Туризм толағай табыс әкеле ме?
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады», – деп атап көрсетті. Кім-кімге де туған жері, туған өлкесі қымбат. Өскен ауылы мен қаласы, көзіне таныс, көңіліне жақын аймағы, туған ортасы адам бойында ең асыл, риясыз сезімді, балалық шаққа саяхатты тудырады. Әсіресе бұл сезім дүниеге көркемдік шындық арқылы қараған ақын бойында күшті болары мәлім. Туған жерге деген махаббаттың, одан туындайтын туған елге, Отанға деген ұлы сезімнің ұласуын, күшеюін, алмасуын зерттеу, ақын дүниетанымындағы патриоттық рухтың қалыптасуын тану, оқырманға әсерін зерделеу маңызды.
Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадамның» практикалық жайттары қарастырылған болатын. Аталған реформалардың әрқайсысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер белгіледі. Сол нақты тапсырмалардың қатарында «Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторларды тарту» қадамы бар. Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында отандық туризм саласын дамыту мәселесіне кеңінен тоқталған. Осыған орай отандық туризм кластері Ұлт жоспары қадамынан тиісті орнын ала алады деген сөз.
Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі, Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлкеде ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайыбы тарихы сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты бастан өткізді.
Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан ежелден саях¬ат және туризм нысандары болып табылған. Мәселен, «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша 8 ескерткіш Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Олар – Сау¬ран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері. Сондай-ақ, Қызылорда облысынан осы аталымға енген ескерткіштердің ішінде Қазалы ауданынан Орта Азия мен Шығыс Еуропаға және Орталық Азияға баратын керуен жолдарының тоғысқан жерінде жатқан Жанкент қаласы Х ғасырда өзінің гүлдену шегіне жетіп, Оғыз мемлекетінің астанасына айналған. Бұл тарихи жерлерде талай жылдардан бері мемлекет тарапынан археологиялық қазба жұмыстары үнемі үзбей жүргізіліп келеді.
Сол сияқты Бурабайды ерекше атап өтуге болады. Ол республикадағы ең танымал туристік бағыт саналады. Бұл жердің әсем табиғаты, көптеген қонақ үйлері, шипажайлары мен дамыған инфрақұрылымы демалушыларға ұмытылмас әсер сыйлайды. Сондықтан болар бұл жер халық арасында екінші Швейцария деп аталып кеткен. Осы жерде демалып қана қоймай, ем қабылдауға да бар жағдай жасалған.
Бурабайда демалып үлгерсеңіз, онда Ұлы Жібек жолы бойымен экскурсиялық саяхатқа аттануға болады. Аталмыш бағыт ең танымал және тарихи маңызды орындар арқылы өтеді. Жол бойында қазақ халқының бірегей сәулет және археологиялық ескерткіштері: Айша-Бибі, Бабажақатын, Қарахан кесенелері орналасқан. Осы жерлерден ерекше рухани күш алуға болады. Қазақстанда көз тартар көрікті жерлер, тарихи мекендер жеткілікті. Атап айтсақ, Шарын шатқалы мен Шарын өзені, Ақсай шатқалы, Алакөл мен Балқаш көлдері, Шымбұлақ курорты, Қорғалжын қорығы, Зайсан көлі, Марқакөл қорығы, Қатон-Қарағай ұлттық саябағы, Жидебай-Бөрілі қорық-мұражайы. Халқымыздың пейілі сияқты кең, көңілі сияқты дархан даламызда жабайы табиғатпен қауышып, рухани азық алып, жері, суы мен ауасының шипасын көруге мүмкіндік бар.
Жастар арасында туристік-өлкетану қыз¬метін ұйымдастыруда өздерінің шығарма¬шылық қабілеттерін, қазіргі қоғамға бейімделу дағдысын дамытады және бос уақытын ұйымдастыруға толық мүмкіндік алады. Қосымша білім беру педагогтері өздерінің қызметінде ұрпақтың рухани тәжірибесін түсінуге көмектесетін және адамзаттың ілгерілеуге қарай қозғалысын қамтамасыз ететін құндылықты бағдарды қолданулары қажет.
Туризм – экономикадағы қарқынды салалардың бірі. Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің бірі. Туризмнің маңызы жылдан-жылға өсуде, оның халықаралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде маңызы артуда. Елдердің шикізат көзі азаяды, ал туристік индустрия қалпына келетін ресурстармен жұмыс істеген. Туризмнің басқа да салаларға тигізетін әсері мол, оның 32 салаға жанама ыкпалы бар (турфирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, санатория¬лар, ұлттық парктер, тамақтану сферасы, тағы басқа). Бұл дегеніміз – әлемдік өндірісте әр 9 адамның жұмыс орны деуге болады.
Бүгінгі таңда ел Президенті тарапынан адамзат қоғамы жинақтаған аса зор өркениет тәжірибесіне зерделі талдау жасау бойынша қыруар жұмыс жүргізілгенін көруге болады. Соның ішінде халқымыздың сонау заманнан бергі, Ұлы Жібек жолы кесіп өткен кең байтақ, әсем өлкеміздің мәдени тұрғыда жаңғыруы, еліміздің әсем табиғаты мен көркем көрінісінің жаңғырып туризмдік саланы дамыту болып табылады.
Е.Қ.АКИШЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің аға оқытушысы.
А.РАБХАН,
Г.БАЛТАБЕКОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері.