“Жасыл экономика”: жаһанның жаңа бағыты
Күн батареясын қолдану мүмкіндігі, газбен жұмыс істейтін жолаушылар тасымалын ұйымдастырушы көлік, қайта өңдейтін зауыттар, климаттың өзгеруі жағдайында қолданылатын асфальтбетондық технологиялар, қоршаған ортаға зиянсыз эко жеңіл көліктерді пайдалану, кәріз қалдықтарын қайта пайдалану тағысын тағы. Бұл – жасыл экономиканың артықшылығы. Мұны әркім әрқалай түсінеді. Жалпы «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының қабылданғанына биыл 9 жыл толды. Ол Қазақстанның 2050 жылы әлемнің бәсекелестікке қабілетті озық 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді деп жоспарланған. Нәтиже бар ма?Менделеев элементтеріне бай Қазақ-станның әлем елдерінің алдыңғы легінде «жасыл экономикаға» өтуге деген ұмтылысы қуантпай қоймайды. Қадамның да дұрыс бағытқа бұрылуы жыл өткен сайын қуатталуда. Негізгі мәселе елдегі көмірсутегі қорларының аздығы не көптігіне байланысты емес. «Жасыл экономиканың» адамзаттың ендігі жүрер жолына айналатынын осы салада күнделікті ашылып жатқан жаңалықтарға қарап аңғаруға да болады.
Жасыл экономика – адам өмірінің ұдайы өндірісіне қажетті табиғи негізді бұзбайтын, биосфераның шаруашылық сыйымдылығы шеңберінде дамитын экономика. Сондай-ақ, халықтың жоғары тұрмыс деңгейі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен сипатталады. Бұл экономикалық модель 21 ғасырдағы елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі ретінде танылуда. Оңтүстік Корея «жасыл өсімді» ұлттық стратегия ретінде қабылдаған алғашқы ел. Бұл стратегия шеңберінде негізінен үш элементке баса назар аударылады. Олар өнеркәсіп, энергетика және инвестиция. Энергетикалық және басқа да ресурстарды минималды пайдалана отырып, өндірістік экономикалық қызмет ауқымын сақтау, қоршаған ортаға қысым жасауды минимумға жеткізу, инвестицияны табиғатты қорғау және экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналдыру мақсаты қарастырылған. Тайвань күн батареяларын белсенді пайдаланып отыр. Жапония «Төмен көміртекті қоғам бағдарламасын» қабылдап, көміртектің шығарылымының төменгі деңгейін белгілеген. Ал Қазақстанда «жасыл экономика» бағдарламасы бойынша жоспарлар жолға қойылған. Мәселен, 2020-2030 жылдары қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым негізінде суды үнемдеп пайдалану, қалпына келетін энергетиканы дамытуды ынталандыру мен кеңінен енгізуді қолдау, энергетикалық тиімділіктің жоғары стандарттары негізінде құрылыс жүргізуге бағытталған ұлттық экономиканы бетбұрыстандыру. Сондай-ақ, 2030-2050 жылдары ұлттық экономиканы «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» қағидасына көшіруді қарастырған. Ол табиғи ресурстарды олардың жаңартылу мен тұрақтылық негізінде қолданылуын пайымдайды. Тұжырымдама бойынша «жасыл экономикаға» көшу шаралары су ресурстарын тұрақты пайдалану, тұрақты және жоғары өнімді ауыл шаруашылығын дамыту, энергияны үнемдеу мен энергетикалық тиімділікті арттыру, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаны ластауды азайту, экожүйелерді тиімді басқару бойынша жүзеге асырылады. Ескере кетерлігі, жасыл экономика өркендеуші елдердің дамуына және бай елдердегі кедейлердің қысқаруына ықпал етеді.
