Одақты таңғалдырған оқиға
Өмір – өзен, зымырап бара жатқан заман. Ойлап қарасам, қаншама іс атқарылып, жоба жүзеге асты. 1981 жылдың күзінде поселкелік атқару комитеті депуттаттарының басқосуында барлық қиындықтарды жеңудің жолын қарастыру заңға сәйкес дербес жұмыс істеуге бетбұрыс жасау қажет болды. Көше мен аула тазалығын сақтау және көркейту-көгалдандыру шараларын жақсартуға жаппай мән берілді.
Аудан орталығы Жаңақазалы поселкесі тегістелмеген ойықта орналасқан. Аяқсуды насоспен жіберілгеннің өзінде жұмыс қиындықпен атқарылады. Сондықтан ағаш егу бізде үрдіске айналмаған. Оның үстіне Арал теңізінің суы қайтып тұзға айналған экологиялық апат аймағы деген ат таңыған кезі. Қалай болғанда да көшелердің бойына арық тартып, аяқсу келтіріп тұрғындардың ауласына тал отырғызу мәселесі мазалады. Халық серуендеп тынығатын мәдени орталық өте қажет екені түсіндірілді. Ұлы Отан Соғысы жылдарында майданнан қайтпай қалған 5 мыңнан астам қазалылыққа ескерткіш орнату керектігі ойда жүрген еді. ҰОС Жеңісінің 40 жылдығына “Жеңіс” паркін асар салып жасау жайлы бастама көтерілді. Жиындарда игі бастаманы депутаттар мен актив мүшелері бірауыздан қолдады. Халықпен кездесулерде де бұл мәселені тұрғындар қоштады. Содан соң елге үндеу жарияланып, халық жиынының хаттамасы негізге алынды. Поселкенің шығыс бетінен 80 гектар жер белгіленді. Мекеме, мектеп, кәсіпорындарға жерді бөліп, қолмен тегістеу, арықтарды қазып, күзгі ағаштар отырғызу жұмыстарына тапсырмалар берілді. Саябақты салудағы мақсат – ауданның еңбек адамдары бос уақыттарында тынығатын, серуендеп бой жазатын, Отан үшін жанын пида еткен бабалар ескерткішіне жас ұрпақ тағзым ететін орталыққа айналдыру болатын. Поселкенің шеті шығыс бетіндегі ойлы-шұқыр жерді тегістеп арам шөптерді жою, ешқандай техникасыз аяқсу жүретін арықтарды қолмен қазу, ағаш өсіріп, жолдар мен құрылыстар салу, жарық жүргізу жұмыстарын ақысыз-пұлсыз жасату айтуға оңай болғанмен оны атқару оңайға түскен жоқ. Кім тегін жұмыс істеуге құмар, оның үстіне көреалмаушылық, жүйкеге тиетін сөздер әлі күнге естен кетпейді. Сонда да болса межелеген жоспардан таймадық. Осы жұмыстарды жүргізу мақсатында біреулерді мақтадық, келесілерін сынадық. Кейбіреулер жұмысқа мойын бұрып, сенбі мен жексенбі күндері еңбек құралдарымен саябаққа ағыла бастады. Осылайша парктің негізін қалауға жаңа серпін пайда болып қызу жұмысқа кірістік. Қаратаудың қара тасын “ПЧ-60” мекемесіне алдыртып, Ұлы Отан соғысы жеңісіне 40 жыл толу мерекесі қарсаңында “Жеңіс паркі” салынды деп жазу орнатылды. Халық жиындары өткізіліп, парк салу жағдайы толық түсіндірілді. Әр мекемеге міндеттелген күйі ел болып 1981 жылы күзде жұмыс басталып кетті. Айналасын қоршау, сауда орындарын ашу, ұрандар жазу, би алаңы мен сахна іске қосуды әрбір ұйымға бөлінген жұмыстарының орындалуы бақыланды.
Жолдың жобасы жасалып, үстіне асфальт төселді. Рельстен бордюрлер салу жұмыстарын бірінші болып бастаған ДРЭУ “ПЧ-70” мекемелерінің басшылары поселкелік Кеңестің депутаттары: Ұмыттырған Таңжарықов пен Мәжит Абдуллаевтар еді. 200 орындық жазғы үлкен сахнаны “Локомотив” депоның басшысы Тұраш Сегізов, Сапарбай Розметов бастаған жұмысшылар бас қақпаны орнатты.
