Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бала бесігі – кең дүние есігі

Бала бесігі – кең дүние есігі

Көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымызға тән бесік қасиетті мұра, салтымыздың ажырамас бөлшегі саналады. Кейде үйдің шатырында, күннен әбден қақталып, ағаштары қурап, сыры кетіп тұрған төл бұйымымызды көргенде өкініштен өзегің өртенеді. Қазақ шаңырақты, табалдырықпен бірге қастер тұтқан бесікке ешқашан аяғын тигізбеген. Қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған. Оның күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Тек өлген баланың бесігін ғана оның қорымының қасына қойғанын деректер мақұлдайды. Кезінде Төле би бабамыз: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен. Туған жердің, туған ананың терең мейірімінің, тәлім-тәрбиенің, ұрпақ жалғастығының айнымас символы саналатын бұл қастерлі құндылығымыздан бірте-бірте ажырап барамыз. Тіпті, балалы үйлердің өзі нәрестені кермелі не тербемелі жатын жиһаздарына жатқызады. Халықтық қалыптан қашып, бесікке бөлеуді неге бөтенсінеміз? Бұл туралы бірнеше адамды сөзге тарттық…

Эльмира НҰРЖАНОВА, жас ана:
– Үш баланың анасымын. Кіші қызым қысылып туылғандықтан, дәрігерлер бала басын бесікте шайқамауға кеңес берді. Бұрын ата-енеммен бірге тұрғанда енем балаларымды бесікке таңып тастайтын. Байлап қойған баланың қайдан мазасы болсын. Амалсыз денесін бір, басын бір қинаған соң ұйықтап қалады. Байқағаным, олар ешқашан тынығып тұрмайды. Шаршап оянады. Жақында интернеттен оқыдым. Бесік зиян екен. Қазір бөлек тұрамыз. Кішкентайымның қол-аяғын матамай, заманауи үдеріске орай киім кигізіп, манежге салып ұйықтатамын. Кейде қасымызда болады. Бір рет те бөлеген жоқпын, бөлемеймін де. Балам емін-еркін өссін. Басқалармен салыстырып қоямын, аяғы түзу, бойы ұзын. Ол бесікке байланысты емес. Қисық-қыңырын массаж да түзейді. Сонда да жақсы жетіліп келеді.

Несібелі ЖАЛЫМБЕТҚЫЗЫ, Батыр ана:
– Бала бесікке қарын шашы, тырнағы алынып, қырық қасық суға шомылдырғаннан кейін ғана жатады.
Алланың бергені, сегіз перзентті дүниеге әкелдім. Барлығы да бесікте өсіп-жетілді. Дендері сау. Немерелерімді де бесіктен айырмадым. Бесіктегі баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, денесі таза болады. Сондықтан ол жиі мазасызданбайды. Анасына да көмегі көп. Қазір оны ескіліктің қалдығы деп түсінетіндер бар. Жақында бір танысымыздың жаңа туған баласын дәрігер бесікке салуға рұқсат етпеді деп жерге жатқызып қойғанын көріп, таң қалғаным бар. Онсыз да әлжуаз баланы бұлайша қалай дамыта аламыз?
Тағы бір айтарым, бесік маңында баласын тербетіп отыру әйелдің ең көрікті кезі емес пе? Ұялы телефондағы даңғаза музыканың даусымен ұйықтату дұрыс емес. Нәресте қорқады. Қорыққан баланың ұйқысы да тыныш болмайды. Оның үстіне ана махаббатын сіңіретін бесік жыры айтылмаса, балалар тасбауыр болып өспей ме?
Сондықтан, балаларым, тазалықпен бірге тәрбиелік мәні зор бесіктен қашпайық.

Мөлдір НҰРАДИНҚЫЗЫ, дәрігер:
– Қазір қоғамда бесік туралы екіжақты пікір қалыптасып жүр. Бірі бесікке бөлеу дұрыс емес десе, екінші топ, керісінше, дәстүрімізді жаңғырту жөн дейді. Бесіктің бала денсаулығына пайдасы зор. Біріншіден, бесікте жатқан баланың қан айналым жүйесі жақсы дамиды. Яғни, тербеліп өскен бала атпен шапқанда немесе көлікке мінгенде жүрегі айнып, лоқсымайтын болады. Тартпабау аяқ-қолын байлап қысып, үнемі бір қалыпта ұстап тұрады. Үшіншіден, бесікте шүмек және түбек деген гигиеналық құрылғылар бар. Осының арқасында жамбасы құрғақ, денесі таза күйінде қалады. Төртіншіден, шалқалап жатқан баланың бел омыртқасы түзу, еңсесі тік болады. Бесіншіден, бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Онда баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі.
Жатырдағы бала құбылыстардың барлығын анасының денесі арқылы қабылдайды. Ал туғаннан соң аяғы шығып, өздігінше жүріп бейімделгенге дейін, оның денесі табиғи түрде қажетті тербеліске түсіп отыруға тиіс. Мұны іске асыратын нәрсе – тек қана бесік. Емшектегі бала бесікте жатса, оны қоршаған кіші кеңістікте (микроортада) өсіп-жетілуіне керек барлық физикалық жағдайлар, соның ішінде, ең негізгісі – жылу тұрақтылығы сақталып, заттар алмасу үдерісі қалыпты деңгейде өтеді. Сондықтан, дені-қары сау болуы үшін бөбек бесікке бөленуі қажет. Жас аналардан: «Дәрігерлер бесікке бөлеуге рұқсат етпейді» деген сыңаржақ пікірді де естіп қаламыз. Жалпы, «бесікті жоққа шығарыңдар» деген тапсырма бізде бұған дейін болған емес. Тек туабітті жүрек, өкпе, жамбас дертімен ауыратын сондай-ақ қан айналым жүйесі дұрыс қалыптаспаған, оқыс сүйек жарақатын алған сәбилеріміз үшін қолайсыздығы барын ескергеніміз жөн. Осындайда дәрігерлер нәрестелерді ақаулықтарына орай уақытша бесікке жатқызбауға нұсқау беретіні рас. Бірақ бала ауруынан айығып, қалпына келе бастағаннан бөлеуге болады. Өзім де баламды бесікке жатқызған аналар қатарындамын.

