Қырымбек Көшербаев Сырдарияның сол жағалауындағы қала құрылысымен танысты
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан жаңа қала ауданының құрылыс барысымен танысып, мердігер мекеме басшыларымен кездесті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда жағалаудың арғы бетінен бой көтеріп жатқан нысандардың жұмысы қалыпты жүргізілуде. Құрылысы биыл басталған ғимараттар қазірдің өзінде еңсе тіктеп, тіпті бірқатары бітуге таяған. Негізінен бөлінген 1532 гектар аумақтың үштен бірінде жоспарға сай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Атап айтсақ, 500 гектар аумаққа орналасуы тиіс 18 көпқабатты үй мен 320 орындық балабақша, бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимараты негізіндегі музей және «Болашақ» университетінің ғимараттары салынып жатыр. Сонымен қатар, онкологиялық орталық, облыстық аурухана мен 600 орындық мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірлену үстінде.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынып жатқан нысандарды аралап көрген аймақ басшысы алдымен балабақша құрылысын көрді. Бүгінде бөбекжайды салу жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқталған. Енді жылу және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ғана қалып тұр. Келер жылы қолданысқа беру көзделуде.
Жаңа қаланы салу тек құрылыс жүргізумен ғана бітпейтіні белгілі. Оған жылу, ауызсу, электр энергиясын тарту қажеттігі тағы бар. Осы мақсатта сол жағалаудан жаңа электр тарату торабы салынуда. Жарық тарату станциясы жабық ғимаратта орналасады. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаевтың айтуынша, станция соңғы үлгіде жабдықталмақ.
«Бұл сол жағалауды қажетті қуатпен қамтамасыз ете алатын электр торабы болмақ. Екі жылда бітуі қажет бұл жобаға 1 млрд 600 млн теңге қаралған. Биыл 680 млн теңгені игердік. Қазіргі таңда негізгі жабдықтар әкелінді.
Сонымен қатар, қосымша құрылғыларды Еуропа елдерінен алдырамыз. Келер жылы іске қосамыз деп отырмыз. Бір ерекшелігі - электр тарату құрылғылары ғимарат ішінде орналасады. Жабық күйде болғаны жауын-шашыннан қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», – дейді ол. Сонымен қатар, су тарту мәселесі де қолға алынған. Бүгінде оң жағалаудан дария астымен су тартылып, ол жұмыстар жалғасын табуда. Одан бөлек құбыр жүргізу мен газ тарту мәселесі де қолға алынды. Енді аталған ауқымды шаруаларды алдағы жылы аяқтау міндеті тұр.
http://www.http.inform.kz