Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қимастықпен қияға қанат қақты

Қимастықпен қияға қанат қақты

Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектепте «Ұлы дала түлектері» тақырыбында соңғы қоңырау салтанаты өтті. Осыдан тура 11 жыл бұрын тарыдай болып, алтын ұя – мектептің табалдырығын имене аттаған бүлдіршіндер бүгін таудай талаппен қияға қанат қақты.
Кешегі тұлымшағы желбіреген балғын балалар бүгінде бозбала мен бойжеткенге айналған. Қуаныш пен қимастықтан жүректері толқып, көңілі алабұртқан шәкірттер бітіру кешін есте қаларлықтай етіп өткізуге ерекше дайындықпен келгендігі байқалады.
Салтанат басталмас бұрын әсем безендірілген сахна төрінде 1 сынып оқушылары «Мектебім» әніне билеп, көрерменнің ықыласына бөленді. Бұдан соң кеш иелері – бітіруші түлектер мен сынып жетекшісі Эльмира Әбсұлтанова қошеметпен сахна төріне шақырылды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы ортаға әкелініп, мемлекеттік гимн орындалды. Мектеп директоры Эльмира Сматуллаева құттықтау сөз сөйлеп, 2018-2019 оқу жылында белсенділігімен ерекшеленген ұстаздар мен шәкірттердің еңбегін атап, түрлі номинациялар бойынша марапаттады. Бұдан соң аудандық мәслихат депутаты Жанат Көланова аудан әкімінің құттықтау тілегін жеткізіп, бірқатар ұстаздарға аудан әкімінің «Алғыс» хатын тапсырды. Сонымен бірге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Кежалиеваның кеудесіне Қорқыт ата атындағы төсбелігіні тақты.


Осындай айтулы күні мектеп бітіруші түлектер ұстаздарын «Ғасыр ұстазы», «Тағылымды ұстаз», «Кемеңгер ұстаз», «Ұлағатты ұстаз», «Ғажайып ұстаз», «Білікті ұстаз», «Мәртебелі ұстаз», «Қамқоршы ұстаз», «Ізденімпаз ұстаз», «Мейірімді ұстаз», «Зерделі ұстаз», «Үлгілі ұстаз», «Шебер ұстаз», «Өнерлі ұстаз», «Елжанды ұстаз» бағамдарымен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Бұдан соң жүргізуші:
Сан түрлі өтті олар өткелдерден,
Ызғарлы, өтті дағы көктем күннен.
Жиырма, жиырма бес жыл ғұмырдан соң сағынышпен,
Бас қосты сыр айтуға өткен күннен, – деп, осыдан 20,25 жыл бұрын мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттерді ортаға шақырды. Олар алдымен бақилық болған ұстаздары мен сыныптас достарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Ұстаздарға, достарға, білім ордасына деген сағыныштарын арнау өлеңмен әсерлі жеткізген түлектер сый-құрмет көрсетуді де ұмытпады. Барлығы бірге «Армандастар» әнін әуелете шырқап, ұстаздарын ортаға алып, би биледі.


Түлектерге бастауыш сыныпта білім берген Бағым Сахиева және Алма Алушаева, 11 сыныпқа дейін жетекшілік еткен Эльмира Әбсұлтанова ізгі тілектерін арнады. «Білім кітабын» ізбасарларына салтанатпен тапсырды. «Мектеп вальсін» билеп, соңғы рет қимастықпен күміс қоңырауды сыңғырлата қақты. Қоңырау қағу құрметіне «Алтын белгіге» үміткер Бақдәулет Тұрғанбаев, Аружан Жеңіс, Ақниет Орысбек, жадыра Аманжолва және 1 сыныптың үздік оқушылары Ықылас Шарападин, Кәусар Еркінқызы, Қуандық Дайрабай, Ерасыл Талғат ие болды.
Түлектерге ата-ана, ардагер ұстаз Қазыбай Саниязов батасын беріп, ақ жол, сәт сапар тіледі. Кеш соңында түлектер «Қош бол, мектебім» әнін орындап, ашық аспан аясына түрлі түсті шарлар мен бейбітшіліктің белгісі – ақ көгершіндер ұшырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

27 мамыр 2019 ж. 3 913 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930