Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аяқсу жағдайы алаңдатады

Аяқсу жағдайы алаңдатады

2018 жылдың 9 қазанында «Қазалы» газетінің №76 санында «Кент келбеті» айдарымен берілген ақпараттар легінде «Алты көшеге аяқсу тартылуда» тақырыбында мәлімет жарияланған болатын. Онда «5 квартал аумағында ұзындығы 5,8 шақырым болатын 6 көшені (Жароков, Қазбек би, Елховников, Ш.Айманов, С.Инабатов, З.Шүкіров көшелерінің екі жағын) аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында труба арқылы жеткізу жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жұмысты атқару үшін «ҚазалыТұлпары» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Мамандардың айтуынша, бұл жоба қазан айының соңына дейін атқарылып іске қосылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде тұрғын үйлер аяқсумен қамтылады деп күтілуде» делінген. Шындығында бұлай болмады. Көп ұзамай бұл жаңалықты естіген С.Инабатов көшесінің тұрғыны Тілеуқабыл Көбеков өз наразылығын білдірді. Оның мәлімдеуінше, бұл көшенің бір беткейіне ғана аяқсу құбырлары жүргізілсе, екінші жағы еленбеген. «Бұл қалай болғаны?» деген сұраққа тиісті орындардан жауап та берілді.
Құзырлы орган қызметкерлерінің сөзінше, Әйтеке би кентін абаттандыру, аяқсумен қамту күн тәртібінен түсірілмейді. Бас мердігер «ҚазалыТұлпары» ЖШС-мен жасалған келісім бойынша, 5 квартал аумағындағы ұзындығы 5,8 шақырым болатын 6 көшеге аяқсуды жеткізуге арналған желі тартылды. Нәтижесінде 325 үй қамтылды. Алайда кент тұрғыны атаған жайт жобада қаралмаған, қосымша жұмыстар мердігер мекеме тарапынан атқарылды. Сонымен бірге болашақта көшенің қалған бөлігіне аяқсу құбырын апару жолдары қарастырылады деп сендірген болатын. Дегенмен екі жылға жуық уақыт өтсе де көшенің екінші бетіне аяқсу құбыры жүргізілмек түгілі істелген шара да көңілден шықпапты.
Тұрғындардың айтуынша, қалай болса солай қазылып, көмілген құбыр қанша уақыт жердің бетіне шығып жатқан. Соның салдарынан, бірі қақ айрылып, екіншісі жапырылып сынуға сәл қалғанда жақында жөнге келтірген. Ал жаз бойы сарылдап ағады деген аяқсуды бір жетілеп күткен халықтың біріне су келсе, екіншісінде мүлдем тамшы да тамбаған. Себебі 325 үйді сумен қамтуға жалғыз мотордың күші жетпейді.
Бұл жоғарыда аталған көше тұрғындарының көріп отырған жағдайы. Бүгінде олардың көкейінде бірнеше сауал сайрап тұр.
– Айтылған 6 көшенің екінші беткейіне су желісі қашан жүргізіледі? Уәде еткендей су айдайтын екінші мотор құрыла ма? Көктем кетіп, жазда келді. Бірақ егілген тал мен бақшаны суаратын аяқсу жүргізілмеген 6 көшенің бір жағы тағы сусыз қалмасына кім кепіл? Біз де басқалардай оның игілігін көргіміз келеді. Жанымыздағы С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің жайқалып тұрған қаншама ағаштары қолмен суғарылады. Осыны көріп тиісті қызметкерлердің жайбарақаттығына қынжыламын. Бұл жылы да аяқсусыз қаламыз ба? – дейді Ш.Айманов көшесінің ақсақалы Ертуған Дәрменов.
Осы жағдайға тікелей жауап беретіндер Әйтеке би кентін абаттандыру шарасы күн тәртібінен түскен емес деген уәжін жеткізді. Сонымен:
– Жұмыс нәтижесі бойынша көше бойында орналасқан 325 үй аяқсумен толықтай қамтылады. Тұрғындар аяқсуды құбырға қойылған /вентиль/ қондырғыларын пайдалану арқылы тұтына алады. Бұл көшелерді суландырудағы алғашқы тәжірибе. Егер де оң нәтиже беріп жатса, алдағы уақытта да жобаны жалғастыру мүмкіндігін қарастыру ­жоспарда бар. Жоғарыдағы аталған көшелердің қалған бөлігіне аяқсуды труба арқылы жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы бөлдіру үшін бюджеттік комиссияға ұсынылады. Ал ішінара кеткен олқылықтарды кезең-кезеңімен қалпына келтірудеміз, – дейді Әйтеке би кенті әкімдігінің мамандары.
Дегенмен үміттері үзілген көше тұрғындары аяқсу құбырларын жүргізу талабының осы жылы да жүзеге асатындығына күмәнмен қарап, дүдамал күй кешуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
02 маусым 2020 ж. 841 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930