Батыр баба хақында

Үйіне оралған соң Нұрекең болған жайды зайыбына айтқанда, ол кісі «Байқамай жүрсің бе, бұл балаңда қасиет бар ғой. Далада асыр салып ойнағанда табанына тікен кірмейді, мал қораны тазалағанда аяғы ластанбайды, табанына қи жұқпайды», – деген екен.
Жәкең дүниеден қайтқанда да ел-жұртын таң қалдырыпты. Батырды атасы Киікбай мен әкесі Нұрымбет жатқан қорымға жерлемекші болады. Қабыршылар Жәкеңді керегеге шалқасынан жатқызып, қос аттың беліне салып, жолға шығады. Алтай көлінің өткелінен өткен соң (бұл көл Қазалы жерінде, кейінгілер «Алтын көл» деп қате айтып жүр. – А.С.) Қазалы-Шымбай жолына жеткенде қос ат болдырады. Қабыршылар ақылдаса келіп, атан түйеге қоршау жасап, батырды соған жатқызады. Онымен шөккен атан тұра алмайды. Енді екі атанды қатар шөгеріп, Жәкеңді орналастырып «шу-шулесе» қос атан да тұра алмайды. Сонда ақсақалдар айтыпты дейді: «Батыр кәпірлер басып алған жаққа барғысы келмей жатыр. Шамасы, осы ұлы жолдың үстінде қалғысы келеді-ау» – деп. Сонымен Жәкеңді ұлы жолдың бойына қалдырады. Үлкендер: «Дұшпандары кейін әруағын қорлап жүрер», – деп бейітін әдейі елеусіз етіп салдырған көрінеді. Ал кейінгі ұрпақтары Жәкеңнен көз жазып қалмас үшін бейіттің тұсындағы төбеге сексеуіл үйіп, көз ұшынан көрінетін белгі жасаған. Содан бері заманалар желі үдере соққан ұзақ жылдарда ұлы жолдың үстімен тынымсыз өткендерден әруақ сыйлағандар сол сексеуіл белгіден 40 қадам шығып (оңтүстік-батыс жағынан), дұға оқитынын әкелеріміздің аузынан талай есіткен едім.
Сол жарықтықтар айтып отыратын: «Ақмырза қашқан» деген жерде «Жолбарыс төбе» деген арал бар, – деп. Ол аралдың тағдыры кейін қалай болды, біз оны қайдан білейік...
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
ардагер журналист