлері, кәсіподақ комитеті және облыстық мәслихат депутаттары Мінәжәдин Өтеев, Ибадулла Тілеп пен Аманбай Ерхатовтың алғы сөздерінен бастау алды.
Кештің құрметті қонақтарының демеушілігімен ауданымыздың білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарға Астана қаласындағы «Нұр әлем» көрмесіне тегін жолдама табысталды. Тәуелсіздік мерекесіне орай өткен оқу жылындағы Алтын белгі иегерлерінің бастауыш сынып мұғалімдері облыстық кәсіподақ комитетінің алғыс хатымен марапатталса, тағы 19 ұстаз аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің Алғыс хатын алды.
Сонымен қатар, Айнұр Кенжалиева, Жасұлан Өксікбаев пен Бағдат Әбдіқалиева Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасына ие болды.
Шара концерттік бағдарламамен тәмамдалды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.