Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адалдықтың айшықты белгісі

Адалдықтың айшықты белгісі

Заманалар көшінде қиындыққа қасқая қарсы тұрып, адамдықтың ақ жолынан айнымаған ардақты да асыл аналар аз болмаған. Солардың бірі – зұлымдық пен қатыгездіктің құрбанына айналған Бегім сұлу. Киелі де, қасиетті ана туралы аңыз әңгімелер жетіп артылады.
Осындай тарих қатпарынан жойылмай, бүгінгі күнге жеткен ескірмейтін естеліктердің бір парасы былайша өрімделеді.
Ертеде Сырдарияның төменгі ағысына Санжар атты хан билік құрады. Хандықтың астанасы – Жанкент шаһары болыпты. Санжар Созақтың маңында өмір сүрген Қарабура Әзім әулиенің қызымен отау тігеді. Бегім елден асқан сұлу жан екен.
Бір жолы Санжар хан нөкерлерімен аң аулап, серуен құруға шығады. Бірақ аңға түсетін қаршығаның басына кигізетін томағасы ұмыт қалғанын біліп, оған уәзірін жібереді. Үйге келген ол Бегім сұлуды көріп, талықсып қалады.
Біраз кідіріп жеткен уәзірінен мұның себебін сұрағанында «Тақсыр, бәріне сіздің зайыбыңыз кінәлі...» – деп өтірік айтады.
Ашудан алай-дүлей күйге түскен хан Бегім сұлудың бұрымын қиып, қолын шауып жәбірлейді.
Бұл жағдайды Қарабура Әзім әулие түсінде көріп, суыт түрде ханға барады. Қызының кінәсі жоғын, таң шапағы көрінгенше қолы мен бұрымы өз қалпына келетінін жеткізеді.
Ертеңіне хан бұрынғы кейпінде тұрған Бегім сұлуға орнынан қозғалып, тілдеспекке жақындайды. Алайда, сол сәтте Бегім сұлу құс болып, көк төсіне көтеріледі.
Жаны жабырқаған Қарабура Әзім әулие Санжар ханды: «Еліңді жылан жұтсын!» – деп қарғайды. Ұзамай аспаннан үлкен мес түсіп, оны біреулер қылышпен шапқанында ішінен жыландар шығып, қала тұрғындарын шағып, шетінен құртады...
Бегім сұлудың құс кейпінде ұшып келіп қонған жерінде ескерткіш-мұнара пайда болады. Бұл Қазалы қаласынан жетпіс шақырымнан астам қашықтықта, Арал ауданындағы Жаңақұрылыс пен Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылы аралығында ірге тепкен. Биіктігі 10 метрден асатын күйдірілген кірпішпен өрілген еңселі кесене бүгіндері қыз-келіншектер қауымының алыстан ат арылта жетіп, тәу ететін орнына айналған. Х-ХІІ ғасырдың ескі мұрасы саналатын тарихи-мәдени нысан 1989 жылы қайта қалпына келтіріліп, мемлекет қамқорлығына алынған.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Әйтеке би кентіндегі «Тәуелсіздік аллеясы» бойында Бегім ананың құрметіне мәрмар тастан биіктігі 5 метрлік көрікті ескерткіш тұрғызылды.
Халық «Ақтың оты өшпейді» дейді. Мезгілінде шерменде күйдің шырмауына түскен Бегімдей ғазиз ананың тағылымды жолы сұлулық пен адалдықтың айшықты белгісіндей келер ұрпақ жадында мәңгілік сақтала бермек.
Сахи ҚАПАР

07 наурыз 2019 ж. 4 169 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031