«Ең бастысы – сенім білдіріп, той тізгінін ұстатқандардың үмітін ақтау»
Тойдың болғанынан боладысы қызық. Қазір той өткізер болсақ, күні бұрын дайындық жасап, қуанышымыздың көңілді болуын жан-жақты қадағалаймыз. Ұл-қызының қызығынан ештеңені аямайтын ата-ана бар жиған-тергенін соған шашып, ерекше атап өтуге тырысады. Аудандағы «Индира» той өткізу агенттігіне тұрғындардан бір айда бірнеше тапсырыс түседі. Құрамында әнші, биші, жыршы, күйші тағы басқа өнерпаздар бар ұжым барлығын жоғары деңгейде атқарып береді. Көпшіліктің көңілінен шыққан аталмыш агенттік директоры Индира Рсалиева қарбалас жұмыс арасынан уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап берген болатын.
– Индира Ахметбекқызы той агенттігін ашу идеясы қалай келді?
– Бала күнімнен өнерге жақын болып өстім. Әсіресе биге деген құштарлығым зор болды. Оқушы, студент кезімде сахнаға шығып жүрдім. Бишілікті еш жерден оқымадым.
Өз қалауымен үйрендім. Әйтеке би кентіндегі №249 мектепті бітірген соң Алматы экономика және статистика институтынан «Қаржы және несие» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Алайда, өнерге деген махаббат мені мәдениет саласына алып келді. Он бір жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. 2015 жылы Ақмешіт гуманитарлық институтынан «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығын меңгердім. Қазір аудандық мәдениет орталығы жанындағы №2 жылжымалы мәдени демалыс кешенінің меңгерушісімін.
Мәдениет саласына келген сәттен бастап, яғни он бір жылдан бері тойларда, мерекелік-көпшілік шараларда өнер көрсетіп келемін. Маған бір жолы «Тойда жүрген өнерпаздардың басын қосатын бір орталық ашсам қалай болады?» деген ой келді. Осылайша үш жыл бұрын «Индира» той агенттігі құрылды.
– Агенттікке өнерпаздар қалай таңдалады?
– Өнерлі қыз-жігіттер өз еріктерімен келеді. Солардың ішінен іріктеу арқылы таңдап аламыз. Талантты, дарынды қыздардан бишілер тобы құралады.
– Қандай қызмет көрсетесіздер?
– Бізде биші, термеші, жыршы, әнші, дизайн жасаушы, панда шоу, суретке, камераға түсірушілер бар. Қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той, тұсаукесер, мерейтойлар, құда күту, корпоративтерде өнер көрсетеміз.
– Көйлектеріңіз сәнді әрі ерекше стильде. Арнайы тігіншілеріңіз бар ма?
– Иә тігіншілер бар. Әр биге жаңаша костюмдер тігіледі. Үлгілерін өзіміз ойласамыз.
– Қазалы ауданынан өзге қай өңірлерде өнер көрсетесіздер?
– Негізі Қызылорда облысының аймағындамыз. Қызылорда, Арал, Қармақшы, Байқоңыр қалалары мен Сексеуіл кенті, Ақай ауылдарында болып тұрамыз.
– Қызмет ақысы қолжетімді ме?– Иә, қолжетімді. Тапсырыс беруші тараптың жағдайына да қарайлаймыз. Тойдың көңілді әрі есте қаларлықтай өтуіне бар күшімізді саламыз. Ең басты мақсат – сенім білдіріп, той тізгінін ұстатқан той иелерінің үмітін ақтау.
– Бір айда қанша тойға барасыздар?
– Әр айда әр түрлі. Халық тойды жаз мезгілінде жиірек жасайды. Қазіргі уақытта бір айда он шақты тойға барамыз. Кейде одан да көбірек болып тұрады.
– Сұхбатыңызға рахмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА