Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақұдайлар, айналайын сендерден!..

Ақұдайлар, айналайын сендерден!..

20 қаңтар - ақын Рүстем Жанайдың өмірден өткен күні
Есiме Рүстем ағам түстi...
Бiраз күн бұрын түс көргенмiн. Басында баяғы дағырадай қара шляпасы, үстiнде ақ көйлек, ұзындау күздiк қара жадағайы. Далада, тамам халықтың ортасында қолын сермеп, бұрқыратып өлең оқып тұр. «Ақұдайлар» жыры. Жұрт ұйып қалыпты. «Ақұдайлар», айналайын сендерден» дейтiн тұсы өңiмдегiдей ап-анық естiлдi.
Ояна келе «Рекең бақида да бабында, иманы шалқып жүр екен» деп ойладым. өлең-ұшып жүрген рух ғой. Жарық дүниенi сағынған-ау сабазың. Әрi қарай ұйқым қашып кеттi.
Оның жүрiс-тұрысы, әңгiмесi, өткiр әзiл-қалжыңы, өлең оқығаны көз алдыма елестедi. «Ақұдайлар» жырының неден туғанын, қалай жазылғанын есiме түсiрдiм...
1990 жылдың күзi, қазан айының соңына таяу Аралда «Алтын күз» мерекесi өтетiн болып, аудан басшысы Елеу Көшербаевқа шақыру жiберiлген. Шақыруды қабыл алған Елекең ұйымдастыруды аудандық Кеңес атқару комитетi төрағасының орынбасары, белгiлi ақын Рүстем Жанаевқа тапсырады. Аралға баратын делегация құрамы анықталып, тойға шашу ретiнде ескерткiш-сыйлық дайындау қажет. Тапсырма ертең той деген күнi берiлген. Уақыт тар. Әйтсе де, ырғалып-жырғалып жүретiн Рекең бе, дереу тiзiм жасап, хатшының келiсiмiн алған. Бiрақ, күн кешкiрiп қалғандықтан қапелiмде сатып алатын немесе жасата қоятын заттың ретiн таппайды. Ойланып-толғанып, аралдықтарға арнау өлең жазайыншы деген тоқтамға келедi. Алдымен бабына түсу үшiн ауладағы моншаға түсiп, бусанып, Күләштың хош иiстi көк шайынан сораптап, тер басып, жазу столына отырады. Сәлден соң бiр топ қонақ үйге сау ете қалады. Арғы жағы белгiлi. Кеш жатады. Таң атады. өлең аяқталмады. «Хатшы не дер екен» деген мазасыздық басым. Амал жоқ, күптi көңiлмен жолға шығады. Жүрерде хатшы Рекеңдi өз көлiгiне отырғызып:
- Рүстем, не сыйлық таптың?-дейдi.
- Елеке, аяқ астынан ескерткiшке лайық сыйлықтың ретiн таппадым.
- Бос барамыз ба, сонда? - деп хатшы мұрнын кiржитедi.
- Бос бармаймыз, арнау өлеңiм бар. Соны оқып беремiн.
- Оқышы, көрейiк, - дейдi жақтырмаған кейiпте.
Рекең өлеңiн мәнерлеп оқиды. Сөздiң парқын түсiнетiн басшы артына бұрылып: «Мынауың жақсы шыққан өлең ғой. Ладно, Аралдың халқына сыйға өлең арнап әкелдiк деп айтармыз», - дейдi.
- Елеке, бұл әлi аяқталмаған дүние.
- Қашан аяқтайсың?
- Егер, әңгiмеден босатсаңыз, Аралға дейiн аяқтап тастаймын, - дейдi Рүстем.
- Онда аяқта.
Сонымен ақынның басында пiсiп тұрған өлеңнiң соңғы үш шумағы жолда жазылып,
Аралға кiре берiсте аяқталады. Алдыңғы жағына пейiлденген, ақынның сөз саптауына сенген хатшы аяғын сұрамайды да...
Ақсақал-қарасақалы, бiрнеше мекеме, шаруашылық басшылары бар, он бестей адам үш-төрт жеңiл көлiкпен айтылған уақытта бардық. «Ипподром» деп аталатын Арал қаласының солтүстiк өкпе тұсында үш-төрт шақырымдай жердегi төбе баурайына отыз-қырықтай киiз үй тiгiлген. Қазанды қайнатып, дастарқанды жайнатып қойған. Қай үйге кiрсең де қазы-қарта мен шұбаттың бұрқыраған исi тәбетiңдi аша түседi. Арал аупарткомының бiрiншi хатшысы Балтабай Ақмамбетов Қазалы мен Шалқардың және Ырғыз аудандарының делегациясын бiрге ертiп жүрiп, алдымен киiз үйлердi аралатты, олардың егелерiн таныстырып, бiрнеше үйден нан мен ағарғаннан ауыз тигiздi. Сонан соң Ипподром мiнбесiне көтерiлдiк.
