Тұрғындардың тыныштығын қорғаған
Мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауда үлгілі еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Айғара Қазмағамбетов ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып майор шенін алған.
Айғара Жиылысұлы 1976 жылы 4 қазанда Арал қаласында дүниеге келді. Орта мектепті ойдағыдай бітірген соң Ішкі істер министрлігінің Шымкент заң колледжін бітіріп, жолдамамен Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік қызметі бөлімшесінің учаскелік милиционері болып орналасты. Кейін кезекші бөлімшесінің аға кезекші-инспекторы болды. 2006 жылы көші-қон полиция бөлімшесінің аға маман-аға инспекторы қызметіне тағайындалды. Осы күні Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімшесінің инспектор кезекшісі қызметін атқарады. Жұмыстан қол үзбей, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алып шыққан.
Ішкі істер саласына өз өмірін арнаған полиция майоры Айғара зайыбы Айгүл екеуі 1 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп отыр. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат отбасында күнделікті күйбең тірлік арасынан уақыт тауып, бала тәрбиесіне де ерекше мән береді. Соның арқасы болар тұңғышы – Жанқылыш Түркістанда тіс дәрігері мамандығын игеруде. Қызы – Гүлнұр биыл мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Баяны да сабақты үздік оқып, болашақтан мол үміт күттіреді.
Кезекші бөлімде тәулік бойы халықтан түсетін хабарламалар қабылданады. Айғараның кезекші бөлімшесіндегі бір күндік тыныс-тіршілігі «102» сымтетігіне жауап берумен өтеді. Біреуді ұрып кетті, тойханада төбелес шықты, түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзды, ұсақ бұзақылық сынды хабарламалар да жиі тіркеледі.
Айғараның айтуынша, аудан тұрғындарының барлық арыз-шағымы мен талап-тілектері, күні бойы болған оқиғалардың түгелі дерлік кезекші бөлімнің «102» нөміріне бірінен соң бірі дамылсыз қабылданады. Бөлімшеде 3 ауысым бойынша 6 адам жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда кезекші бөлімшесінің қызметкері Айғара Жиылысұлы өз жұмысын сапалы атқара білгенінің нәтижесінде тұрғындардың сенімінен шығып, алғысқа бөленіп отыр. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ішкі істер органдарындағы «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен наградталған. Басшылық тарапынан Құрмет грамотасына ие болған.
А.БӨРІ