Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өртке ораған отшашу

Өртке ораған отшашу

Төрт адамдық аурухана палатасы. Бөлме іші ала көлеңке. Таң атып қалса керек. Үш бөлікке бөлінген үлкен терезеден жартылай жарық түсіп тұр. Есік саңылауынан дәліздегі жарықтың сәулесі жылтылдайды. Анық болмағанымен адам сұлбасын көруге болады.
Жанар дөңбекшіп түнімен көз ілмеді. Таңды әрең атырды. Күні кеше жандарына түскен оң қапталдағы жап-жас қыздың жанына батқан дертті ауырсынып, қинала күрсінген даусы құлағынан кетер емес. Қазір тыныш, ұйықтап қалса керек. Бұл бойжеткен жаққа ұрлана көз тастады. Аяқ-қолы дәкемен толық оралған. Қимылсыз жатыр. Қимылдауға шамасы да жоқ болар. Денесінің көп бөлігін күйік шалған демеді ме кеше медбике. Құдай сақтағанда бетіне зақым келмепті. Қасы-көзі қап-қара, үріп ауызға салғандай сүйкімді қыз екен. 16-17-дегі бойжеткенге ұқсайды. Бұл палатаға кеше түске таяу келді. Басынан басқа жерінің сау тамтығы қалмаған. Кеудеден аяқтың башпайына дейін жұқа дәкемен бірнеше рет оралған. Қоларбада отырды. Медбике әкеліп жандарына жайғастырғанда бұндағы үшеу жанашырлық танытып, төсегіне жайғасуына жан ұшыра жәрдем етті. Бәрінің көкейіндегі сауалға медбике: «Күйген. Үшінші отадан шықты. Көмектеріңізді көрсетерсіздер» – деп шығып кетті. Бұл үшеуі тек қана жанары жәудіреп жатқан жас қызға «Шай ішесің бе? Тамақ жейсің бе?» деп бәйек. Бойжеткен тек басын шайқайды. Бетін жас жуып, үнсіз жылайды. Жанар үлкендік танытып, жұбату сөз айтпақ болып бір-екі рет оқталып еді. Мына халін көріп, аузына сөз түспеді. Бар айтқаны «Жылама, әлі-ақ жүгіріп кетесің» болды. Келгеннен бір нүктеге қадаған жанарын тайдырмай жатқан қыз түн баласына сандырақтап шықты. Сөзі түсініксіз. Дегенмен жанұшыра көмек сұрап жатқандай. Бір сәт үні шықпай қалды.
Жанар қинала күрсінген дауысын да ап-анық естіп жатты. Жанына жақындап, бірдеңе деуге дәті шыдамады. Көзін жұмған күйі жата берді. Таңғы беске таяу бойжеткеннің көзі ілінді. Ал Жанардың ойы сан-саққа жүгірді. «Не болды екен? Осыншама күйетіндей. Әлде үйі өртенді ме? Басқа отбасы мүшелері аман ба екен? Қой, не ойлап кеттім. Жазатайым жағдай шығар. Не де болса, өз аузынан естірміз. Құлантаза сауығып кетсе болғаны» – деп қалта телефонына қол созды. Сағат азанғы алтыдан кетіп барады екен.Теріс бұрылып жатқысы келіп еді. Төсегі сықырлап кетті. Бөлмелестерінің тәтті ұйқысын бұзып алмайын деп тып-тыныш жата қалды.
Жанар иығына тиген қолдан оянып кетті. Қай кезде көзі ілініп кеткен. Ұйықтап жатыр екен. «Сіздің дәріңіз» деп күлімсіреді бұған қарап, медбике қыз.
– Рақмет
– Ем болсын, әпке.
Шығып бара жатып медбике: «Ботакөз, Сізді қазір келіп алып кетемін», – деді. Күйген қыз басын изеді. Ботакөз десе, бота көз екен. Әдемі жанарын одан әрі әсемдеп тұрған ұзын кірпіктері көмкеріле орналасқан. Кешегідей емес, бүгін қабағы сәл ашылғандай. Күлімсіресе, ажары нұрланып кететін қас сұлу.
Барлығы оянып алыпты. Жанар да жуынып-шайынуға кірісті. Жуынатын бөлмеден шыққанында бірге жатқан қыздардың бірі: «Ботакөзді күтейік. Келген соң бірге шай ішерміз», – деді. Біраздан соң есік ашылып, қоларбаның алдыңғы дөңгелегі ішке енді. Дәкесін жаңалапты.
Ананы-мынаны сөз етіп төртеуі шай ішіп отыр. Ботакөз бүгін бұларға қосылған. Ептеп қолы қимылдайды екен. Ешқайсысы «қалай болды?» деуге бата алмады. Кесесін ұсынып жатып, «жаңа жылдық кеште болды», – деді. Бағанадан Ботакөздің аузын бағып отырған бұлар сұраулы жүзбен бойжеткеннің бетіне «ары қарай айтсаңызшы» дегендей үздіге қарады. «Студентпін. Тоғызыншы сыныптан кейін колледжге оқуға түстім. Биыл соңғы курсымыз еді. Студенттік жылдардағы соңғы жаңа жылымызды ерекше қарсы алуды әу бастан жоспарлап едік. Керемет дайындалдық. Топтасымыз Әселдің үйінде өткіздік. Ауласы кең, зәулім үйге жиналып, кешімізді бастап кеттік. Тіпті шыршаны есік алдына құрып, айнала би биледік. Сағат тілі түнгі 12-ні соғарға бес-он минут қалғанда үдере сыртқа шықтық. Осы жолы от шашуды көп алдық. Түр-түрінен. Тіпті бір рет жанғанда жан-жағын сүттей жарық қылатынды да бағасына бас ауыртпай сатып алдық. Топтастарым бірінен кейін бірі қолдарындағы отшашуды тұтандырып, аспанда жарық-жұрық еткен сәулелер қаптап жатты. Құрбым Айдана екеуміз оларға қарап керемет көрініс деп таңданып тұрдық. Бір кезде көйлегімнің етегіне шоқ түскенін байқадым. Аяғыммен таптап, қолыммен ұрғылағаным есімде. Айданадан басқасы бұл күйімізден бейхабар. Музыка, у-шу, күлкі, тарсылдаған отшашу дауысы. Көйлегімдегі жалын дендеп, денемді жандырып барады. Құлағымда құрбым Айдананың жанұшыра айқайлап жатқан дауысы қалды. Одан кейінгісі осы аурухана төсегі, – деп Ботакөз әңгімесін аяқтағанда жанарынан төгілген тамшылар суып қылған шайына тырс-тырс тамып жатты.
Жанар күні бойы Ботакөз жаққа көз тастаумен болды. Денесің жетпіс пайызы күйген. Әлі талай отадан өтуі керек. Әлгінде әңгіме арасында өзі айтқан. Алайда аяққа тұрып кетуі екіталай екенін дәрігерлерде жасырмапты. Жанардың жүрегі қарс айырылды. «Әттең, сол отшашуды алмай-ақ қойғанда» Опа бермейтін отшашуды жек көрді. Қызғалдақтай құлпырған жап-жас қыздың халіне Жанардың жүрегі жаншылды. Тамағына тығылған өксікті тоқта алмай дәлізге шығып кетті. Ботакөздің ішкі арпалысы тіптен бөлек еді...
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 желтоқсан 2023 ж. 275 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031