Пышақты жүзімен неге бермейміз?

Тілімізде эфемизмге айналған қылыштың «қырқар», «кескір», «кесер» сияқты тұспалды атауларында қару адам сияқты жанды саналып, белгілі деңгейде белсенділік пен еркіндікке ие болады. Сондықтан қазақтарда жауынгердің қаруы өз бетімен әрекет ете алады деген көне анимистік сенімнің негізінде қаруға қатысты түрлі тыйым қалыптасты. Мәселен, қылыш, пышақты адамға кезеуге болмайды.
Анимистік түсініктерге сәйкес дәстүрлі мәдениетте қарудың алдыңғы жаққа бағытталуы – тыныштық, әрекетсіздік болып қабылданды. Жоғарыға бағытталуы – жоғарғы дүниемен, әлемге билігін жүргізетін рухтар, Құдайлар әлемімен байланыс. Төменгі жаққа бағытталу – өлілер әлемімен байланыс болып түсінілді. Қарудың басының жоғары қарай тұруы, жүзінің алға қарай бағытталуы активті позиция – қарудың жандануы, әрекеттенуі, төмен қарай түсірілуі әрекетсіздік, қарудың жансыздануы (өлуі), тынышталуы, әрекетсізденуі болып табылады. Сондықтан да қазақтардың тыйым салттарында қаруды (пышақты) адамға бергенде басын, жүзін алға бағыттауға болмайды. Өйткені пышақ ұзарып, адамды жаралауы мүмкін. Яғни пышақ тіріліп, жанды зат ретінде өз бетімен әрекет етеді деп санаған. Қазақ ертегілерінде жауға сілтегенде қылыш, семсерлердің ұзаруы жиі айтылады. Ал керісінше, қаруды адамға сап жағымен ұсыну оны жансыздандыру, әрекетсіздендіру, зиянсыздандыру деп түсінген. Жорыққа, салтанатты шеруде жауынгерлердің қарудын басын жоғары көтеріп алып, жүруі қаруды активті позицияға көшіру, оның күшін, алдағы әрекетке дайындығын көрсеткен. Бейбіт жағдайда қарудың басы төмен қаратылып, әрекетсіздік күйге көшіретін болған. Көшпелі халықтардың жерлеу рәсімінде батыр қаза болғанда, иесі өлген қаруды басын төмен қаратып, жерге, мүрдесі басына шаншып қою дәстүрі осы түсінікке негізделген. Бұл сақ – скивтердің, түркілердің, қазақтардың молаларында кездеседі. Ол заманда қарудың басы төменгі дүниеге, өлілер әлеміне бағытталып қойылды. Бұл сенімнің көрінісін қазақтың батырлық ертегілерінен табуға болады. Батырдың жанын сақтаушы ретінде қару батырмен бірге жасап, онымен бірге өледі деп сенетін. Көшпелілердің жерлеу ғұрыптарында өлген жауынгердің қаруын сындырудың астарында осы көне діни сенім жатыр. Түркі халықтарының жерлеу ырымында қаруды бұзу, қазақтарда мұрагері жоқ батыр өлгенде, қаруын отқа жағу дәстүрі осыған саяды. Қаруды бұзу барысында ондағы адам жаны немесе қарудың өз жаны босатылады-мыс. Сол себепті көшпелілер моласында қарудың сынған қалдықтары, бүлінген қарулар көптеп табылады.
Сондай-ақ сол кездегі салт-дәстүр бойынша қылышты себепсіз біреуге көтеруге болмайды. Оны көтергеннен кейін қылышты пайдаланбау адамның өзіне қауіпті саналады. Суырылған қылыш тек қан шығарылып ғана қынабына қайта салынуы тиіс. Этнографиялық деректерге қарағанда, аталмыш жайтқа байланысты жауынгер ертеректе тым болмағанда өз бармағын кесіп, қан шығарып болғаннан кейін ғана қылышын қынабына салады екен.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