Ертегілер қалашығы мен фонтан салған вагон депосы мен аудандық СЭС басшылары: Сержан Берденов поселкелік кеңестің депутаттары: Әзімжан Әліпбаев пен Темірхан Әбдіқадіров болды. Іргетасын құйып, ұзындығы 20 метр темірден «Достық» кафесін жасаған “ХРСУ” мекемесінің бастығы, поселкелік Кеңестің депутаты Сахи Шалбасов, “Қарлығаш” атты ұзындығы 20 метр мейрамхананы аудандық тұтынушылар одағының басқарма бастығы, аудандық Кеңестің депутаты Кәрім Тәжмағамбетов. “Отан үшін от кешкендер” аллеясын Әбдіғани Әбжанов, “ШЧ-2” мекмесінің бастығы Жансары Пазылбековтер іске қосты. ПМС мекемесінің басшысы Серікбай Сұлтамұратов, “ПЧ-60” Едіге Құсанов, “ШЧ-2” Ғани Ысқақов, Ашықбай Тоғымов, тағы басқалары да қол ұшын созды.
Парктің ішіне дербес электротрансформатор орнатып, түнгі жарықпен қамтыған “КРЭК” мекемсінің сол кездегі бастығы поселкелік Кеңестің депутаты Бегім Бодықов еді. Көлемі 80 гектар жерге фундамент құйып, темір шартақпен қоршап берген “ПМК-86” құрылысы мекемесінің бастығы, поселкелік Кеңестің депутаты Самұрат Имандосов, қазақтың ұлттық ойын-сауық өткізу алтыбақандарын құрған теміржол электростанциясының бастығы поселкелік Кеңестің депутаты Кемал Аманов, үлкен сахна мен би алаңын жасаған Вагон депосының бастығы Арғын Орынбаев, ТРЗМ-Нұрлан Әлмағамбетовтар болатын. Мектептегі баладан бастап, қартқа дейін ағаш егіп, көркейтуге белсене қатысқан мекеме басшылары, мектеп директорлары Күләш Мергенбаева, ГПТУ директоры Молдабай Ақниязов, Жұмабек Құлбаев, Серік Қуанышбаев, Ләззат Ізбасқанова, Бақыт Сәтбаев, Марат Құдайбергеновтер бекітілген учаскелеріне ие болды.
1981 жылғы күзде жер тегістелді. Арықтар қазылып бір мәрте аударылып күзгі қаламшалар, 1-2 жылдық ағаштар дария жағасынан жиделер тамырымен қопарылып әкелініп ретімен отырғызылды. Қыстай мекемелерге алтыбақан, турник, футбол қақпасы, волейбол, баскетбол тақтайлары мен панолар, ұрандар, аркаларды дайындау жұмыстары басталды. Парк күн сайын көріктеніп көлемі кеңейіп адамдарды қызықтыра бастады. Екі жылда ағаштар кісі бойына өсті. Фонтандар мен карусельдер, билярд, би алаңдары, стадион салынды. “Сабақты жіп сәтімен” демекші, дер кезінде 1983 жылдың 14 қазан айында ауданға партия комитетінің бірінші хатшысы болып Елеу Көшербаев келді. Жүргізілген істі қолдады. Қаза тапқан қазалылықтарға арналған ескерткіш мәрмәр тасқа жазылған есімдер, мәңгілік алау оты, тағы басқа атракциондар мен ойын автоматтары басқа да спорттық ойындар орналастырылған үйлер салынып, көркейту жұмыстары жедел жүргізілді. Кезінде халқы үшін айтарлықтай тер төккен аға буындардың еңбектерін бүгінде ел біледі. Сол үшін оларды құрметтейді. Кәсіпкерлер базар бастығы Құдайберген Мұсаев, Ибайдулла Тілеп, Өмірзақ Түктібаев, Аманбай Ерқатов, Бекқали Бекбауылов, мешіттің бас имамы Сағындық Жақып, мәдениет бөлімінің басшысы Жетіскен Мәкенәлиев, аудандық газет редакторлары Әлмәмбет Әлішев, Қасқырбек Мәмбетжановтардың еңбектері ерекше.
