Асыл қазынаны ардақ тұтқан
Қазалының кітапқұмар жұрты тегіс танитын Злила Мұстафаеваны қашанда қарбалас шаруаның ортасынан табасыз. Бірде кітапханада өтетін мәдени шараның басы-қасында жүрсе, кейде жас мамандармен өзінің осы саладағы мол тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып қанаттандырып отырғанын көресіз. Әсілі, «қанат ұшса қатаяды» деп текке айтылмаған. Мұндай пайдалы кеңестен соң еңбек жолын жаңа бастаған маманның бойында өзіне сенім, жұмысына деген құштарлық қалыптасатыны тағы рас.
Зояның әкесі, марқұм Шүйіншалы көкеміз байырғы ұстаз болатын. Ұлы Отан соғысының ардагері Шөкең аса мейірімді, парасаттылығына қоса білімді де өнерпаз жан еді. Осынау өнерге жақындық көкеміздің ұрпақтарының бойына да дарыған. Кезінде Берік, Серік есімді ұлдары гитарада жақсы ойнап көзге түссе, немересі Абай мектепте жүргенде мықты әнші ретінде көрермендерінің талай қошеметіне бөленді. Злиланың кітапқа деген құштарлығы әкенің қанымен дарыған десек, артық емес. Оқу-білімге құштарлық жыл алға жылжыған сайын одан әрі маздай түсті.
«Сексенінші жылдардың орта шенінде қазіргі Жанқожа батыр ауылындағы орта мектепті тәмамдап, өзге де кластастарымен бірге «Армандастар» атты комсомол жастар бригадасында еңбек еттім. Осынау жалын жігерлі жастардың легі ауылдағы тынымсыз еңбекке араласа жүріп, бос уақыттарында мәдени-рухани шараларға да белсене атсалысушы еді. Сол тұста Базар апай басқаратын ауыл кітапханасына жиі баратынбыз. Шағын оқырмандар залында отырып кітап деген құдіретті әлемге бойлап еніп, ақын-жазушылардың әлемдік деңгейдегі шығармаларымен сусындап өстік» деп өткен кезеңді сағынышпен еске алады Злила Мұстафаева.
Осы ізденімпаздық дағды сол тұстағы аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Есқара Көмекбаевтың кабинетінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Маржан Қарабалаевамен жүздесуге ұласты. Танымал ақын Есқара ағасының кітапхана директорына «мына қызымызға Қызылорда қаласындағы біржылдық кітапханашылар даярлайтын курсқа жолдама беріп отырмын. Оқуын аяқтағаннан кейін осында келіп жұмыс жасайды» деген сөзі әлі есінде. Ауыл мектебінде алған білімнің сапалылығы оқу барысында кәдеге асты. Бұл өзгелердей көп қиналған жоқ. Оған қоса Ш.Сәруарова, К.Сисекеева, Л.Платонова, Н.Беляева сынды, тағы басқа да кітапхана саласының майталмандарынан алған тағылым талабын шыңдай түсті. Мұнан соң Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесін, кейін Шымкенттегі М.Әуезов Мемлекеттік университетін «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша бітірген Злила Шүйіншалықызы әдістемелік-ұйымдастырушылық, кәсіби оқырмандарға қызмет көрсетуде өткізілетін ауқымды іс-шаралардың өз дәрежесінде жүргізілуіне машықтанды.
«Жақсының жақсылығын айт» деген бар. Кітапхана қызметкерлерінің жаңа технологияны игеруіне, барлық бөлімдердің жұмыс орындары автоматтандырылып, РАБИС бағдарламасы аясында 5 модуль бойынша жұмыс жасап, электронды қордың толық негізде жүргізілуіне мекеме басшысы Индира Назарованың сіңірген еңбегі ерекше» деген кейіпкеріміздің сөзінен ұжымына арналған құрмет нышанын анық аңғардық.
Злиланың осы мамандықты таңдап, қызметке араласқанына да 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Оның Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталып, Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына қатысуы әріптестерінің ілтипаты, ұжымдағы беделінің арқасы екені даусыз. Қазіргі таңда Қазалы аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі З.Мұстафаева – іргелі ұжымдағы беделі зор, тәжірибелі де білікті маманның бірі.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
syrboyi@yandex.kz