Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұрпақтар сабақтастығы ұлықталған

Ұрпақтар сабақтастығы ұлықталған

Ежелгі грек елінде әрбір тайпа мен қауымның түп тамырының қайдан шығып, тарағанын баяндаған хикаяттар мен аңыз әңгімелерді генеалогия деп атаған екен. Біздің данагөй қазақ халқы да бұл мәселеге әлімсақтан айрықша мән беріп, ұрпақтарына ата-тегін біле жүруді үйретіп отырған. Бұрынғылардан қалған «Жеті атасын білмеген ұл – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл – құлағы мен жағын жер» деген нақыл сөздер осындай тәлім-тәрбие тініне байланысты айтылып, бүгінге дейін жетсе керек.
Десек те, кешегі біртұтас Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған жылдары атадан балаға жалғасқан жаһардай асыл құндылықтарымыздың арқауы босап, ұлттық болмысымыз біршама бұрмалауға ұшырағаны жасырын емес. Сәтін салғанда Алла жарылқап, тәуелсіздіктің нұрлы шапағының арқасында өшкеніміз жанып, қазақы қалпымыз қалыпқа түсті. Абзал аталар аманаты ардақталып, ел еңсесі заңғар биікке шығандады.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сана туралы «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын»,– дейді. Осы ретте келешектің қайнар күші – өскелең ұрпақ жадына тарих тағылымдарын сіңіріп, азаматтық келбетін нығайтуға ықпалын тигізетін шығармалардың орны бөлек, тәлімі терең. Бұл орайда еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры, совхоз партия комитетінің хатшысы, аудандық білім бөлімінің және аудан әкімі аппараты бөлімдерінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шарафадин Алтынбаевтың «Әлім кішкене баба Есенәліұлы» атты тарихи-ғұмырнамалық эссе кітабы жарыққа шығып, көптің көзайымына айналғандығына тоқталып, көкейге келген жылы лебізімізді ортаға салғанды жөн көрдік.
Әйтеке би кентінде тұратын ардагер ұстаздың Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» баспа үйінде басылған аталмыш еңбегінде Кіші жүздегі Әлімнің алты баласының бірі – Жаманақтан тарайтын Кішкене бабаның өмірдерегі, оның ақылдылығы, адалдығы, мақсат жолындағы табандылығы мен тұлғалық келбеті айшықталған. Бәйдібек абыз бен Нүрила (Домалақ ана), Қоңыр, Құланбикедей асыл аналар туралы қызықты деректер баяндалған. Сонымен бірге онда қасиетті бабадан тараған Жиеней, Жолшара, Асан, Үсен, Құрманай, Құттық аталығының бұрынғы және бүгінгі тұяқтары, оның жұрағаттары жайлы мәліметтер мен фотосуреттер де оқырмандар назарына ұсынылған. Мұнан өлке тарихын зерттеуге құлшыныс білдірген көпшілік қауым мен жас өскіндер мол мағлұматтарға қаныға алады.
Біз тілге тиек етіп отырған «Әлім Кішкене баба Есенәліұлы» атты кітаптың алғы сөзінде ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Лесбек Тәшімов туыстық қарым-қатынастар нормасын қатаң сақтау, жеті атаңды танып, шежіре тарата білу қазақ дәстүрінде – өмірлік қажеттіліктен туған тұжырымдар екенін атап өтеді. Сонымен бірге «Шарафадин Алтынбайұлының Кішкене бабаның келбеті мен бүкіл адами болмысынан дерек беретін Шораяқтың Омарының «Шайыр» атты кітабынан «Нағашым» деген төрттағанын, Кішкене бабасы туралы, Жем атырабындағы Қожахметұлы Ыбырай қарияның әңгімесі бойынша ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, атақты «Темірлан» романының авторы Еркінбек Тұрысовтың 1992 жылы шыққан «Бәйдібек» атты кітабындағы «Құла айғыр, құлан және Құланбике» әңгімесін тағы басқа да 40-қа жуық тарихи-шежірелік әдебиеттерді пайдаланып жазған еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін қажет туынды» деп пайымды пікір түйіндейді.
Олай болса ұрпақтар сабақтастығын ұлықтауға лайықты үлесін қосып, оқырмандар жүрегіне жылы шуақ сыйлаған авторға біз де жазарыңыз көбейіп, ойыңыз салиқалы да салмақты бола берсін деген ізгі тілегімізді жолдаймыз.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистар Одағының мүшесі.
30 қаңтар 2018 ж. 3 388 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930