Төрт түлікпен туған жерді түлеткен
Бүгінгі күні көпшілік «меценат» атап жүрген кәсіпкерлердің озығы ертеректе мыңдап саналғанын тарихтан білеміз. Әңгімені әріден бастасақ тұтас ауылға пана, қамқор болған байлар, патша үкіметі кезінде мал басын межеден асырғандар жұрт арасында үлкен абыройға ие болды. Ал өткен ғасырдың соңы мен жаңа заманның алғашқы жылдары қайырымдылыққа ден қойып, тәуелсіз елдің салалық дамуына үлес қосқан арда азаматтар құрмет төрінен көрінді. Ел-жұрттың жағдайын қалыпқа келтіруге күш салған тұлғаларды замандастары ғана емес, замана жастары да санада ұстауы тиіс. Өйткені ерен еңбек, елдік мүдде мен айналаға жақсылық жасауды өмірлік ұстанымына айналдыра алған жандардың өмірі өскелең ұрпаққа үлгі. Мұндай тұлғалар сөз болғанда Қазалы ауданының Құрметті азаматы Мырзағали Жұмашовтың да есімі аталары хақ.
Мырғазали ата 1937 жылдың күзінде Сарыкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1954 жылы Қазалы қаласындағы №17 мектептің жетінші сыныбын бітіргенде, туған ауылында, мал шаруашылығымен айналысты. Екі жыл өткеннен кейін аудандық комсомол комитеті «Мал шаруашылығы» өз еркімен жұмысқа баруға тілек білдірді.
Саналы өмірін өңірдегі мал шаруашылығының дамуына жұмсаған еңбек ардагері Мырзағали қырық жылда қиындыққ мойымай бетпе-бет тайталасты. Табиғаттың тосын мінезімен келетін небір тауқыметке куә болды. Аманат еткен түліктің қамы үшін күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытқан кездері көп болды. Мал басын аман сақтау, жүн алу, төл өргізудегі жоғарғы көрсеткіштер елдің, басшылықтың назарынан тыс қалмады. Соның арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталып, Қазақстан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің І және ІІ съезіне делегат ретінде қатысты. СССР Жоғарғы Кеңесінің, Министрлер Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Елдің қамын ойлаған азаматты аудандық және облыстық кеңеске екі мәрте депутат етіп сайлады. 1980 жылы 16 желтоқсандағы СССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1990 жылы КСРО Президенті М.С.Горбачевтің Жарлығымен «Ленин орденімен» марапатталды. Екі жылдан кейін абыройлы еңбек демалысына шықты.
Мал шаруашылығын дамытуға сіңірген еселі еңбегі мен сүбелі үлесі ескеріліп, Мырзағали Жұмашовқа аудандық мәслихаттың шешімімен Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Бүгінде ізінен ерген 5 ұлы, 3 қызы аудан дамуына үлес қосып келеді. Олардан 31 немере, 7 шөбере тараған. Ата рухын ардақтаған ұрпағы жиі еске алып, Құран бағыштап тұрады. Ал биыл Абай ауылдық округінде Мырзағали Жұмашовты еске алуға арналған турнир ұйымдастырылды.
14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен облыстық ашық біріншілікке жүзге жуық ұл-қыз қатысты. Додаға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионын даярлаған бапкер, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Пак Вилория төрелік етті. Таңнан кешке дейін созылған тартысты сайыста абайлық Қызыр Ықылас 28 келі салмақта алтын алды. 33 келіде Сұлтан Болатов, 37-де Қойшыбек Мұхаммедали бірінші орынды Қармақшыға ала қайтты. Сол сияқты 41 келідегі Әли Әбдібаев, 45 келіде Бейбарыс Ерсейіт, 49 келіде өнер көрсеткен Саламат Мырзахметов, 55 келідегі Ернұр Мырзахмет пен 61 келіден жоғарыларды басып озған Қамбар Тоқсанбаев бас жүлдені Қызылорда қоржынына салды.
Қыздар арасында алып күш иесіндей өнер көрсеткен қазалылық Дилназ Марал 49 келіде жеңімпаз атанды. Қалған салмақ бойынша көрші ауданнан келген спортшылар чемпион болды. Ұйымдастырушылар аталған доданы келер жылы да ауқымды деңгейде өткізетіндіктерін айтты.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