Лиля АРЗАХМЕТОВА, психолог:
– Бесіктің тәрбиелік және психоло­гиялық мәні аса терең.
Дәстүріміздегі «Бесік әкелу» рәсімі екі жақтың туыстық қарым-қатынасын нығайтып, жаңа босанған келіншекке де үлкен қуаныш сыйлайды.
Қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі де толық жетілмейді. Өздеріңізге белгілі, баланың мазасыздығы ананың психологиясына тікелей әсер етеді.
Құрсақтан анасының дауысын естіп үйренген нәресте тәрбиелік мәні зор тәлімді ән бесік жырын елітіп, тыңдайды. Бесіктегі балаға ана әлдиі сіңіп қана қоймай, қайырымды мінез қалыптастырып, қанына ұлттық қасиет дариды.
Бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды деген ұғым бар.
Тағы бір айта кетері, қазақ бесігінің аяғы еденге тиіп тұрған. Бұл дегеніміз, ішінде жатқан бала әлеммен тікелей байланыс жасайды деген сөз.
Тал бесік өскіннің ұстамды, сабырлы болып қалыптасуына көп көмегін тигізеді.

Қаламқас КЕНЖЕБАЕВА, тігінші:
– Бесіктің бағасын білмейтін қазақ жоқ. Оның қашан да бәсі биік, бағасы жоғары ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз. Бұрынырақта бесік жабдықтарын бізге арнайы тапсырыспен тіктіретін аналар, әжелер болатын. Қазір ондайларды кездестіру қиын.
Бесіктің матадан жасалатын жабдықтары болады.
Ши – бесіктің үстіне ұзына бойына жайылатын төсеніш болса, жөргек шидің үстіне төселеді. Құс төсек – түбек салынатын ойықшасы бар, ортасына құс мамығы салынып жасалатын жұмсақ төсеніш. Жастықты өздеріңіз білесіздер. Бесік енімен бірдей етіп жасалады. Қыста түйе жүнінен көрпе салынған. Жаялықтың да мезгілге бейім болғаны маңызды. Қолбау, тізебау кейде тартпабау деп аталатын баулық та тым ұзын, тым қысқа, қалың не жұқа болмауы тиіс. Қазір бесік жабдықтары бесіктермен бірге сатылады. Мал жүндерінің орнына көрпе-жастықтарына қалың етіп мақта салынған. Қатты жастықтан баланың басы ауырады, мойнына да айтарлықтай күйге түседі. Сырты вельюр матасымен тысталған. Синтетика бұл мата қыста суық, жазда ыстық. Оған баланың нәзік денесін тигізуге болмайды. Кішкентайларды барынша мақтадан жасалған табиғи жабдықтармен қамтып, сондай киімдер кигізген жөн. Себебі, бесік балаға ең жайлы орын болуы тиіс.

P.S. Астаналық 23 жастағы өнер­тапқыш Серікбол Шәймардан өздігінен тербелетін бесік ойлап тапқан. Smart бесіктер әзірге санаулы. Оған кез келгеннің қолы жетпейді. Алайда күнделікті қолданыстағы бесікті табу мүмкіндігі бәрімізде бар.
Кеңес үкіметі кезінде «бесіктен безендіру» саясаты қызу жүргенін тарихи деректер айғақтайды. Сол тұста бесікті лақтырып, өртеп, балтамен шапқандар да болыпты. Егемендік еншімізге тиіп, өшкеніміз жаңғырып, өткеніміз ұлықталып жатқан кезде бесіктен жат деп жеріну өзімізден, өрелі өркениетіміз бен дара дәстүрімізден бой аулақтату болып саналмай ма?.. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жақында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы да ұлттық дәстүр, тарихи тәжірибеге шекеден қарамай, оларды дамудың алғышартына айналдыру керектігіне үндейді. Ендеше «Ел боламыз десек, бесігімізді түзеп», барымызды бағалап, атадан қалған аманатқа адал болайық, ағайын!

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
17 маусым 2019 ж. 1 823 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930