Еңбекті сүйген ер еді
Әр адам өмір жолында қандай істі қолға алса да, оны адалдықпен атқарса, еңбегінің жемісін көрері анық. Өйткені бақ пен абырой, құрмет пен береке – маңдай термен келген еңбектің өтеуі. «Еңбегімен ер сыйлы» деген халқымыздың қанатты сөзі де осыны меңзейді. Адал еңбегімен елге танылған азаматтың ғұмыры – ұрпағына аманат, кейінгі буынға өнеге.Осындай тағылымды тіршіліктің жарқын үлгісін көрсеткен жандардың бірі – Қасым Қалым. Ол бар ғұмырын мал шаруашылығына арнап, кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерді. Дүние мен даңққа қызықпай, қарапайым тірліктің қадірін білген жанның өмір жолы мен еңбек белестері жұртшылықтың жадында.
Қолымызға қалам алуға себеп болған Қасым Алшыұлы 1927 жылы қазіргі Көларық ауылдық округінің аумағында дүниеге келіпті. Бала күнінен тұрмыс тауқыметін ерте сезінген Қасым ауылдағы Әзілхан ишан мешіті жанындағы мектептен латын әліпбиімен төрт сыныптық білім алады. Әкесі Алушы сол жерде басқарма қызметін атқарған. Алайда Қасым алты жасқа толғанда әкесі ауыр науқастан көз жұмады. Осылайша, шаңырақтың үлкені ретінде отбасы жауапкершілігі жас баланың иығына ерте түсіп, әжесімен бірге үйдің бар шаруасын атқарды. Сөйтіп анасы Шәрипаның күнкөріс қамындағы тіршілігіне қолғабыс етті.
Тұрмыс қиындығы анасы Шәрипаны балаларымен бірге Ақтөбеге қоныс аударуға мәжбүр етеді. Алайда жат жердегі тіршілік те оңайға соқпайды. Мал баққан күндерінің өзінде қасқырлар тыныштық бермей, күнкөріс қамы қиындай түсіп, кейін Шәрипа Ақтөбеден оңтүстікке қарай мал айдауға адам керек деген хабарды естіп, он төрт жастағы ұлын сол керуенге қосады. Айдауға берілген мал – асыл тұқымды меринос қойлары еді. Жас Қасымның өмір жолындағы ұзақ еңбек сапары осылай басталған-ды.
Әкесінің сол күндерді жиі еске алып отыратынын қызы Базаркүл Қасымқызы бізбен әңгімесінде былай бөлісті.
«Қасымда Сағынай Қойшықов пен тағы бір адам болды. Жолда немістің үйретілген овчаркасы да бірге жүрді» деп отыратын. Ауылға жеткен соң сол кездегі совхоз директоры Сәбила Батырова мені жас шопан етіп жұмысқа қабылдады. Анам мен қалған бауырларымды кейін алдырттым дейтін. Сондай-ақ соғыстан оралмаған Сайман атамыздың 1944 жылы туған Әскербек есімді баласын да «Сыртта жүрсе, жат болып кетеді» деп үйге алдырып, бауырына басып тәрбиелегенін әңгімелеп отыратын, – дейді қызы Базаркүл.
Отбасының берекесі мен тіршілігін қатар алып жүрген Шәрипа әже де қолынан өнері тамған жан болған. Көзі көрмесе де, солдаттарға арнап пішкен қолғаптары мен шинельдері мінсіз шығатын көрінеді. Ал әжесі пішкен киімдерді Қасым тігін машинасына отырып, өзі тігіп беріпті.
«Әжем сол сұрапыл соғыс уақытында майдандағы солдаттарға арнап киімдер пішетін. Ал менің міндетім – әжем пішкен дүниелерді тігу еді. Сөйтіп, киім тігіп, әжеме қолғабыс болдым» деп әкем жиі айтатын, – дейді Базаркүл Қасымқызы әкесінің естелігін бізбен бөлісіп.