Халқымызда “Аттың бәрі қазанат емес, жігіттің бәрі азамат емес” деген нақыл сөз бар. Ол кезде де көпшілікке орынсыз сын айтып, қисынсыз арыз жазғандар болған. Мұндайда “Ит үреді, керуен көшеді” деген ұранмен жұмыс көздеген мақсатта бітті. Қалың бұқарамен тіл табысудың арқасында бірліктің күші мен біткен саябақтың ішінде 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі ұлан-асыр той болып өтті. Халық серуендеп, демалатын, боздақтарға тағзым ететін “Жеңіс саябағы” осылай дүниеге келді.
Бүгінде Жеңіс саябағына кіре қалсаң таза ауа, сылдырап аяғымен арықтан ағып жатқан су, жапырағы желмен желбіреп, иін тіресіп өскен түрлі ағаш көрген көзге тартымды. Келешек тәрбиенің ұясы – Жеңіс саябағы еңбекті ақтайтын таланттарын мақтайтын, тарихын сақтайтын қастерлі де, қасиетті орын.
1985-1990 жылдары облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек ері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков Қазалыға жол сапармен келгенде: “Бұл жер ашық аспан астындағы жалпыға бірдей салынған Академия ғой, қаншама адамға ой салатын нақыл сөздер, аяқ бассаң іші толған ақыл, әйтеуір, есі дұрыс адам болса саябаққа бір кіріп шыққанның өзінде ойы өзгеріп, білімге сусындап шығары сөзсіз ғой, деп Елекеңнің иығына қолын салып тұрып: Мұндай саябақ облыстың орталығында жоқ, «Вы берите пример как работать и отдыхать, учитесь от казалинцев. Это просто прелесть. Тарихты жастарға осылай оқыту керек” деп ізіне ерген облыс басшыларына шаттанған түрде қарап, келешек осындай жұмысты Сіздерден де талап етемін” деп баға берген болатын. Бұл “Жеңіс” паркі Қазалының даңқын Одаққа шығарған. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық табиғат қорғау жиынында баяндалған. «Известия», «Правда» газет беттерінде жарияланып, абыройды көтерген қазалылықтардың мақтанышына айналған киелі орын болды. Елекеңнің орындауға үлгермей, армандап, артына аманат етіп кеткен жұмыстарын кейінгі басшылар жалғастырып отырды. Осындай ел сыйлаған асыл жанның бізге тапсырған аманатын орындауды парызымыз деп санадық. Жаңадан ауылшаруашылық, теміржолшылар мен кәсіпкерлер аллеялары ашылып, қоғам қайраткерлері, білім, ғылым, жазушы, журналистердің суреттері ілінген. Парктің ішіндегі жолдар кеңейтіліп, табанына брусчаткалар төселіп, екі қапталына бордюрлер салынып, фонтандар атқылады.
Аудан әкімі Бақыт Жақанов екі пушка әкеліп орнатып, брусчаткалар салдырды. Айтбай Көшербаев “Құрмет алаңында” 21 елдімекен ағаш үй тігетін жерді биіктетіп, арнайы орын жасалды. Киіз үй іші жасақталып, ақ дастарқан төрінде соғыс және тыл ардагерлері өткен өмірді еске алып, жастарға батасын ақ ниетпен берді. Елге адал қызмет етіп, әділ билік жасаған ұрпақтары еңбегін елеп, өнеге ету мақсатында Нәжімәдин Шамұратов 13 елге еңбегі сіңген қайраткерге бюст орнатты.
Өкінішке қарай кейінгі уақыттары парктің ішіндегі көптеген объектінің би алаңы, сахна, бассейн, ертегілер қалашығы, панолар мен аркалар, 192 өсиет сөз тақталары мен бордюр орнына салынған рельстердің қолды болып кеткенін жасыра алмаймыз. Биыл Жеңіс паркінің іргетасы қаланғанына 40 жыл толды.
Қазіргі күнде аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы Оразбаев көптеген жобаны іске асырып келеді. Сырдария өзеніне Қарлаң көпірін салу, ипотекалық тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, көшелерге асфальттар төселіп, елдімекен араларына жолдар салынды. Тек соңғы кездері тозыңқырап кеткен “Жеңіс паркіне” көңіл бөлініп, іс-шаралар межеленсе нұр үстіне нұр. Сондықтан да “Мәңгілік қазақ елі” идеясын бәріміз бірге аудан болып жүзеге асыруға атсалысайық.
Оразғали БЕКБАНОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы