Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңселі елорда – ел мақтанышы

Еңселі елорда – ел мақтанышы

Асқақ Алатау төсінен Сарыарқадай ұлы далаға қоныс аударған бас қала – Астанаға қазір бүкіл әлем назарын тігіп отыр. Астана шын мәнінде жер жүзінің айтулы қалалары қатарынан орын алды. Күн санап көркейіп, ай санап айшықтанып, жыл санап жайнап келеді. Құдды көшпелі екенімізді еске түсіріп, ұлы далаға Ақорданы тігіп, керегімізді жайып, өрісімізді кеңейтіп, қымызымызды сапырып, ат шаптырып, тойға дайындалып жатқандаймыз.
Иә, дәл солай. Енді аз ғана күндерден соң Астана өзінің жиырма жылдығын тойлайды. Бір қарасаң қас-қағым сәт деуге болар, бірақ адам ғұмырымен өлшегенде жиырма жас, жиырма жыл жалындап, қарыштап есейетін уақыт. Астана елордасы атанған күні дүниеге келген сәби, бұл күндері Астананың өркендеуіне өз үлесін қоса бастады.
Астана өзінің мерейлі күні жақындаған сайын құлпыра түсуде. Жақында Н.Назарбаев атындағы Астана халықаралық әуежайынан жолсапарға шығуға тура келді. Сонда әуежай басында кездескен грузин, әзербайжан азаматтарымен бір ұшақта ұшудың сәті түсті. Сонда олардың Астананың бүгінгі келбеті, оның қонақжайлылығы туралы айтқан жүрекжарды сөздерін есітіп, көңілім бір марқайып қалды.
Ойыма 1998 жылдың қысы оралды. Астана бас қала деген мәртебе алып, мемлекеттік қызметшілердің алды келе бастаған алғашқы жыл еді. Шынын айту керек, құла түздегі бұрынғы Ақмоланың ескі мұрты бұзыла қоймаған кезі, қысы да суық, салқын қарсы алғандай болғаны рас. Бірақ жаз шыға құрылыс қанаты кеңінен жайылып, ескі қаланың іші-сырты үлкен құрылыс алаңына айналды. Көз алдымызда биік ғимараттар бірінен соң бірі тұрғызыла бастады. Сол жағалаудан мүлде жаңа, заманауи, әлемдік ғимараттардан қалыспайтын үйлер мен мекемелер, сауда орталықтары, демалыс орындары салынды. Ақорда, «Бәйтерек», «Хан Шатыр», Министрліктер үйі, Қазмұнайгаз, Қазтеміржолы мекемелері және басқа көптеген әсем ғимараттар бой көтерді.
Бас қаланың қарқынды дамығаны соншалық, біздің өзімізше «қызыл ауыл» деп ат қойған жаңа шағын ауданымыз, қаланың бір шетінде қалып қойды. Ауданымызға жақын «Жерұйық» атты саябаққа Елбасының өзі келіп, ағаш отырғызғаны кеше ғана сияқты. Елбасы отырғызған ағаш дегеннен шығады, Астанада бой көтерген әрбір ғимарат, әрбір ағашты елорданы осы Сарыарқаға көшіру туралы идеяны дүниеге әкелген Президент Н.Назарбаевтың өзі қадағалап, бақылады десек, тарихи шындықты айтқанымыз. Тағы да сол ағаш, саябақ дегеннен еске түседі, сол кезде Елбасы бастамасымен отырғызылған Астана маңындағы жас желек ағаштар, бұл күнде бас қаланы жел-құздан қорғайтын, әрі демалатын үлкен жасыл орманға айналды. Оның ішінде Сарыарқа табиғатына төзімді аң-құстардың бірнеше түрі пайда болды.
Міне, Астана тұрғындарының жақсы дем­алуларына жағдай жасайтын саябақтар мен демалыс орындары бір бөлек болса, Астанаға келетін қонақтар үшін де бар жағдай жасалған. Жоғарыда аталған халықаралық әуежайдан басқа, «Нұрлы жол» атын алып жаңадан ашылған темір жол вокзалының ғимараты да жолаушылар үшін өте қолайлы. Қазір осы вокзалдан еліміздің барлық облыстарына «Тұлпар» атты жүрдек пойыздар жүйткейді. Олар бұрын екі тәулік жүретін жерлердің бәрін екі еседей қысқартып, Астанаға келудің уақытын жылдамдатты. Оның алғашқы жемісін еліміздің тұрғындары Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде көрді. Қазір осы ЭКСПО қалашығының әсем ғимараттары Халықаралық қаржы орталығына айналса, тұрғын үйлері жаңа үй алушылардың қуанышты жаңалығы болып отыр.
Енді келер жылы Қызылордадан Сарыарқаға қарай тартылып жатқан газ құбыры Астанаға жететін болса, бас қаланың жағдайы одан сайын жақсарады деп күтілуде.
Өзінің жиырма жылдығын осындай жетістіктерімен қарсы алып отырған әсем Астананың тұрғыны ретінде айтарым, бас қаламыз бір күнде тұрғызыла қойған жоқ. Оның әрбір тасы, көшесі, көпірі, үйі, ағашы үшін қыруар еңбек жұмсалды. Айтпақшы, жаңа Астанаға қоныс аударған біздің де елордаға келгенімізге биыл жиырма жыл толып отыр. Сондықтан, Астана тойы біз үшін – қос бірдей қуаныш.
Қазір үлкен мереке жақындаған сайын әр облыс өз жетістіктерін еліміздің бас қаласына арнап, елордаға келіп, мәдени өнер туындыларын көрсетуде. Өзім Сыр бойының тумасы болғандықтан туған елден келген жаңалықтарға құлақ түріп жүремін. Жақында Астанада Байқоңыр атты жаңа аудан ашылғанына қатты қуандық. Бұны алғашқы астаналардың бірі болған Ақмешітке – Қызылордаға, еліміздің басты брендісінің бірегейі Байқоңырға жасалған құрмет деп те түсінуге болады.
Әңгімеміздің басын көшпелілер ордасынан бастадық қой. Шынында да орда деген сөз біз үшін қадірлі де қасиетті ұғым. Алтын Орда, Көк Орда, Қызылорда, Ақ Орда... Мұның бәрі ұлы дала шежіресі. Енді міне, Астана сол ұлы даланың елордасына айналып отыр.
Жаңғырған, жаңарған Астананың – еңселі елорданың мерейлі тойы құтты болсын, ағайын!

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана қаласы.

26 маусым 2018 ж. 3 132 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930