Шырақты не үшін жаққан?

Анимистік наным бойынша өлген адамға от қамқорлық етумен бірге, ол оның жауы да болады. Өйткені ол мылқау, мейрімсіз, тілсіз жау. Осы түсінікпен бұрындары қырық шырақ жағу – исламға дейінгі наным-сенім бойынша қайтыс болған адамның әруағына арнап қырқы өткенше шырақ тұтатып артын күту ырымы болған. Бұл жоралғы марқұмның жаны қырық күн өткенше үйіне келіп “шырақ жағарым бар ма екен?” деп үйдегілердің жай-күйін біліп жүреді деген түсініктен туған. “Жаққаның шырақ болсын, мінгенің пырақ болсын” деген осыдан шықса керек.
Азалы үй кеш қараңғысы түсе, есікті айқара ашып, оң жақ босағаға ақ киіз төсеп, «әруақ дәметеді» деп тостағанға қымыз құйып, шырақтың қасына қояды. Кей жерлерде күніне он шырақтан төрт күн жағады.
Сондай-ақ осындай мифтік наным-сенімге үйір халқымыз “Қырық шілтен” атауын да айрықша қабылдаған. Ол көзге көрінбейтін, қиын-қыстауда атын атаса, батырды қолдап, қорғап жүретін пір, әрі әулие болған деп сенген. Қырық шілтен мифтік аңыздарда Ғайып ерен қырық шілтен деп те аталады. Әуелде Қырық шілтен көзге көрінбейтін кілең ержүрек қырық ер деген ұғымда қабылданып, батырлардың сыйынатын пірі болған. Парсы тілінде чіл “қырық” деген мағынаны білдіреді. Эпикалық жырларда батырлар ұрысқа кірмес бұрын Қырық шілтенді еске алып, пір тұтып сыйынатын болған.
«Қыдыр ата жар болып,
Қырық шілтен қолдай гөр.
Жолымды Құдай оңдай гөр», – деген шумақ жолдарымен шайқас алдында дұға еткен. Халық түсінігінде Қырық шілтен о баста батырлардың пірі ретінде қолданыла келіп, кейіннен әулиелер санатына қосылып қос функциялы қызмет атқарған. Ал эпикалық шығармаларда Баба түкті шашты әзіз көбіне батырларды желеп-жебейтін әулие санатындағы бейне түрінде ұғынылады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА