Ағаш отырғызу жұмысы жүргізілді

Тал егу айрықша ыждағаттылықты қажет етеді. Әрбір түптің тамыр жайғанын қалайтын серіктестіктің бөлім бастығы Асылбек Әбдіхалықов:
– Ерекше көңілмен жерді арнайы шұңқырға бөліп, ағаштың ыңғайлы өсуіне қолайлап, суды ұстап тұратындай етіп жасап жатырмыз. Өйткені ертең бұл балаларымызға сая, айналаның көркі болады. Егер уақытылы күтім жасалса, ағаштар тамырын жайып, жерсініп кетеді, – дейді.
Айта кетейік, көшет отырғызу барысында сол маңайдан жиналған көше ақсақалдары Шайхислам Үмбетбаев, Ердеш Дербісәлиев, Көпжан Өтеулиевтер арнайы келіп жұмысшыларға алғыс айтып, ақ батасын берді. Сонымен қатар 5-ші квартал аумағының ақсақалдар төрағасы Аман Дінахметов игі істі қолға алғандарға ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде:
– Бүгінгі күні бұл жер мәдени орынға айналып, осы маңайда барлық іс-шаралар өтеді. Мұнда қуантатыны су мәселесінің бір жолға қойылғандығы. Шешен әрі елге билік еткен Жетес би саябағы басына осындай жұмыстар жасап жатқан аудан әкіміне және бөлінген қаржыны игеріп отырған «Қазалы Строй Сервис» ЖШС-нің басшысы Әділбек Сарабековке барлық тұрғындардың атынан алғыс айтамын. Алдағы уақытта да үлгілі жұмыс жалғасын тапса, көпшіліктің қуанышына сеп болар еді, – деді.
Расында ескерткіш тақта айналасына егілген талдарға су апта сайын 1 рет, 4 мезгіл құйылып тұрады екен. Бұл «Қазалы су сервис» МКК ұжымына міндеттелген.
Халқымызда кез-келген жан артына бір тал ағаш отырғызып кетуі қажет деген жақсы бір тәмсіл бар. Міне, осы айтылғандай орын тапқан әрбір қаламша жайқала өскен ағашқа айналса, көңілге шаттық ұялатпай ма?!
Абзал ЖОЛТЕРЕК