Өнерлілер ордасы
«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Қайсыбір ел болсын ең алдымен тарихы мен ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен мақтанады. Төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады. Қазақ елі де солай. Осындай ауқымды іске айтарлықтай үлес қосып жүргендердің қатарына Қазалы қалалық мәдениет үйі қызметкерлерін де қоссақ жарасады.
Көпшілік-мәдени шаралардың басы-қасынан табылып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын өнерпаздардың еңбегі ерекше. Мереке және айтулы даталарда тұрғындарға рухани демалыс беруге асығатын мәдениет саласы қызметкерлерінің әр күні қарбаласқа толы. Кезекті іс-шараны тәмамадап, жоспардағы келесі бір концерттік бағдарламаға дайындалып жатқан өнерпаздармен жолығудың сәті түсіп, мәдениет үйінің директоры Әзілхан Мақсатбаевпен жүздескенімізде:
– Қазалы қалалық мәдениет үйі 1973 жылы салынып, аудандық мәдениет үйі болып халыққа қызмет көрсетті. Мұнда 200 орындық көрермен залы мен қызметкерлерге арналған 24 бөлме бар. 2016 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылу жүйесіндегі екі бу қазандығы қатты отын арқылы жылытылады. Қажетті музыкалық аппаратурамен қамтамасыз етілгенбіз. Жыл басынан бері жоспарланған іс-шаралар кестесіне сәйкес жұмыс жүргізілуде, – деді.
Іс-шаралар легі қаңтар айында Жастар жылына орай Қазалы қаласының кубогы үшін өткізілген жайдарманшылар сайысынан басталған. Бұдан кейін «Жас талант» атты ән, би және терме жанрларынан байқау болды. Бұл халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ән, би, терме өнерінің ерекшеліктерін, ескі халық, қазіргі композиторлар әндерінің кеңінен таралуына қолдау, жас әншілердің орындау шеберлігінің өсу деңгейіне ықпал ету, насихаттау, көпшілік көрерменге таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ауған от жалыны» атты Ауған соғысы ардагерлерімен өткен кездесу кеші де көпшіліктің ойынан шықты. Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Әсем үн, маржан сөз» атты аудандық жүргізушілер байқауы талантты жастардың танылуына себепкер болды. Қала жастарымен бірлесе «COMPAZZIONATE QAZALY» атты мәдениет үйі жанындағы үйірме көркем өнерпаздарының қайырымдылық концертіне жұртшылық көптеп жиналды. 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында «Ризамын туған өлкеме» мерекелік концертінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматқа мерекелік Алғыс хат тапсырды. Халықаралық әйелдер күнінде Батыр және көп балалы аналар құрметке бөленді. Ұлыстың Ұлы күні қалалық мәдениет үйі қызметкерлерінің қатысуымен «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты театрландырылған қойылым айтулы мерекенің ажарын айшықтады. Халықаралық театр күні де ескерусіз қалмады. Режиссер Жәдігер Тұрсыновтың 80 жылдығына «Театр өнерім, театр өмірім» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек бірнеше мәдени шара мәдениет үйінің киелі сахнасында көреремен назарына ұсынылды.
«Сыр сұлуы» атты жеке және топтық бишілер фестивалі, «Қазалы дауысы» вокалды топтар байқауы, Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында өткен «Ерлер елдің қорғаны, елдің тұтқасы» және Ұлы Жеңістің 74 жылдығындағы «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты театрландырылған қойылым, Халықаралық балаларды қорғау күніндегі «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» атты мерекелік концерт әлі күнге көрермен есінде.
