Тағылым тал егуден басталады
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расымен, саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін жойған емес. Жыл сайын көктем-күз мезгілінде ағаш отырғызылады.Өткен сенбіде ауданды жасыл желекке бөлеп, ауасын тазартып, өмірдің бір сәтін өнегелі іске арнаған қазалылықтар сенбілік ұйымдастырып, көгалдандыру жұмысын жандандырды. Алдымен шаһардың көркін бұзған қоқыстың көзін құртып, түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Аудан тұрғындары белсене атсалысқан экологиялық акция «Таза Қазақстан» жобасының «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» деген акциясы аясында өтті.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, ардагерлер мен ел ағалары, мекеме-кәсіпорын өкілдері, жастар және жергілікті тұрғындар қатысты. Акцияда аудан әкімі табиғатты аялау, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету және көгалдандыру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасының мәні тек сенбілік өткізу немесе ағаш отырғызумен шектелмейтінін, оның әрбір азаматтың бойында қоршаған ортаға деген қамқорлық пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің таза, көрікті әрі мәдениетті болуын үнемі назарда ұстап келеді. «Таза Қазақстан» бастамасы – тек тазалық шарасы ғана емес, ол әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығын, табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыратын маңызды қозғалыс. Жыл басынан бері ауданымызда осы бастама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және көгалдандыру бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінгі ағаш отырғызу акциясы да осы игі жұмыстардың жалғасы. Әрбір отырғызылған көшет – келешек ұрпаққа қалдырар жасыл мұрамыз. Сондықтан туған жеріміздің көркеюіне баршамыз бірлесе үлес қосуымыз қажет, – деді аудан әкімі.
«Бір тал кессең, он тал ек» демекші кешегі акция аясында 500 түп ағашы отырғызылды.Оның 300-і – қарағаш, 200-і – үйіңкі. Ал жалпы көгалдандыру жұмыстарына 1150 адам қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы облыс орталығымен қатар өңірдің барлық аудандары мен елді мекендерінде де жалғасын тапты.
Дәл осы күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік жұмыстары да ұйымдастырылды. Аудан орталығы – Әйтеке би кентінде өткен тазалық шарасы барысында Әйтеке би, Жанқожа батыр және Желтоқсан көшелерінің бойы ретке келтірілді. Көше жиектеріндегі қоқыстар жиналып, ретсіз өскен шөптер шабылды. Сондай-ақ қоғамдық орындар мен көше аумақтары тазартылып, айнала ажарлана түсті. Жалпы сенбілікке 143 мекемеден 2456 адам қатысып, 6 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде полигондарға 15,5 тонна қоқыс шығарылды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов орталық көшелерде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарын аралап, атқарылған істердің барысымен танысты. Аралау кезінде кент әкімі мен жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма беріп, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты әрі жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Иә, туған жерді түлетіп, тал егу дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игілікті мұраға айналуы тиіс. Өскелең ұрпақ та осы өнегелі жолды жалғап, туған өлкенің көркеюіне өз үлесін қосса, құба-құп.
А. ЖҮСІПОВА
А. ЖҮСІПОВА














