Сандар сырын ұққан
Қазақстанда 15 қараша Қаржыгерлердің кәсіби мерекесі. Мемлекеттік бюджеттің тиімді жұмсалуына, бизнестің дамуына және елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығына үлес қосып жүрген майталман мамандар біздің ауданда да жетерлік.
Қисыны көп есеп-қисапты жүргізіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетті жоспарлау, қаржының жұмсалуын бақылау, банк жүйесін дамыту және инвестициялық шешімдер қабылдау да осы саланың маңызды міндеттеріне жатады. Осындай ауқымы кең саланы өрге сүйреп, үлгілі ісімен көпке қызыметімен танылған жандардың ерен еңбегін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік.
Қисыны көп есеп-қисапты жүргізіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетті жоспарлау, қаржының жұмсалуын бақылау, банк жүйесін дамыту және инвестициялық шешімдер қабылдау да осы саланың маңызды міндеттеріне жатады. Осындай ауқымы кең саланы өрге сүйреп, үлгілі ісімен көпке қызыметімен танылған жандардың ерен еңбегін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік.
Қырық жыл бойы қаржы ісінің қалтарыс-бұлтарысына куә болып, қызметті абыроймен атқарған Люба Өтемұратованың есімі әсіресе білім саласы қызметкерлеріне етене таныс. Люба Өтемұратова 1962 жылы 27 желтоқсанда Қазалы ауданы, Майлыбас ауыл советінде дүниеге келген. Мектепті тәмадаған соң Алматыдағы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтынан экономист мамандығын меңгерген. Еңбек жолын 1983 жылы Қазалы аудандық ауылшаруашылық бөлімінде экономист болып бастаған. 1988 жылдың мамыр айынан бастап Қазалы аудандық білім бөлімінде бас бухгалтер қызметінде 36 жыл абыроймен атқарды.Қызығы мен шыжығы қатар жүретін салада табан аудармастан еңбек еткен тәжірибелі маманның үлгісін көрген жастар жетерлік. Уақытында сексен есепшімен етене жұмыс істеген Люба Өтемұратова бүгінгі күнге дейін әпкелік ақылын бөлісіп отырады.
– Қазір ойланып отырсам, аудан әкімдігінің бөлімдеріндегі, ауылдық округтердегі бас есепшілердің көбісі дерлік білім бөлімінен шыққан екен. Тоқсандық, жылдық балансты қабылдаған уақыттарда кейде есептер тең шықпай жатады. Сондай кездері «жоқ тиынды тауып кел» деп кері қайтаратын сәттерім болады екен. Оны кейін қыздар айтып, күліп отыратын. Неге соншалықты қаталдық танытқанмын деп қазір ойлаймын. Десе де оның барлығы жастарды шыңдау, жұмысқа деген жауапкершіліктерін арттырыу мақсатындағы тәрбием еді. Шүкір, қазір жаман болған жоқ. Бас есепшілік қызметте отырғандары көп. Жалпы қай істі болмасын, шашау шығармай, жинақы, тиянақты орындау керек. Бұл менің өмірлік ұстанымым еді, – дейді кейіпкеріміз.
Люба Өтемұратованың қажырлы еңбегі ескерусіз емес. Ол Қазалы ауданының білім бөлімінің, Қазалы ауданы әкімінің, Қызылорда облысының қаржы басқармасының, Қызылорда облысының білім басқармасының, Қызылорда облысы әкімінің, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс» хаттарымен бірнеше рет марапатталған. Отбасында жолдасы екеуі 3 ұл бала және 6 немере тәрбиелеп отыр.

Аталған салада табанды еңбек етіп, мол тәжірибесімен танылған, кәсіби білімі мен іскерлігін ел игілігіне арнаған жанның бірі – Қазнагүл Бакенова.
Қазнагүл Суханқызы 1964 жылдың 1 тамызында Қазалы ауданының Жаңақазалы поселкесінде дүниеге келген. Білімге деген құштарлығы оны жоғары оқу орнына жетелеп, 1981-1985 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында білім алды. Аталған оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын қаржы саласымен байланыстырды. 1985 жылы аудандық қаржы бөлімінде мемлекеттік кірістер инспекторы болып қызметке орналасты. Осылайша қаржы саласындағы ұзақ жылдарға созылған еңбек жолы басталды. Алғашқы қызмет жылдарынан бастап өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби біліктілігін жетілдіруге басымдық берген маман әр жылдары аудандық қаржы бөлімінде бюджет жөніндегі экономист, І санатты экономист, бас экономист, бас маман, бюджет бөлімінің жетекшісі секілді жауапты қызметтерді атқарды.
