Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Туризм: әлеует пен әрекет

Туризм: әлеует пен әрекет

Туған өлкенің табиғатын тамашалап, тарихын танығысы келетін саяхатшылар біздің өңірге жиі ат басын бұрып жатады. Демек, бізде де турист қызықтыратын дүние аз емес. Ендеше, сол мүмкіндікті қаншалықты ұтымды пайдаланып жүрміз? Өңір туризмінің бүгінгі тынысы қандай? Тақырыпты тарқатсақ...
Ресми деректерге сүйенсек, аудан аумағында республикалық маңызы бар 5, жергілікті санаттағы 60 және алдын ала есепке алынған 22 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Солардың ішінде орны бөлек, тарихы терең нысанның бірі – Өркендеу ауылдық округінде орналасқан, бір кездері Оғыз мемлекетінің астанасы болған көне Жанкент қалашығы. Бүгінде республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш туристер табан тірейтін тартымды мекенге айналып отыр. Дегенмен осынау құнды қазынаны туризмді дамыту жолында қаншалықты тиімді пайдаланып жүрміз деген сауалдың да санада көлденеңдейтіні бар. Расында, бұл көпшілікті күпті еткен сұрақ болып отыр. Өйткені өңірдің туристік әлеуетін таныту үшін табиғи және тарихи орындардың болуы ғана жеткіліксіз. Бұл ретте оларды ел игілігіне жаратып, туристерді тартуға бағытталған нақты жұмыстардың жүйелі жүргізілуі де маңызды. Ендеше, ауданда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Туризм саласын дамытуға қаншалықты көңіл бөлінуде? Осы сауалдарға жауап іздеп, аудандық спорт және туризм бөліміне арнайы сауал жолдадық.
Бөлім әдіскері Жұлдызай Әуезханның айтуынша, 2026 жылы ауданда ішкі туризмді жандандыру, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған.
– Биыл өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында бірнеше бағытта танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды. Олардың негізгі бөлігі агротуризмді дамытуға, тарихи-мәдени ескерткіштер мен көрікті жерлерді таныстыруға арналды. Экскурсияларға Қызылорда және Алматы қалаларынан келген кәсіпкерлер, журналистер мен туристік сала өкілдері қатысып, ауданның тарихи нысандарымен, туристік мүмкіндіктерімен және ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетімен танысты. Мұндай шаралар Қазалының туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңірдің көпшілікке беймәлім қырларын кеңінен танытуға, ішкі туризмнің өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Танымдық сапарлар Қызылорда облысындағы WFTGA KazGuides ұйымының арнайы сертификатталған кәсіби гиді Мира Жакибаевамен бірлесе ұйымдастырылып келеді, – дейді бөлім әдіскері Жұлдызай Әуезхан.
Бөлім ұсынған мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша ауданға келген туристердің жалпы саны 5828 адамды құраған. Оның 5424-і – отандық саяхатшылар болса, 404-і – шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткіш Қазалыға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.
Туризмнің тынысын кеңейту үшін тарихи орындарды таныстырумен қатар, келушілерге қолайлы жағдай қалыптастырудың да маңызы зор. Осы бағытта ауданда туристік инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және орналастыру орындарының мүмкіндігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан аумағында жалпы сыйымдылығы 301 орын болатын 12 орналастыру орны қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 4 кемпинг, 6 қонақүй және 2 қонақжай үй бар.
Солардың бірі – өткен жылы ғана есігін айқара ашқан «Zhebe» қонақүйі. Бүгінде бұл нысан ауданның туристік әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға атсалысуда. Атап айтқанда, осы бастама аясында Ресей Федерациясындағы «Палм-Тур» туристік компаниясының өкілі Наталья Замалдинова Қазалыға арнайы ат басын бұрып, өңірдің тарихи-мәдени орындарымен танысқан. Сапар барысында мың жылдан астам тарихы бар Жанкент қалашығына да барған. Мұндай байланыстар ауданның туристік мүмкіндіктерін шетелдік нарыққа танытып қана қоймай, болашақта сырттан келетін саяхатшылар қатарын көбейтуге де жол ашады.
Айта кету керек, туристерге сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен қонақүй ғимараты заманауи талаптарға сай жабдықталып, келушілердің жайлылығы жан-жақты ескерілген. Мұнда 17 бөлме қарастырылған, жалпы сыйымдылығы – 37 орын. Сонымен қатар кездесулер мен түрлі іс-шараларды өткізуге арналған конференц-зал және лаундж аймағы бар. Осындай нысандардың іске қосылуы ауданда туристерді орналастыру мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге де ықпал етеді.
Қош. Қазалының туристерге ұсынар мүмкіндігі аз емес. Бастысы, оны көпшілікке кеңінен таныта білу қажет-ақ. Ол үшін тың идея, жүйелі жұмыс пен тұрақты ізденіс керек. Бүгінгі бастамалар осындай ізденістердің жалғасына айналып, шежірелі өлкенің туристік бағыттағы мүмкіндіктеріне жол ашса, құба-құп. Туған жердің қадірін өзіміз арттырып, өзгеге де таныта білсек, ұтылмасымыз анық.

Арайлым ЖҮСІПОВА
17 қараша 2026 ж. 20 0

Сандар сырын ұққан

17 қараша 2026 ж. 20

Еңбекті сүйген ер еді

17 қараша 2026 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30