Күй – қазына, Терме – тәлім
Қазақ халқы өнерді оны көпшілік қауымға жеткізуші азаматты пір тұтқанын тарихтан білеміз. Мұндай құрметке ие болған біртуар талай тұлғаның Қазалы топырағында кіндік қаны тамған. Бүгінгідей нарықтың бәсі басып, рухани байлықтың қадірі түскен заманда сондай өнер арқалаған азаматтардың елдік ісі, тәлімді тірлігі үлгі болуға сұранып тұрғанын жасыра алмаймыз. Осындайда саналы ғұмырын қазақ мәдениетіне, өнері мен дәстүрін қайта түлетуге арнаған Әбен Жолтаев сынды тарихи тұлғалар еске түсетіні ақиқат. Өсер елдің ұрпағы үшін өлке азаматының өмір тарихына тоқталғанымыз жөн болар.
Әбен Муафыхұлы 1937 жылы қаңтардың 17-сі күні Қазалы ауданы, Сарытоғай ауылдық кеңесі, Мәдениет колхозында дүниеге келген. Есін білгеннен атасы Жолтай қожаның немерелерінің үлкені, әрі тәрбиесінде болып ерке өскен. Жолтай бәйге ат, жүйрік тазы, қыран құс ұстаған, домбырашы әрі дәулетті адам болғанын білеміз. Кезінде Жаңаберген, Дәріқұл, Кәрібоз, Қобылаш сияқты өңірге белгілі жырауларды шаңырағына шақырып, жыр жырлатып, немересінің өнерге жақын болып өсуіне ықпал жасаған.
Әбекең 12 жасында 6 сыныпта жүріп, Республикалық күйшілер сайысында Айжанның «Айжан қыз», Құрманғазының «Ақсақ киік» күйлерін орындап, лауреат атанғаны да бар. Бұл тарихи тұлғаның мәдениет саласындағы алғашқы сәтті қадамы еді.
1955-1956 жылдары Сарыкөл ауылдық кеңесінің хатшысы, 1956-1958 жылдары музыкалық техникумды бітірді. 1
958-1960 жылдары Қызыл тулы Балтық флотында матрос болып әскери борышын өтеу кезінде, флотта оркестр ұйымдастырып, дирижерлік жасағанын көзкөргендер әлі күнге дейін айтады. Алайда әкесі қайтыс болғаннан кейін елге қайтқан.
Кейіпкеріміз туынды авторларына өзі жыр айтпаса да, мақамын жатқа біліп, 20-дан астам Арал – Қазалы жыршыларының терме мақамдарын орындап, жаздырған деседі. Бір сөзінде: «Атам Жолтайдың тізесінде отырып өзінен көп күй үйрендім. Күйді өте таза, қатесіз тартатын. Ал Арал – Қазалы жырауларының мақамы сол жас кезден құлағымда қалды, шебер күйші болуыма тікелей ықпал еткен ұстазым Қобылаш Жайбергенов» деп айтып отыратыны да бізге жетті.
Жақын араласқан замандастары Әбекең жайында: «Ол қаншама шебер күйші болғанымен, кез келген жерде күй тарта бермейтін. Ал домбырасын қолына алса, күй құдіретімен адамның өне бойын балқытып, еріксіз көзіне жас келтіріп, бір сәтте шат-шадыман күйге түсіретін. Құрманғазының «Аман бол, шешем» күйін тартса, домбыра «Аман бол, шешем» деп сөйлейтін. Динаның «Бұлбұл» күйін тартса, домбырасы бұлбұлша сайрап, «Көбік шашқанды» тартса, ашу-ызаны сезіндіріп, ал «Ақсақ киікті» тартса, ақсақ киікше шойқаңдап аяушылық пен қатыгездікті қоса көз алдына алып келетін», – деп еске алатын.
Қазалылық талант табиғи дарынымен пианино, баян, аккардеон, скрипка, мандолинде де шебер ойнаған.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, талай – талай өнерге таласы бар жігіттер мен қыздар Әбекеңді ұстаз тұтқан. Сондай азаматтың бірсыпырасы кеше ғана мәдениет орталығында күйші құрметіне өткен термешілер байқауында бас қосты.
Айтуды ұмытып барамыз, қасиетті жұма күні Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Қазақ ССР-і білім беру ісінің үздігі, күйші – ұстаз, Қазалы ауданындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері әрі негізін салушы Жолтаев Әбен Муафыхұлының 85 жылдығына орай «Күй – қазына, терме – тәлім» атты аймақтық күйші-домбырашылар және термешілер байқауы өтті. Көлемді тартысты аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов ашып, қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Байқауға 18-40 жас аралығындағы Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының өнерпаздары қатысып, күй жанры бойынша өз репертуарларынан 1 күй немесе шығарма мен Әбен Жолтаевтың орындаған күйлерінен 1 күй, терме жанры бойынша өз репетуарларынан бір термеден орындады. Әлгінде айтқан шәкірттері мен өнер саласында жүрген азаматтар, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, қазылар алқасының төрағасы Орақ Рахашұлы, Білім саласының ардагері, қобызшы, домбырашы, қазылар алқасының мүшесі Ерпазыл Жүсіп, Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығы жанындағы жыраулар бөлімшесінің меңгерушісі, термеші, қазылар алқасының мүшесі Жанболат Өмірзақ қазылық жасап, жеңімпаздарды анықтады.
Сайыс қорытындысына сай күй жанры бойынша бірінші орынды Рүстем Шөмекей, бұдан кейінгі жүлдені Тұрар Сәдуақас, үздік үштікті Ерімбет Орынбасар қорытындылады. Ал терме жанры бойынша Ақан Ербозов жеңімпаз атанып, екінші орынды Руслан Өтегенов місе тұтты. Нұржанов Мәди мен Әбілқан Асылзат өзара жүлделі үшінші орынды бөліске салды. Байқауға қатысушы өнерпаздарға Әбен Муафыхұлы ұрпақтарының демеушілігімен бағалы сыйлықтар табысталып, қатысушы өнерпаздар дипломмен марапатталды.
Сартай БАЙЖАН