Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәніне сапасы сай цех

Сәніне сапасы сай цех

Қазалыда темірден сәнді бұйымдар жасайтын цех жұмыс істейді. Цехты бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлікке қадам басқан Гүлзия Омар ашты.
Бүгінде сәнді темір бұйымдарына деген сұраныс жоғары.
1999 жылы алғашқылардың бірі болып Әйтеке би кентінде сұлулық салонын ашқан Гүлзия Жақсылыққызы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген жан. Кәсібін кеңейтіп, жан-жақтылығымен көзге түскен кәсіпкер келіншек осыдан екі-үш жыл бұрын ауданда кенжелеп тұрған темірден түрлі бұйымдар жасау кәсібін қолға алды. Қазалыдағы кәсіпкерлікті қолдау орталығына құжаттарын тапсырған Гүлзияға палата қызметкерлері жан-жақты қолдау көрсетіп, нәтижесінде оның жалпы құны 10 млн теңге тұратын жобасы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылды.
Бұл кәсіпті бастамас бұрын Гүлзия отбасымен өз үйлері үшін сәнді металл бұйымдарды іздеп, бірақ ауданнан таппайды. Сол сәтте іскер келіншектің көкейіне «неге осындай өндірісті қолға алмасқа?!» деген ой келеді. Алға қойған мақсатының жүзеге асуына Өңірлік инвестициялық орталықтан алған несие көмектеседі. Ресейден қажетті құрал-жабдық сатып алады. Бүгінде цех жұмысшылары есік, дарбаза және басқа да сәнді металл бұйымдарын әзірлейді. Цех өнімдері сұранысқа ие және сатып алушылардың көңілінен шығады. Одан бөлек, Гүлзия Омардың 40 адамға арналған кафесі бар. Осылайша ол бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, қазір қай салада да бәсекелестік қызып тұрған шақ. Сондықтан өзгелерден оқ бойы озық тұру үшін сапалы өнім мен жоғары деңгейде қызмет көрсету аса маңызды.
Уақыт өткен сайын өз бизнесін әртараптандырып отырған кәсіпкер келіншек: «Қазір біздің ауданда сәнді темір бұйымдарына тапсырыс берушілер қатары артуда. Бастапқыда «Жобам қолдау таба ма? Қаржыландыру жағы қалай болады?», – деп қобалжығанмын. Кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары күмәнімді сейілтті. Шүкір, қазір тапсырыс берушілер де жеткілікті. 6 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бизнесте ең бастысы – шыдамдылық, табандылық пен еңбекқорлық», – дейді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

17 шілде 2018 ж. 1 674 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930