Білім саласындағы бедерлі істер
Бүгінгі таңда білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Оның ішінде мұғалім мәртебесін арттыру, жаңаша реформа мен оқу орындарындағы заңнамалар дамудың даңғыл жолына түсіп келеді десек қателеспейміз. Сол себепті жетілуге бағыт алған аудандағы оқу мекемелері де бірталай нәтиже көрсетуде. Мәселен, 3 пен 6 жас аралығындағы балалар толықтай балабақшамен қамтылып, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша кәсіптік білімі бар педагог қызметкерлердің үлесі 49 процентке жеткен. Сол сияқты біліктілігін арттырып, жоғарғы санатқа өткен ұстаздардың да үлесі өскен. Осы және атқарылған өзге де жұмыстар жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалиден сұраған едік.
– Бектұр Асанханұлы, ең алдымен білім саласына жүктелген, алда атқарылатын міндеттер туралы айтып өтсеңіз...
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық бағдарламасында білім саласы бойынша негізгі басымдық ретінде 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функционалдық сауаттылығын дамыту тұрғысында мектеп стандарттарын жаңарту, табысты мектепті ынталандыру жүйесін құру керектігін көрсеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар реттілігімен атқарылып келеді. Сондай-ақ оқушыларға сапалы білім беретін кадрлар дайындап, оларды оқу жарақпен қамтамасыз ету де бөлімнің негізгі міндетіне кіреді.
Елде орта білім және балалардың құқығын қорғау нысаналы индикаторы бойынша 2019-2020 оқу жылында төртінші сынып бойынша – 1683, тоғызыншы сыныптан – 1172, оныншы сынып оқушыларынан – 771 бала жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп отыр. Бұл тұстағы кедергілерді жою мақсатында жергілікті бюджеттен 168 млн 35 мың теңге қаржы бөлініп, 11 баспамен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде білім алушылар 4, 9, 10 сыныптар бойынша барлық оқулықпен қамтамасыз етілді.
– Жаңартылған білім беру жағдайында мұғалімдер саны жеткілікті ме? Олардың біліктілігі қалай анықталады?
– Ұстаз – білім алушыларды сапалы оқыту мен тәрбиелеуді дамытатын басты тұлға. Сондықтан олардың кәсіби шеберлігін бағамдау мен бағалау білім сапасын арттырудың баламасыз құралы болып есептеледі. Елімізде педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестациядан өткізу қағидалары мен шарттары өткен жылдан бастап жаңа форматқа ауыстырылды. Осыған орай аттестаттаудан өту үшін бір жарым жыл ішінде 1206 мұғалім, барлық педагогтардың 51 проценті ұлттық біліктілік тестлеуді тапсыруға өтініш білдіріп, оның 98 проценті қатысты. Сыннан сүрінбей өткен 800-ге жуық педагог комиссияның оң шешімін алып, мемлекет тарапынан берілетін қосымша үстемақыға ие болды.
Мұғалімнің санат бойынша өсуі оның білімділігі мен тәжірибесі молдығына байланысты екені анық. Оның бұл қасиеттерін дамытуға басшылық тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп отыр. Содан да болар аудан бойынша педагог қызметкерлердің жалпы санындағы бірінші және жоғары санаты бар педагог қызметкерлердің үлесі биыл бірнеше процентке артты. Бұл орайда мемлекеттің ұстаздарды ынталандырып, қосымша үстемақы тағайындауы білім беруші топтың ізденіс пен қажырлылық көрсетуіне сеп болып отырғанын айта кеткен жөн.
Қазірдің өзінде білім беру ұйымдарында сабақ беретін 2387 мұғалімнің жартысынан көбі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілігін арттыру курстарынан сәтті өтті. Тағы 796 мұғалім жоспарға сәйкес білімін жетілдіретін болады. Сонымен қатар білім беру ісімен айналысатын мекеме басшылары да лауазымына сай оқып, аттестаттаудан өтуі тиіс.
– Оқушыларға шет тілдерін меңгерту қазіргінің басты мәселесіне айналғаны жасырын емес. Шет тілі аудан балаларының шекесіне сыйып жатыр ма?