2005-2011 жылдары Қазалы ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде бөлімше жетекшісі, сектор меңгерушісі болып еңбек етті. Ал 2011-2023 жылдары аталған бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау мен бюджет саясатын жүзеге асыруға өз үлесін қосты.
2023 жылдың ақпан айынан бастап Қазалы ауданының экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, биыл зейнет демалысына шықты. Осы жылдар ішінде жинақтаған мол тәжірибесі мен кәсіби білімі, жауапкершілігі мен іскерлігі оның саладағы білікті маман ретінде қалыптасуына негіз болды.
Қаржы саласындағы қызмет үлкен дәлдікті, ұқыптылықты, терең білім мен жауапкершілікті талап етеді. Бұл қасиеттерді бойына сіңірген Қазнагүл Суханқызы ауданның қаржы-экономикалық әлеуетін нығайту, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және өңірдің дамуына бағытталған жұмыстарды үйлестіру жолында еселі еңбек етті.
Көп жылғы жемісті еңбегі мен салаға сіңірген қызметі бағаланып, 2002 жылы облыстық қаржы басқармасының «Үздік маман» атағына ие болды. 2011 жылы «Қаржы, жоспарлау, банк жүйесіне 90 жыл» төсбелгісімен марапатталды. 2014 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Құрмет грамотасын иеленсе, 2018 жылы аудандық деңгейде «Үздік мемлекеттік қызметші» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Алғыс хаты мен «Қаржы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Қызылорда облысының әкімі, Қазалы ауданының әкімі және облыстық қаржы басқармасы тарапынан берілген Алғыс хаттары да оның көп жылғы еңбегіне көрсетілген құрметтің айғағы.
Қызметтегі жауапкершілік пен отбасындағы парасаттылықты қатар ұстанған Қазнагүл Суханқызы – аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже. Еңбек жолы – тұрақтылық пен табандылықтың, кәсіби адалдық пен жауапкершіліктің үлгісіне айналған Қазнагүл Суханқызының еңбегі кейінгі толқынға өнеге.
Осындай аға буынның ізін жалғап, аталған салаға он жыл бұрын қадам басқан жанның бірі – Айым Болатқызы.Әр адамның өмір жолында мамандық таңдауға әсер ететін өзіндік себептері болады. Бірі бала күнгі арманына қанат бітірсе, енді бірі ата-анасының үкілеген үмітін ақтаулды алға мақсат етіп қояды. Ал кейде перзенттің таңдауы ана жүрегіндегі орындалмаған арманмен астасып жатады. Айымның айтуынша есепші болуын анасы армандаған екен. Ана тілегі қызының да көкейіне қона кетеді.
Айым Сағынаева 1992 жылдың 17 сәуірінде Қазалы өңірінде дүниеге келген. Білім жолын №70 мектепте бастап, 6-9-сыныптарды Қарасақал Ерімбет атындағы №96 мектепте жалғастырған. Бала кезінен білімге ұмтылған ол болашақ мамандығын таңдауда да нақты шешім қабылдап, 2008-2011 жылдары Абылай хан атындағы колледжде оқыды. Кейін 2011-2014 жылдары «Болашақ» университетінде экономист мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіби біліктілігін шыңдады.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолын 2015 жылы «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінде есепші қызметінен бастады. Жас маман алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін салада өзін көрсете білді. 2017-2018 жылдары «Алтын Дән» ЖШС-де кассир-бухгалтер болып еңбек етті. 2013 жылы жолдасы Саян Жақсыбекұлымен шаңырақ көтерді. Айым бүгінде Абдурахман атты ұлдың аяулы анасы. 2019 жылы бала күтіміне байланысты еңбек демалысында болған ол 2020 жылдан бастап Жастар ресурстық орталығында есепші қызметін жалғастырып келеді.
– Есепшілік – үлкен жауапкершілікті, мұқияттылықты, дәлдік пен тиянақтылықты қажет ететін мамандық. Әрбір санның артында есеп пен тәртіп, әрбір құжаттың астарында үлкен жауапкершілік жатады. Сондықтан бұл салада табандылық пен өз ісіне деген сүйіспеншілік аса маңызды, – дейді Айым Болатқызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА













