Соңғы қоңырау сыңғыры...
Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте “Сыңғырла, сүйкімді қоңырау” атты салтанатты шара болып өтті. Оған білім ордасын бітіруші түлектермен қатар, мектеп мұғалімдері, ардагер ұстаздар және ата-аналар қатысты.
Үлкен өмірге қадам басқалы отырған шәкірттерге “Нұр Отан” партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалиев және мектеп директоры Зейнегүл Жүсіпова ақ жол тілеп, алдағы үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтулеріне тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, бұл күні мектеп бітіргендеріне 30 жыл болған түлектер мен ата-аналар Жанар Әлішева, Гүлсім Сырлыбаева, Зәуре Бөрекештер де жылы лебіздерін жеткізді.
Ж.СОВЕТҰЛЫ
* * *
Ғ.Мұратбаев ауылындағы №91 орта мектеп директоры Дархан Алдабергенов соңғы қоңырау салтанатында биыл Айжан Әбдіқами мен Мейрімжан Иман «Алтын белгіге» үміткерлер қатарын толықтырып отырғандығын жеткізді. Қос өренге сонымен бірге балалық шақтан болашаққа қадам басқан өзге де түлектерге сәттілік пен ақжолтай тілегін айтты.
Мектеп бітірушілерге аудан әкімінің кеңесшісі Берік Бисембаев, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұл, ұстаздар Айманкүл Садықова мен Мәруа Мағауиева және басқалары жылы лебіздерін жеткізді.
Кеш барысында 10 сынып оқушылары М.Әбілқасым мен З.Әбдімәліковаға аманат кітабы табысталды. Білім кілтін 1 сынып оқушылары Т.Нұртөре мен Н.Нұржаубай қабылдап алды.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ
* * *
Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептегі «Сыңғырла қоңырау, сыңғырла, жаңғырып бар ғаламға» атты салтанатты жиын түлектер шеруімен басталып, мектеп, ұстаз, оқушылық өмір туралы ән-жырмен, бимен өрілді. Мектеп бітіруші түлектердің құрметіне арналған шараға қатысқан Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы Әбілқасым Роман және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Ардақ Кәдіров оқушыларға ұстаздарының үкілі үмітін ақтауға тілектестік білдірді. Түлектердің алғашқы ұстазы Гүлмира Әріпова мен сынып жетекшісі Айшагүл Қалау, ардагер ұстаз Деменбай Әмірашұлы шәкірттеріне ақ жол тіледі. Ата-аналар атынан Лида Әбен және түлектер сөз алып, 11 жыл бойы тағылымды тәрбие мен білім нәріне сусындатқан мектеп ұжымына, ұстаздарына алғыстарын айтты.
9-сынып оқушысы Жұмахан Ерлан бітірушілерге арнап жүрекжарды арнауын оқыды. Түлектер мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге естелік сыйлықтарын және ұстаздарға гүл шоқтарын табыс етті. Ән айтылып, мектеп вальсі биленді. Соңғы қоңырауды соғу құрметі мектептің үлгілі оқушылары Нұрлан Әміржан мен Нұргүл Байкенжееваға және 1 сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер Жеңіс Арман, Гүлнәзім Қуантқанға бұйырды.
Мектеп директоры Оңталап Маханбетов түлектерді құттықтап, жетістікке жеткен мұғалімдерді марапаттады.
Ләйла ДӘСТЕНОВА