Той қызығы-атжарыс. Балуан күрес, арқан тару, тас көтеру, тағы басқа ұлттық ойындар сабантой салтанатының шырайын шығаруда. Жыл қорытындысымен үздiк көрсеткiшке қол жеткiзгендер мақталып-мадақталып жатыр. Бiр сәт сөз кезегi бiздiң аудан делегациясына ұсынылды. Елекең аралдықтарға арымасын айтып, еңбектегi табыстарымен құттықтады. Екi елдiң бiр атаның ұрпағы екендiгiн бiлдiрiп, «бiрлiгiмiз айырылмасын», - деп ықылас танытты. Сөзiнiң соңында: «Ендi, белгiлi ақын Рүстем Жанаевтың өздерiңiзге арнап жазған жыр-шашуы бар, соны автордың оқуында қабыл алыңыздар», - дедi.
Көкке көтерiлетiн қырандай қомданып тұрған Рекең микрофонға жақындап Ипподром мiнбесiнен өлең оқығанда, екпiнiнен дыбыс күшейткiштiң қабы дiр-дiр етiп әрең шыдады.
Сiлтiдей тынған халықтың өлең аяқталған кездегi қол соғуынан жер солқылдады. Жұрт «Ақұдайлар» деп қайта-қайта дауыстады. Қуаныштан көңiлi толқып, жүзi жайнап, көзi күлiмдеп тұрған Елекең елден бұрын Рүстемнiң қолын алып, құшағына қысты.
- Подаркiнiң көкесi осы емес пе? - дедi ол Балтабайға қарап. Балтабай да, басқалар да риза көңiлмен рахмет айтты. өлеңге, әсiресе, автордың халықтың жүрегiне жеткiзе оқуына көпшiлiк тәнтi болды. Осылайша «Ақұдайлар» жыры алғаш рет Арал аспанында қалықтады. Сол сәтте-ақ құлаққа құйылып, жүректерге ұялап, халықтан өз бағасын алып үлгiрдi. Көп ұзамай термешiлер өлеңнiң салмағына сай әуен тауып жырлап кеттi.
Бүгiнде «Ақұдайлар» Арал, Қазалы да ғана емес, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Астана қалаларында термешi-жыршылардың орындауында жиi айтылып жүр. Әннiң, жырдың өмiршеңдiгi деген осы. Сол күнi сабантой салтанатынан соң бiздiң делегацияны Елекеңнiң туған жерi деп Арал кеңшарының орталығы - «Шижағада» қонақ қылды. Бiр ананы тел емген егiз қозыдай екi елдiң бiрлiгi мен тiрлiгiн, ортақ қасиетiн орамды ой, шұрайлы тiлмен жерiне жеткiзген жырды той иелерi қолқалап, дүркiн-дүркiн оқытты. Бiреулер машинкаға басылмаса да Рекеңнiң ап-анық қол жазбасынан қойын дәптерлерiне көшiрiп алды. Күн бата қайттық. Аралдықтар зор қошеметпен құрметтеп шығарып салды. Орта жолда аялдап, аяқ суыттық. Құмшауыт төбе басына шығып, тiзе бүктiк. Дала дастарқанының үстiнде Елекең ел бiрлiгiн сақтау, бабалардың артып кеткен үмiтiн ақтау, ұрпақ сабақтастығы төңiрегiнде төркiндi ойлар айтты.
- Бүгiн де осындай бiр ойымыз орындалып, арқаланып келе жатырмыз,- дедi. Бұған арқау болған Рүстемнiң өлеңi. Кiм не десе о десiн, «Ақұдай» деген бiздiң қанымызға сiңген, құлағымыз үйренген, қуанғанда да, қайғырғанда да ауызымызға түсетiн аталы сөзiмiз.
* * *
«Ақұдайлар» бүгiнде әр жүрекке от берiп, отбасында да, той мен аста да айтылатын асыл жырға айналды. «өлдi деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» - деп Абай айтқандай, егер өлеңдi өлмейдi десек, ақын да тiрi.
Жетiскен МӘКЕНАЛЫ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерi.

Қазалы аудандық "Қазалы" газеті.
№9-12 (350-353) 21 қаңтар 2012 жыл
15 қаңтар 2018 ж. 4 738 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930