Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қолөнерді кие тұтқан қос шебер

Қолөнерді кие тұтқан қос шебер

«Әкелі-балалы Молдахмет және Бейсенбай Дүймановтардың қолөнерінде үлкен философиялық толғам, Аралға деген махаббат жатыр. Осындай ел дәстүрін өнеріне қанат еткен азаматтар барда қазақ халқы мәңгі жасай береді.» Бұл белгілі ақын Мұхтар Шахановтың өнер иелеріне берген бағасы.

Жоғарыда сөз еткен әкелі-балалы Дүймановтар кім? Олар туралы не білеміз? Ұлттық өнердің өркендеуіне қосқан үлесі қандай? Көпшілік Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ұжымы ұйымдастырған «Ұлттық қолөнер – ұрпаққа ұлағат» атты көрме мен «Ұлы даланың ұлттық дәстүріндегі өнер иелері» атты тағылымды шарадан көп нәрсені көкейге түйіп қайтты.
Қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты кеште әкелі-балалы Молдахмет және Бейсенбай Дүймановтардың өнегелі өмір жолы мен бойына қонған қасиетті қолөнері туралы сыр шертілді. 1929 жылы Арал ауданында дүниеге келген Молдахмет Дүйманұлы Арал теңізі жағасындағы Ұзынқайыр бастауыш мектебінде 4 кластық ғана білім алған. Оған себеп мектеп мұғалімдерінің екінші дүниежүзілік соғысқа аттануы мен әкесі Дүйманның өмірден озуы еді. Алғаш еңбек жолын Қаратерең балық қабылдау пунктінде қабылдаушы маманға көмекші болып бастаған. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген 1954 жылы «Арал су» портында краншы бола жүріп, автомектепте оқиды. III санатты жүргізуші мамандығын игерген Молдахмет Дүйманұлы №3 автобазда, автомектепте, ДОСААФ-та, 1966 жылы «Арал нан» зауытында бас механик және меңгеруші болып қызметтер атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Әкесі Дүйманнан берілген қасиетті қолөнермен 1986 жылдан айналыса бастаған екен. Зайыбы Әлима Уәлиқызымен өмірге жеті бала әкеліп, тәрбие берді. Ұлдарының ішінде Бейсенбай қолөнерге ептілігімен ерекшеленді. Өмірін өнерімен ұштастырған Бейсенбай Молдахметұлы Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы мектебін бітіре салысымен еңбекке араласты. Ол Арал кеме жөндеу зауытындағы ағаш жөндеу цехында I разрядты ағаш ұстасы, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында IV разрядты лаборант-фотограф болды. Латвияның Вильнюс қаласында болып, әскери борышын өтеп келген соң аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында ағаш ұстасы қызметін атқарған. Әкесімен бірге қолөнермен айналысқан. Әкелі-балалы қолөнер шеберлері қарапайым қолшаппамен қазақтың ою-өрнегін ойып, тарихи тұлғаларды жарыққа шығарды. Олар 100-ден аса республикалық, облыстық, аудандық көрмелерге қатысып, көпшілікке туындыларын таныстырды. 1999 жылы Арал ауданының «Жылдың үздік қолөнер шебері» атағын иемденсе, 2000 жылы Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, бірнеше рет облыс, аудан әкімінің арнайы дипломдарымен марапатталған.
Әкелі-балалы шеберлердің қолынан шыққан әрбір туындыдан келешектен бір жақсылықты аңсау, болашақты болжау байқалады. Ақын-жазушылар жырына, тарихи шығармаларына арқау еткен тұлғаларды, қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін ағаш бетіне ойып, бейнелеген қос шебер 1999 жылы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне 54 бұйымды сыйға тартқан. Бүгінде бұл заттар музей төрінде көздің қарашығындай сақтаулы тұр.
Әкелі-балалы Дүймановтардың шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға алыс-жақыннан жеткен ұрпақтары жиналды. Белгілі композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Мұрат Сыдықовтың жары ҚР Мәдениет саласының үздігі Базар Қостаева, Молдахмет Дүймановтың үлкен келіні Кенжегүл Дүйманова, қызы Мәдина Айекешова, жиені Күнзира Жұмаева, немересі Ұлықбек Дүйманов сөз сөйлеп, ата, ағалары туралы естеліктерімен бөлісті.
Өнер өлкесінде өз қолтаңбасын қалдырған жезтаңдай әнші Базар Қостаева: «Біз уақытында Молдахмет ағамен көрші тұрдық. Ботакөз атты қарындасымен құрбы болдық. Кейін өнер жолында жолымыз түйісті. Мен өнер адамына тұрмысқа шықтым. Бір күні Алматы қаласына барып, Қызылорда облысының күндерін өткіздік. Сонда біз концерт қойдық, Молдахмет аға үлкен залда көрмесін көрсетті. Бүгінгі кеш арқылы Молдахмет ағаның өте бақытты жан екендігіне тағы бір мәрте көзім жетіп отыр. Әке-шеше балалары ұмытқанда шын өледі екен. Міне, ағаның балалары, немере, шөберелері келіп өнер көрсетуде, құрмет тұтуда. Ұлағатты ұрпағы барда олардың есімі ұмытыламайды»,– деп, көрермендерге «Сыр гүлі», «Гүлдерайым» әндерін әуелете шырқап берді.
– Әкем «Сегіз қырлы, бір сырлы» жан еді. Ұсталықпен қатар емшілік, ақындық та қабілеті болды. Ағам Бейсенбайдың өнерін үнемі қолдап-қолпаштап, білгенін үйретіп отырудан жалықпады. Әкемнің тағы бір қыры – бағбандығы. Арал жерінің басым көпшілігі сор болып келеді. Біздің де ауламыз сондай болатын. Жерді құнарландыру үшін бірінші жоңышқа еккені әлі есімді. Жеміс-жидектің түр-түрі болды. Жүзімнің бірнеше сорты ауламызда өсті. Қолы ашық, жүрегі кең әкем көршілерге шелектеп тарататын.
Ағам Бейсенбай түс көріп, аян арқылы бұйым жасайтын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Әкем мен ағамның өнерінің жарыққа шығуына Мешітбай деген кісінің септігі тиді, – деп өткен күндер елесін еске алған Мәдина Молдахметқызы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған музей директоры Роза Асанова мен ұжымына алғысын білдіріп, әкесі мен ағасының үйінде сақталған бірнеше қолөнер бұйымын сыйға тартты.
Кеште Молдахмет Дүймановтың шөбересі Нұрай Болат, немересі Аяулым Русланқызы би билеп, Арал қалалық мәдениет үйінің директоры Айна Тұяқова, Қазалы қалалық мәдениет үйінің қызметкері Бақкелді Надиров жырдан шашу шашты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 наурыз 2019 ж. 2 881 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 45

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 60

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031