Қызылордада белгілі дирижерге ескерткіш орнатылады
Қызылорда облысында ҚР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Төлепберген Әбдірашевке ескерткіш орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жағымды жаңалықты Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім етті. «Сыр елінің абыройын асқақтатқан таланттардың бірі - жерлесіміз Төлепберген Әбдірашев. Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев айтқандай, «Төлепберген қазірдің өзінде әлемдік өнердің інжу-маржан тұлғасы». Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өзі оқыған №239 орта мектепке Төлепберген Әбдірашевтің есімі беріліп, қоғамдық негіздегі музей ашылды. Болашақта мектептің алдында Әбдірашевтің ескерткіші қойылады. Одан бөлек, Сырдарияның сол жағалауында салынып жатқан жаңа қаладағы көшелердің біріне Т.Әбдірашевтің есімі беріледі», - деді облыс әкімі. Төлепберген Әбдірашев 1948 жылы 26 шілдеде Жаңақорған ауданының Кеңес елді мекенінде дүниеге келген. Мәскеу консерваториясында білім алды, Геннадий Рождественскийдің шәкірті. 25 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік симфониялық оркестрі мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның дирижер сыныбын басқарды. Шәкірттері - Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдинов, Ерболат Ахмедияров. Қоғам қайраткері 2007 жылдың 26 қазаны күні дүниеден өтті.