Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі

Аластау

Аластау — оттың киелi қасиетiне сенуден пайда болған тазарту тәсiлi, ұшықтаудың бір түрі. Аластау қазақтар арасында көне дәуірден келе жатқан анимистік және тотемдік наным-сенімге негізделді.
Аластау — адамдарды бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтауға бағытталған әртүрлі әрекеттер арқылы атқарылады. Оттың көмегімен жасалады. Аластау сөзінің түбірі алас от деген мағынаны білдіреді. Сонда аластау рәсімі ежелден орныққан отқа табыну жосынынан бастау алады деуге болады. Ауру-сырқаудың бәрi адамға жын-шайтан, албасты, әзәзiл мен перiлердiң соғуынан жабысады деп саналғандықтан, әрбiр көшкен сайын киiз үйдi де, малды да, мүлікті де аластайды. От тұтатып онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді аралата «алас, алас, ауру-сырқаудан алас, тіл мен көзден алас» деген сияқты магиялық сөздер айтады. Мұны жөн білетін, ем-домнан да хабары бар адамдар атқарды. Аластау сонымен бірге, тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылды. Мал індеті шыққан кезде түрлі шаралар жасалған соң арша, адыраспан сияқты өсiмдiктердi тұтатып қораны да аластаған.
Індетке шалдыққыш «айыпты мал» деп танылған түлікті аластаудың бiр жолы туралы Ә.Диваев жазды. Кешке қарай 10-15 қадам аралықта жерге қағылған екi ұзын қазыққа немесе қадаға ала арқанды астынан қой өтетiндей етiп керiп, оның қасына от жағып қояды. Қойларды ала арқанның астынан айдап өткiзген кезде қаданың қасында лаулап жанып жатқан отқа тұз себедi. Сөйтіп отқа жанған тұз сартылдаған дыбыс шығарады, тұздың әсерімен от та жарқылдап жанады. Бұл аластауды білдіреді. Қыстаудан жайлауға көшкен кезде бірінші күні қыстаудың маңынан 5-6 шақырым қашықтау жерге аялдап, жолдың екі жағынан үлкен екі от жағады. Әйелдердің жасы жағынан үлкені «қабақ сынды қайғы кетті» деп дауыстап қабақты сындырады. Бұл ырым қыстан аман-есен шыққандарына тәубешілікті білдіреді. Содан кейін оттың арасынан жүк тиелген түйелерді өткізеді. Өйткені көшпен ілесіп шыққан қаскүнем рухтар мен жын-шайтан отта қалып қояды-мыс.
Сол оттан ерлер мен әйелдер алас, алас деп дауыстап айтып секірген. Осылайша өздерін отпен тазалаған. Содан кейін барып, мал сойып, құдайы тамақ береді. Малды соярда бата оқығанда ескі жұртта есіркедің, жаңа жұртта жарылқа, — деп Аллаға сыйынып, қыстан аман шыққандарына тағы да тәубешілік білдіреді.
Келін босаға аттағанда аруақтарға арнап отқа май құяды. Келіннің енесі май құйылған отқа алақанын қыздырып алып, келіннің бетін сипайды. Бұл келіннің «жүзі жылы, өзімізге ыстық» болсын деген ниетті білдіреді дейді мәлімет берушілер. Баланы бесікке бөлердің алдында егде тартқан әйел бесікті аластайды. Мейлі күндіз, мейлі түн болсын бесікті шақпақ немесе май шам сияқты жарық шығаратын заттармен бас-аяғын айналдыра үш рет аластап, барып бөлейді:
Алас, алас, баладан алас,
Түрлі-түсті пәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Алас, алас, алас,
Қыла гөр Алла пәлеңнен қалас.
Жын-шайтан, жаман күштерді қуу үшін көптеген аймақтарында арша ағашымен, кейбір аймақтарында адыраспан мен тұзды араластырып аластау кездеседі. Жын-шайтандар жоламасын деп жаңа тіккен үйді де кептірілген адыраспан шөбін тұтатып аластаған. Ал, бақсы-балгерлер науқасты емдеген кезде жын-шайтандарды отпен қоса пышақ, қанжар, қылыш көмегімен қуалап, аластаған. Жын-шайтандарды аластап, қуалау үшін алдымен аруақтарын, пірлерін, жындарын көмекке шақырған. Сонымен ежелгі наным-сенім бойынша қазақы ортада от үйдің жарылқаушысы, «ошақ басы от қасының» желеп-жебеушісі ретінде айырықша қастерленді.
bilim-all.kz
17 желтоқсан 2019 ж. 4 778 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930