– Мектептерде жалпы саны 15454 оқушыға бірінші сыныптан бастап орыс, ағылшын тілдері оқытылады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы ересек және мектеп алды даярлық топтарында орыс, ағылшын тілдерінде дәріс жүреді.
Негізгі орта білім берудің «Ағылшын тілі» пәні тілді меңгерудің жалпыеуропалық жүйесіне (CEFR) сәйкес шетел тілін негізгі орта білім беру деңгейіне дайындауға бағытталған. Мектепті аяқтағаннан кейін білім алушылар ағылшын тілі бойынша В1 деңгейіне жетуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда мектеп түлектерінің 30-40 проценті ғана ағылшын тілін еркін меңгерген. Бұған мұғалімдердің тілдік орта қалыптастырып үлгермегені себеп болып отыр.
Алдағы оқу жылында шет тілі мұғалімдерімен әдістемелік жұмысты жоспарлау кезінде педагогикалық қызметкерлердің мүдделері мен сұраныстарын, олардың кәсіби шеберлігі мен дағдыларын назарға алатын боламыз. Сонымен қатар мектептерде оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ» жобасы негізінде драма үйірмелерін ашу жоспарда бар.
– Аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру ісі қалай үйлестіріліп отыр? Ерекше балалардың білім деңгейі қандай?
– Ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балаларды қолдау мақсатында өткен оқу жылында 725 оқушы психологиялық-педагогикалық, медициналық консультациядан өтті. Ал мектепке дейінгі жастағы 10 жеткіншек пен мектеп жасындағы 300-ден көп оқушы инклюзивті біліммен қамтылды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға кіріктірілген (инклюзивті) білім беруді ұйымдастыру бағытында Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте 2005-2006 оқу жылынан бастап «Психикалық дамуы тежелген» диагнозындағы балаларға арнайы түзету сыныбы ашылған еді. Өткен оқу жылында 8 сынып бойынша 83 оқушы білім алды. Оларға арнайы білім беру мақсатында дефектолог, логопед, педагог-психолог мамандарынан құралған 65 пән мұғалімі жұмыс жасады. Ерекше жағдайдағы балаларды өзін еркін ұстауға, қоғамның бір бөлшегі екенін сезіндіру мақсатында көптеген сайысқа қатыстырып, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру ісінде де ұстаздың біліктілігі, өзін-өзі жағымды ұстауы маңызды екені сөзсіз. Сол себепті осы жылы облыстық «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының «Инклюзивті білім беруді дамыту жағдайындағы білім беру ортасының мазмұны» тақырыбындағы курсына қатысуға үйден оқитын балаларға сабақ беретін 55 мұғалімді және мектеп директорларының орынбасарларын жібердік. Ал көзі нашар көретін оқушыларды арнайы оқу құралдарымен қамтамасыз ету аудандық бюджет есебінен шешіліп отыр. Осы диагноздағы 6 балақайдың керек-жарағы үшін 400 мың теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бұлардан бөлек мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында №2 «Айгөлек» балабақшасында ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балаларға арналған логопедиялық пункт жұмыс жасауда. Инклюзивті білім беруді дамытуға 96 орындық «Рауан» инклюзивті балабақшасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылдан бастап жұмыс істеп келеді.
– Ауданның бас ұстазы ретінде әріптестеріңізге артылған міндеттер жайында бір ауыз сөз...
– “Ұстаз болу – жүректің ұлылығы” деген тәмсілді ата-бабалар бекер айтпаса керек. Әрбір баланың жан дүниесіне үңіліп, рухани қолдаумен қатар терең білімді бала бойына сіңіру кез келгеннің қолына келе бермейтін дүние. Қазіргі күні олардың абыройы ақсақтап қалғаны жасырын емес. Ел ағаларының “Ұстаз мәртебесі” туралы Заң жасақтауды қолға алғаны көңілге медеу сыйлайтыны рас. Осы тұста қадірлі мамандық иелері, ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріне саулық отбастарына амандық тілеймін. Бар білгенін үйреткен оқушыларымен бірге асу-асу шыңдарды бағындырып, аудан абыройын асқақтатуларына тілекшімін. Саналы ұрпақ тәрбиелеудегі сауапты істеріне сәттілік серік болсын.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