Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшелерді көркейтетін кім?

Көшелерді көркейтетін кім?

Төрткүл әлемге таралған ­пандемия жаһандық тіршілікке айтарлықтай кедергі келтіргенімен табиғаттың заңдылығына шектеу қоя алмасы анық. Бүгінде көктем құстары көкте қалықтап, жасыл-желектің жапырағы жайқалып, айналаның сәнін келтіріп тұр. Бұл тұста өткен жылы көктемгі тазалық, ағаш отырғызу және оны суару ісі қарқынды жүргізіліп, қоршаған ортаның гүлденуіне жайлы жағдай жасалды. Кент көшелеріне жауапты мамандар бұндай келелі іс биыл да өз жалғасын табатынына сендіріп отыр.
Осы кезге дейін абаттандыруға қажет құрылғыларды сатып алу үшін қомақты қаржы қарастырылған. Мәселен, 2017 жылы бөлінген осындай қаражатқа «СНП-50-80» насосы, «К-290-30» маркалы электронасостың екі данасы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда аталған құрылғылар кент көшелеріндегі саялы ағашты үздіксіз суғарып тұр. Аяқсу Ақарық пен Қараарық каналдарынан тартылуда.
Қазіргі таңда кент тұрғындары көше жиегіне арық қазу туралы жиі мәселе көтереді. Олар өзі тұрып жатқан тұстың да көлеңкелі ағашқа айналғанын қалайтыны түсінікті. Сұранысты қанағаттандыру бағытында Әйтеке би кенті әкімдігі тиісті шараларды іске асыруда. Қазірдің өзінде аудан орталығындағы 43 көше толықтай аяқсумен қамтамасыз етілген. Тағы 12 көшеге тіршілік көзі өз аяғымен барады. Қалған 31 көшенің тұрғындары бау-бақшасын су сорғыш насостармен суғарады. Мамандар осы кезде 32,3 шақырымдық арықшаға аяқсу айдап отырғандарын айтты.
Соңғы кездері орталық көшелердің кейбір тұсына су толық бармағанын білеміз. Өйткені кенттің жартысына жуық аумағы Ақарық каналына тәуелді. Ал онда өткен жылдан бері бетондау жұмысы жүргізіліп жатқандықтан солтүстік-шығыс бөлігіне жасанды тосқауыл қойылған. Солай бола тұра арық бойын құрғатуға болмайтыны түсінікті. Осыған орай Шалабай каналы арқылы жаңадан балама арық қазылып, кенттің батыс және орталық бағытына су жеткізу жоспарланған екен. Дегенмен соңғы кездері су мөлшері төмендеп кеткенін айта кеткен дұрыс. Әкімдіктің шаруашылық бөліміндегілер биыл сәуір айының ортасынан бастап барлық арықтарға аяқсу жіберілгенін, су деңгейі түскесін каналға насостар орнатылғанын тілге тиек етті.
Бұл жұмыстың барлығы ағаштардың тіршілік нәрінен таршылық көрмей, жайқала өсуі үшін жасалып жатқаны мәлім. Суару мәселесі жүйеге келтірілгендіктен биыл 11 мың дана тал егуге тиісті қаржы бөлінді. Сәйкесінше оны жүзеге асыратын серіктестіктердің де атын атауға болады. Жаңа жыл қарсаңында ғана пайдалануға берілген аудан әкімдігінің алды мен жаңадан тұрғызылған Әйтеке би кесенесінің айналасына «Көркем Сервис» мекемесі 2000 дана көшет орналастырды. Сонымен қатар Ж.Аймауытов көшесіне 600, С.Мұқановқа 600, Т.Бөріқұлақов бойына 800 және Қ.Пірімов көшесіне 1000 талды орналастыру ісін «ЭкоСервисКонсалтинг» серіктестігі жеңіп алған. «ҚазалыСтройСервис» мамандары ағымдағы жылы Жетес би ескерткіші алдына 200 дана ағаш екті. Бұдан бөлек аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі Әйтеке би кентіне кіреберіс автожолының айналасына «Жасыл белдеу» қалыптастыру мақсатында 6000 тал отырғызды.
Биылғы абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары үшін 19 миллионнан астам қаржы бөлінеді деп күтілуде. Оның 4,5 миллионға жуығы аяқсу айдау, насостарды пайдалануға жұмсалмақ. Орталық алаң, вокзал маңы мен тарихи-мәдени ескерткіштердің күтіміне 2 миллиондай ақша қарастырылған. Ал қалған қаржы кент көшелері тазалығын сақтау, сырлау, талдар, жол белгілерін күтуге, түрлі мазмұндағы лозенглер ілуге бағытталған.
Бұдан бөлек тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын қоқыс жәшігін орнатып беру адам басына шаққанда 1970 теңге көлемінде бекітілгенін айта кетейік.
Аудан көшелерін жасыл желекпен көмкеріп, ауаның тазаруына әрбір тұрғын үлес қосуы тиіс. Өйткені қоршаған орта да, туған жер де ортақ. Карантин уақытында есік алдына бір тал болса да ексеңіз өзіңізді туған жерді көркейтуге атсалысқан, елжанды азамат ретінде сезінеріңіз сөзсіз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
25 сәуір 2020 ж. 924 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930