Осыдан бірнеше уақыт бұрын Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Кейін оның 145 тармағының 33-і алынып тасталып, 85-і бақылаудан алынды. Zanmedia.kz мәліметі бойынша, су ресурстарын тұрақты пайдалануда 2020 жылы 304 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 113 млрд теңге бөлінді. 4 425 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланды. 2020 жылдың қорытындысы бо¬йынша халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі қалаларда 97,5 пайызды, ауылдарда 90,1 пайызды құрады. Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2012 жылғы деңгейден 4,83 еседен астам ұлғайды. Электр энергетикасында жиынтық қуаты 1634,7 МВт (ЖЭС – 486,3 МВт; КЭС – 911,6 МВт; СЭС – 229,04 МВт; БиоЭС – 7,82 МВт) ЖЭК-нің жұмыс істеп тұрған 115 нысан болды. ЖЭК 115 нысанының электр энергиясын болжамды өндіруі шамамен 3,2 млрд кВтс немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 3 пайызын құрады. Қалдықтармен жұмыс жасау саласында: қайта өңделген және кәдеге жаратылған өндіріс қалдықтарының үлесі 36 пайыз, ТҚҚ – 18 пайыз, қалдықтарды жинау және шығару бо-йынша қызметтермен ел халқының 81 пайызы қамтамасыз етілді. Республика бойынша 2 661 астам полигонның 18,8 пайызы экологиялық талаптарға сәйкес келді. Полигондардың 81,2 пайызы заңдастырылмаған. Сондықтан 2021 жылы 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қабылданған.
Бұл 25 қазанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында таныстырылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген бұл жоба «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты төрт негізгі бағыт пен 11 тапсырмадан тұратыны айтылды. Жалпы, бұл ұлттық жобаның 2025 жылға дейін ел экономикасының өсуіне қосар үлесі жыл сайын 0,05-0,22 пайыздық тармақты құрады.
Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу конвенциясында көрсетілгендей, елде баламалы энергияның үлесі 2030 жылға қарай 3 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі қажет. Халықаралық сараптама бойынша жасыл жобаларға салынған инвестицияның 2/3-і өзін-өзі ақтаса, 1/3-і бес жыл көлемінде шығынсыз деңгейге қол жеткізеді. Одан бөлек, инвестицияның тиімділігі 50 пайызды құрап, оның өзін-өзі ақтау мерзімі екі-үш жылдан аспайды. Сондықтан «жасыл экономикаға» салынған инвестиция активтердің жылдам өсіп келе жатқан санатына кіреді. «Жасыл экономиканы» дамыту арқылы ауаны зиянды қалдықтардан тазартуға, табиғи қорларды үнемдеп тұтынуға, энергия тиімділігін арттыруға қол жеткізе аламыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша, әлемдегі халық саны 2030 жылға қарай 8,2 миллиардқа жетуі мүмкін. Осы аралықта халықтың жыл сайынғы өсімі дамушы елдерде 1,1 пайызды, дамыған елдерде 0,4 пайызды құрайды. Адамзаттың энергияға деген қажеттілігі негізінен энергия ресурстарының үш түрі, яғни органикалық отын, су және атом ядросы есебінен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда энергияның ең басты көзі – органикалық отындар. Себебі, осындай отын ресурстарын жағу есебінен энергияның 90 пайызы өндіріледі. Жалпы, әлемде энергия теңгерімінің мұнай – 40,1, көмір – 27,8, табиғи газ 22,9 пайызын құраса, дамыған елдерде мұнай мен мұнай өнімдері негізінен көлікке отын ретінде пайдаланылады. АҚШ-та мұнай елдің жалпы энергия теңгерімінде 44 пайызды, ал, электр энергиясын алуда 3 пайызды ғана құрайды.
Әлем жедел дамыған мына заманда менеджменттік трансформациямен ғана үздіксіз шұғылдана беруге болмайды. Қор қызметіндегі түбегейлі жолға қойылған қалыпты жай үдеріске айналуы тиіс. Ал қордың стратегиясы әлем экономикасында жүріп жатқан өзгерістерге қарай бағытталуы керек. Табиғатты аялау, оның ресурстарын ұтымды пайдалану – бүгінгі буынның келер ұрпақ алдындағы борышы. Таза ауа, мөлдір су және жап-жасыл мекен – баршаға ортақ мақсат болса игі.
Айнұр ӘЛИ