Еңбекке ерте араласып, мал бағудың қыр-сырын жастайынан меңгерген Қасым Алшыұлы табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында 1947 жылы, небәрі жиырма жасында бас шопан атанды.
1954 жылы Күлмараш Әлжанқызымен шаңырақ көтеріп, екеуі алты қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Екеуі тұрмыстың талай қиындығын бірге еңсеріп, барын берекеге айналдырады. Күнкөрісін қолдағы көлігімен де қамдап, шаруашылықтың қым-қуыт тіршілігіне қатар араласты. Осылайша, отбасы мен еңбекті қатар өрген жарасымды ғұмыр кешті.
Шопандық сырт көзге қарапайым кәсіп көрінгенімен, оның астарында өлшеусіз бейнет пен үлкен жауапкершілік жатыр. Әр қозының есебін түгендеп, төлді аман сақтау, енесін алмай қалған қозыны күту, малға уақытылы жем-шөп беру – күнделікті жұмыстың бір бөлігі ғана. Бұған қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп-қону, қойды қырқымға айдап апарып, қайта әкелу, күзгі қой қашыру науқанына жеті жүз бас малды әзірлеу секілді қауырт жұмыстар қосылатыны тағы бар. Мұның бәрі Қасым мен жары Күлмараштың күнделікті тіршілігіне айналған. Жыл он екі ай тынымсыз еңбектің бел ортасында жүрген олар үшін әр маусымның өз қиындығы мен өз міндеті болған.
Соған қарамастан Қасым Алшыұлы асыл тұқымды меринос қойының әр жүз саулығынан 120-ға дейін қозы алып, шаруашылықтағы озат шопандардың қатарынан көрінген. Социалистік жарыстарда жеңімпаз атанып, еңбегі еленген жылдары санаторийлерге жолдама алып, жыл сайынғы слеттерде марапаттар мен сыйлықтарға ие болып, Ленинград пен Мәскеуде өткен көрмелерге делегат ретінде қатысу құрметіне де бөленіпті.
Еңбек ерінің қызы Базаркүлдің айтуынша, әкесі үшін қой бағу күнкөріс көзі ғана емес, жанына жақын сүйікті ісі болған. «Ол бар ғұмырын осы кәсіппен байланыстырып, төрт түліктің бабын табуды өмірінің мәніне балады» дейді ол.
– Үлкеніміз оқуды бітірген соң совхоз орталығына көшуді ұсынғанда, әкеміз: «Айналайын-ау, қалай көшемін? Бұл ақ қой менің өмірім ғой. Он төрт жасымда табаным ойылып, Ақтөбеден айдап келдім ғой», – деп көшуге еш көнбеді, – дейді Базаркүл Қасымқызы.
Адал еңбегімен ел құрметіне бөленген Қасым Алшыұлы 1976 жылы небәрі 49 жасында өмірден озды. Бірақ ғұмыры қысқа болғанымен, еңбегі мен есімі өшкен жоқ. Бүгінде оның мәңгілік мекені өзі ғұмыр кешіп, мал баққан, талай жыл табаны тиген жерде орналасқан. Бұл аумақ кезінде Қазалы совхозының үшінші фермасына қараған. Уақыт өте келе сол жердегі қыстау, бұлақ пен жайлау да халық арасында Қасымның есімімен аталып кеткен. Өткен жылдың 7 шілдесінде ұрпақтары әкелерінің ізі қалған қыстауға арнайы барып, белгі орнатты.
Мұқым ғұмырын мал шаруашылығымен байланыстырып, адал еңбегімен абыройға бөленген Қасым Алшыұлының өмір жолы – кейінгі ұрпаққа ұлағат. Расында да, еңбегін елеп, есімін ұлықтаған жұрты, ізін жалғар ұрпағы барда оның өнегелі ғұмыры ұмытылмақ емес. «Жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек.
А.ЖҮСІПОВА














