Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық өнерді кие тұтқан

Ұлттық өнерді кие тұтқан

Әр қыраты тарихтан сыр шертіп тұратын Қазалы өнерінің тамыры тым тереңде жатыр. Қазақылықтың исі аңқып, баба дәстүрінің озық үлгісі қалған бұл жерден түлеп ұшқан өнер иелері аз емес. Осынау маңғаз далада қолына қару ұстаған батырлармен қатар, қос ішекті домбыраны да шебер шерткен дәстүрлі әншілер, күйшілер өткен. Тектіден тұлпар туған Төремұрат, Жәмет, Ержан секілді сөз жауһарын терген жыраулар сөзіміздің дәлелі. Әрдайым тереңнен толғайтын адуынды ақтаңгерлер шыққан топырақтан бүгінде облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап жүрген дүлдүлдер жетерлік. Солардың бірі өнер сүйер қауымға есімі кеңінен мәлім Гүлбану Досан деуге толық негіз бар.
Бала күнінен қос ішекті аспапқа құмартып өскен Гүлбану 1976 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1995 жылы Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінен бастаған. Мәдениет ошағында қызмет ете жүріп, аудандық, аймақтық, облыстық термешілер байқауларында бірнеше мәрте топ жарған.
Атап өтер болсақ, ол 1998 жылы халық ақыны Б.Өтепұлының 95 жылдығына арналған аудандық жыршы-термешілер байқауында I орын, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында өткен «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер додасында бірінші орынды иеленген. Мұнымен қоса, әр жылдары Қазалының термеші қызы «Туған жерім – думанды елім», «Ұрпағы ұлықтаған – Сенәлі» секілді байқауларда бас жүлдені қанжығалаған.
Оның репертуарында жергілікті ақын Ж.Мәкеналының мерейтойлар мен мерекелік шараларға арнап жазған арнаулары, ақын Р.Жанаевтың «Ақұдайлар» және Балқы Базардың, Кердері Әбубәкірдің, Тұрмағамбеттің, Нұртуғанның, Қарасақал Ерімбеттің, Байназар Өтептің, тағы басқаларының жыр-термелері бар.
Қасиетті домбырамен қатар сахнаға да жаны құмар Гүлбану түрлі қойылымдарда көптеген кейіпкерлерді сомдап, өзін актрисалық қырынан да көрсетіп келеді.
Мәселен, М.Төлебаев пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» комедиялық қойылымында Нұрсұлу бейнесін, драматург Қ.Құдабаеваның «Сұлу қыздың сыры» атты спектаклінде «Айнамкөз және Дауылдың анасын, «Ең әдемі келіншек» спектаклінде Гүлбаршын рөлін, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Күнікейді, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклінде Кербезді, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» атты спектаклінде Гаухарды сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
23 жылдан бері мәдениет саласында қызмет етіп келе жатырған ол қазіргі таңда аудандық мәдениет орталығы жанындағы Қарасақал Ерімбет атындағы терме үйірмесінің жетекшісі, «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауының белді мүшесі.
«Талаптының алдында тау да аласа» демекші, қызметте талапшыл, өнерде ешкімге ұқсамайтын Гүлбаудың өрелі өнердің өрінен көрінеріне кәміл сенімдіміз.
Есет ТАБЫНБАЕВ
03 шілде 2018 ж. 1 266 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031