Шығыстың жарық жұлдызы, Қазақстан мен Орта Азия жастар ұйымының талантты ұйымдастырушысы, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-демократ, жастардың рухани көсемі, даңқты жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың 117 жылдығында «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі ақындар мүшәйрасын өткізіп, жас ақындардың жүрекжарды жырлары тыңдарман назарына ұсынылды. Жуырда «Ән көгіндегі жұлдыздар» атты аудандық эстрада әншілерінің фестивалі болып, жас эстрада әншілері көпшілікке танылып, өнерлері шыңдалды. Мәдениет ошағында сондай-ақ би, терме, ән, драма үйірмелері жұмыс істейді.
Барлық шаралардың басы-қасында жүретін өнерпаздар Айбек Мамбетов, Асылбек Көшербаев, Дастан Пірімбаев, Бақыткелді Надиров, Ертай Алғашбаев, Едіге Айдаров, Қайрат Ильясов, Берік Әбиев, Наталия Баркова, Айнұр Сыдық, Рашид Абдуллин, Мейрамкүл Өтепбергенова, Әсет Ақбаев, Еркін Құдабаев, Айлуна Ағайдардың есімі көпшілікке таныс.
– Халық театрының мақсаты – шынайы өмірден алынған көріністерді сахнада сомдап, көрермен жүрегіне жеткізу. Әр замандағы іс-әрекетті, халықтың тұрмыс-тіршілігін кеңінен насихаттау, келер ұрпаққа өмірде болып жатқан келеңсіздіктерді енді қайталамауға бағыт-бағдар беру, – дейді режиссер Арнұр Әлжан. Халық театрына 21 өнерпаз қатысады. Мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесі Сәлкен Субханбердінің «Сәлденің сыры» атты бір перделі пьесасын дайындап, 2016 жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық халық театрларының байқауында «Халық театры» атағын қорғады. Халық театры көркем өнерпаздарының ұйымдастыруымен Өмірбек Боранбаевтың «Бәрінен де күшті, қорқақ көжек» атты балалар ертегісін аудан көлеміндегі барлық балабақша мен мектептер сахнасында көрсетіліп, ақылы қызмет жоспарын орындап, көрермен көңілінен шығуда. Өткен жылы «Қаламы қарымды Қалтай» атты драматург Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауында халық театры Алғыс хатпен марапатталды. Ұжым мүшелері тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласына орай Сырлыбайхан Шабақұлының 200 жылдық мерейтойына арналған жазушы, этногроф Әбдісаттар Оспановтың «Сырдың Сырлыбайы» атты екі актлі, үш көріністі пьесасын қойып халық ықыласына бөленді.
– Белгіленген репертуарлық және жұмыс жоспары бойынша «Қуақы» ойын-сауық отауы, Ұлы Наурыз мерекесі, Жеңіс күні, Президент күні, Тәуелсіздік мерекелеріне орай түрлі сахналық және театрландырылған қойылымдар әзірлеп, халық назарына ұсынып келеміз. Қазіргі кезде «Халық» театры көркем өнерпаздары Г.Хугаевтың екі актілі «Қара шекпен» атты пьесасына дайындық жасауда, алдағы уақытта аудан жұртшылығына көрсету жоспарымызда бар. Бұны таңдап алған себебім: Жер бетін мекендейтін 18 мың ғаламның ішіндегі ең құдіреттісі де, ақылдысы да, әдемісі де адам. Ал біз дәл осындай дәрежеге лайықпыз ба? Кез келгеніміздің бойымызды бар өзімшілдік қасиеттер басым түсіп, жан азығынан мақұрым қалғандай адамдық қасиетіміз жойылып кейде хайуанға айналып бара жатқанымызды өзіміз де байқамаймыз. «Қара шекпен» спектаклі осы сұрақтарға жауап іздейді, – дейді жас режиссер.
Сонымен бірге халық театры ақылы қызмет жоспарын орындау мақсатында драматург Өмірбек Боранбаевтың «Бәрінен де батыр, қорқақ көжек» атты бір актілі, үш көріністі балалар ертегісін алдағы күндері Қармақшы, Арал ауданы, Төретам стансасы мен Ақай елді мекендеріне қоюды жоспарлауда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА