Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Мәңгілік бала бейне» сахналанды

«Мәңгілік бала бейне» сахналанды

Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығы жанындағы халық театры ұжымы драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектаклін сахналады.
Сонымен бірге келушілер орталық кітапхана қызметкерлері дайындаған «Семей полигоны – халық қасіреті» атты кітап көрмесін тамашалады. Аталмыш шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Талай көрерменнің көңілін босатып, жүрегін жылатқан «Мәңгілік бала бейне» туындысы театрдан да, кинематография саласынан да ойып тұрып орын алған. «Мәңгілік бала бейне» – күллі қазақ жұртының ауыр қайғысы мен мұңын әспеттеген шығарма. Онда ядролық сынақтардың зардабынан мүгедек болған Ләйлә қыздың өмірі сипатталады.
Ләйләнің мешелдігіне сол бір саңырауқұлақ іспеттес жарылыс кінәлі болған. Семей полигоны кезінде мүгедек болып өмірге келген қыз осы оқиғадан соң түрі 8 жас шамасындағы бүлдіршін күйінде қалып, өспей қалған. Ата-анасынан айырылған байғұс Ләйлә қатыгез әпкесі Қатираның қолында өседі. Қатира оны кемсітумен болады. Ләйлә әр түн сайын жарық аймен сырласады. Бір тойда өзінің бала кездегі досы Құмарды кезіктіреді. Құмар қаладан бірге келген достарына Ләйләні таныстырмақ болғанда олар мүгедек қызды келекеге айналдырады. Бұл оқиғадан кейін Ләйлә төсек тартып, жатып қалады. Ауыл әкімі ауданнан келген өкілмен бірге Ләйләнің үйіне барып, оны ауданда өтетін қаралы жиында көпшілікке көрсетпек ниетте екендігін жеткізеді. Бұған налыған мүгедек қыз тауы одан әрі шағылып, жеті қараңғыда жарық айға сырын айтуға жүгіреді. Оқиға соңында Ай да, Ләйлә да бір-бірін қимай мәңгілікке қоштасады. Әңгіме Ләйләнің өлімімен аяқталады.
Бір ғана Ләйләнің өмірін мысалға ала отырып, Семей полигонының елге тигізген зардабын, өмір қиындықтарын, барға қанағат ету керектігін көрсеткен шығармадан көрермендер үлкен ой түйді. Сол кездегі халық тұрмысын көзбен көріп, адам мінезінің әртүрлі болатындығын түсінді. Осы ретте туындыны тамашалаған көрерменнің бірі – Ақбала Жұмағалиева:
– Көзіме еріксіз жас үйірілді. Жас қыздың тағдыры, адамдардың сүреңсіз өмірі көңілге мұң ұялатады.Шығарма өзгенің өміріне күле қарамай, түсіністік танытуға шақырады. Қойылым кезінде әртістер сол бір қасіретті жылдардағы ащы шындықты шынайы бейнелей білді,– деп алған әсерімен бөлісті.
Басылым беттерінде бұл шығарманың қалай дүниеге келгендігі туралы мынадай дерек бар. Шығарма авторы Роза Мұқанованың айтуы бойынша, Ләйлә бейнесі өмірден алынған. Ол – Семей полигонының құрбаны болған жан. Бір күні Семей өлкесінде туылып, мүгедек болған жандардың суреттері қойылған фотокөрмені аралап жүреді. Қасірет пен мұңға толы аналар мен балалар бейнесінің арасынан Роза Мұқанованың назары бір кішкентай қыздың суретіне түседі. Шамамен, 5-6 жастағы бүлдіршін қыздың көзінен үлкен қасіретті көруге болатындай. Суретке жақындай бергенде, жазушы «Еңлік. Оның жасы 14-те» деген астындағы жазуды оқиды. Түр-әлпеті жас, ал аяқ-қолы өскен қыз жүзі мәңгілік бала бейнені сақтап қалған. Мүгедек қыздың жанары қатты әсер еткені соншалықты, Роза Мұқанова тартымды шығарманы дүниеге әкеледі. Театр сахнасындағы қойылымның да, фильмнің де әлі күнге дейін танымалдылығы жоғары. Өте сәтті әрі табысты дүние. «Мәңгілік бала бейне» – атом сынақтарынан зардап шеккен полигон құрбандарының ғана өмірін емес, күллі адамзаттың қасіретін бейнелеп, барша халықты бейбітшілік пен тыныштыққа үндейді.
Ләйлә рөлін актриса Ғалия Алдамұратова, өзге де басты рөлдерді Жантұрған Тоқмамбет, Гүлбану Досан, Әбілқайыр Өтелбаев, Нұрлан Баекеев, Индира Рсалиева, Жәнібек Құтмаханов, Әмір Сариевтер шеберлікпен орындап, көптің ықыласына бөленді.
Спектакль соңында көрермендер өнерпаздарға қошемет көрсетіп, ризашылықтарын гүл шоқтарымен жеткізді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
11 желтоқсан 2018 ж. 10 790 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 66

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 68

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 53

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930