Қоларбаға таңған құлаққап
Айман көзін ашып, төсектен түрегелмек болып еді, құлағы шуылдап, басы айналып кетті. Өз-өзін билей алмай, жастыққа сұлқ құлады. Бөлме іші жап-жарық. Терезеден түскен күн сәулесі денесін қыздырып барады. «Мәссаған, таң әлдеқашан атып кеткен секілді. Анам мені неге оятпаған? Қап, сабақтан кешіккенім болмады. Бүгін емтихан ғой», – деп алға қайта ұмтылды. Бірақ денесін басқан зіл батпан бойжеткеннің басын көтеруге де шамасын келтірмеді. «Бұнысы несі, маған не болған?», – деп әлдекімді іздегендей, айналасына алақтады. Бұл жатқан төсектің оң жағына жапсарлас тағы бір керует тұр. «Мен қайдамын, бұнда қалай тап болдым? Әлде ауруханада жатырмын ба?» – деп ойы сан-саққа жүгірген Айманның жанына ақ халат киген екі адам жақындады. Жүрегі зырқ етті. Ер кісі аузы жыбырлап, бірдеңе айтып жатыр. Орта бойлы, ақсары келген келіншек бұған аянышты көзбен қарайды. Айман: «Маған не болды?» деп сұрағысы келген, алайда дауысы шықпады. Қимылсыз қалғанына қорқып жатқан қыз құлағы ештеңе естімегесін, одан әрі есі шықты. Еріксіз көзінен жас ытқып жүзін жуып кеткен. Айманға қараған медбике келіншек те мұңлы жанарын төмен салды.
***
Айман күн санап жүр. Аурухана төсегіне таңылғанына екінші апта. Бұған да бойы үйренгендей. Алғашқы кездегідей емес, дауысы қалпына келіп, құлағы еститін болды. Анасы, бауырлары жанынан табылып, көңілін аулайды. Кеше топтас достары жағдайын сұрай келді. Оқу барысындағы қызықтарды айтып, біраз отырды. Қоштасарда жан құрбысы Ләззат: «Арман да бізбен келгісі келген. Сабағынан босай алмады. Ертең міндетті түрде ертіп әкелемін», – деп жымың қақты. Бұның «Жоқ керек емес. Бұл күйімді көрмесін» деген сөзін тыңдамастан, күлімдеген қалпы қол бұлғап, бөлмеден шығып кетті.
Айман мұңайып қалды. Арман екеуі бірге оқиды. Бірінші курстан-ақ көңіл жарастырып, қол ұстасып қатар жүрді. Екеуі де өз тобының үздік студенттері. Әне-міне дегенше студенттік кезеңді аяқтап, маман атануға аз-ақ қалған. Оқыстан орын алған оқиға асыл армандарын бір сәтте ойран етті. Келешегі бұлыңғыр бойжеткен өзін қол арбаға таңған қайғылы күнді еске алды.
Күндегі әдетінше анасымен қоштасып, үйден жүгіре шықты. Кеш бойы кітап ақтарып, емтиханға дайындалды. Түн жарымына дейін отырып, төсегіне жатты. Әрі-бері дөңбекшіп ұйықтай алмай қойды. Құлағына құлаққабын киіп, ұялы телефонынан әуен қосты. Айман құлаққапты үнемі киіп жүреді. Неге екенін қайдам, сабаққа шығып бара жатқанда да солай. Автобуста, көшеде тіпті кейде үйде де пайдаланады. Сондайда анасы: «Қызым, құлаққап зиян. Қатты қажеттілік болмаса пайдаланба», – деп ескертеді. Анасының тілін алып, шешсе де бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайтын.
Әуеннің ырғағына елітіп, оқу орнына қарама-қарсы беттегі аялдамаға жетті. Автобустан түсіп, жан-жағына қарады. Жақын маңайдан көлік байқамады. Үлкен жолдың бойын кесіп өтпек болып, алға жүргені есінде. Одан кейінгі оқиғаны бауыры Шолпан: «Көше қиылысынан шыққан жеңіл көлік алдынан сап ете қалған жүргіншіні көргенде тежегішті қанша басқанымен үлгермепті. Сені ауруханаға жеткізген сол көліктің иесі»,– деп баяндаған.
***
Алты аптадан кейін Айман ауруханадан шықты. Қоларбадағы күйінен қымсынып, тағы бір апта үйінде жатты. Тағдырдың жазғанына көніп, бойындағы батылдығын жинап, оқуын жалғастыруды көздеді. Бастапқыда бұған мүсіркей қарағандар көп болды. Ондайда ызадан булығып, түнімен жылап шығады. Бәйек болып жүгірген бауырлары мен қас-қабағын аңдыған ата-анасын көргенде еңсесін қайта тіктеп, алға ұмтылды. Алғыр қыз қалып қойған сабақтарды еселеп оқып, қатарластарына жетіп алды. Топтастары қайда барса да Айманды тастаған емес. Арман да әркез жанында. Ауру болды деп алыстамады. Керісінше жігерін жанып, арбадан арылып, аяққа тұруына қолдау көрсетті. Айман қажетті ем-домын алып, жаттығулар жасады. Уақыт өте келе екі балдақтың көмегіне жүгінді. Қыздарының диплом алар салтанатты сәтте сахнаға өз аяғымен көтерілгенін көрген ата-ана егіліп жылады. Бұл қуаныштың көз жасы еді. Табан астынан тағдырын тәлкек еткен құлаққапқа қазір Айман қарамайды.
***
Бүгінде Айман үйінен асығыс шықты. Жылдамдата жүріп, автобус аялдамасына жетті. Бұл жолы оқуға емес, жұмысқа. Бір кезде қарама-қарсы орындыққа жайғасқан апа жанында түрегеліп тұрған бойжеткеннен: «Қызым сағатың қанша болды?» деп сұрады. Қыз тіл қатпады. Оның үнсіздігін ерсі көрген Айман оған анықтап қарады. Құлағында құлаққап. Белгісіз бір күш орнынан еріксіз тұрғызды. Әп-сәтте құлаққап таққан қыздың жанына жетті. Бар ойы одан келер қатердің көптігін айтқысы келді. Алайда аялдамаға келіп автобус есігі ашылғанда, бойжеткен түсіп қалды. Айман қоғамдық көліктің терезесінен сыртқа қайта-қайта қарағыштай берді...

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА